Бір елдің намысын қорғап, бір жаттықтырушының тәлімін алған қазақстандық боксшы қыздар Ангелина Лукас пен Назым Қызайбай арасындағы даулы оқиға басылар емес. Екі боксшы арасындағы жанжал наурыз айында басталған. Одан бері алты ай өтті. Жағдай ушықпаса, жақсарған жоқ.
Бокс федерациясындағылар биыл Қазақстан чемпионатында Лукастың тәжірибелі боксшы Қызайбайдан жеңілгенін, осыдан кейін спортшының қитұрқы әрекеттерге барғанын айтады. Тіпті, Ангелинаның жеке бапкері Назым Қызайбайдың бөлмесінің алдына дуаланған тұз сеуіп кеткен видеосын жариялады. Бірақ одан кейін жағдай сәл де болса саябырсығандай болған. Қыркүйек айының басында боксшы қыздардың Алматыдағы оқу-жаттығу жиынына Бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков пен мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев барды. Федерация өкілдері ұлттық құрама бапкерлері мен құрамадағы 22 қыздың жазған арыздарын және видеоны қарап, Ангелинаны құрамадан шеттету туралы шешім қабылдады. Осы жайттан соң бокстан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Ангелина Лукас «басшылық мені еш негізсіз құрамадан шығарып жіберді» деп, Елбасы мен Президенттен араша сұрап, ашық хат жазды. Тіпті, әлеуметтік желісіндегі парақшасында да осы даулы мәселеге қатысты бірнеше жазба жариялады. – Бұл іске қатысты ешқандай тергеу жүргізілген жоқ. Барлығы біржақты шешілді. Мен дәлелдердің бар-жоғын білгім келгенімен, олар жауап берген жоқ. Федерация басшылығы бір ғана видеоға байланысты мені құрамадан шеттетті. Назым Қызайбай Ақбұлақтағы оқу-жаттығу жиынында біз тұрақтаған қонақүйдің ІТ маманымен келіскен. Сөйтіп, оның компьютеріне отырып, осы видеоны өзі монтаждап алды. Видеода менің жаттықтырушым дәлізде тұз сепкені ғана бар. Ал мен сол кезде оның бөлмесінің жанында жүрдім. Жағдай жүйкеге қатты әсер етеді, оны Қызайбай бірнеше күннен бері қолдан ұйымдастырып келді. Негізінде, о баста жаттықтырушым есіктің алдында жатқан тұзды көрген, сосын оны Назымның есігіне апарып тастамақ болды. Видеода мен жаттықтырушыма оның арандатушылығына мән бермеуді сұрап жүрдім, – деп ақталды Лукас Instagram парақшасында. Ал Назым Қызайбай өзінің таза екенін, еш ақталғысы келмейтінін айтты. Ол Лукас өзінің қатесін біледі, сондықтан осындай қадамдарға барып жүр деп санайды. Бұл іске қатысты түсініктеме берген бокстан ҚР құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев Ангелина Лукастың рұқсаты болмаса да, бірнеше рет жарнамаға түскенін, спорттық этиканы сақтамай, басшыларға «Президентке дейін шығамын» деп сес көрсетті. Артаев осының бәрін қорытындылай келе осындай шешімге барғанын да тілге тиек етті. Мәдениет және спорт министрлігі бокстан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Ангелина Лукастың әлем чемпионаты алдында спорттық шаралардан шеттетілгеніне қатысты түсініктеме берді. Министрліктегілер, сондай-ақ Ангелинаның ісін жеке бақылауға алғанын хабарлады. «Бокс федерациясы Қазақстан әйелдер боксының бас жаттықтырушысы Ерік Алғабектің Қазақстан спортшыларының этикасына сілтеме жасаған есебіне сүйене отырып, Ангелина Лукасты белгісіз мерзімге дисквалификациялады. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті спорт түрі бойынша аккредиттелген спорт федерациясының ұсынысы бойынша жүргізді. Мұндай ұсыныс комитетке келмеді, соған байланысты Ангелина Лукас ұлттық құрамадан шығарылған жоқ», – деп хабарлады министрлік. Аталған даулы жағдайды Қазақстан спортшылар одағы да жіті назарда ұстамақ. Одақтағылар Ангелина Лукас пен Қазақстан бокс федерациясы арасындағы кикілжіңге қатысты пікір білдірді. – Қазақстан спортшылар одағы ұлттық құрама боксшысы Ангелина Лукас пен Қазақстан бокс федерациясы арасындағы қазіргі жағдайды біледі. Кәсіподақ федерация басшылығымен және спортшымен байланысқа шықты. Өздеріңіз білесіздер, Мәдениет және спорт министрлігі жанынан бұл мәселені жеке қарау үшін жұмыс тобы құрылды. Біз оның шешімін күтеміз. Өз тарапымыздан Ангелинаның құқығы бұзылған жағдайда оған толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Біз екі тарапты да өзара құрметпен бейбіт бірлескен шешімге келуге шақырамыз, – деп қорытындылады кәсіподақ. Рингтегі қарсыласын өмірдегі бақталасына айналдырып алған Ангелина Лукастың Назым Қызайбайдан бөлек оны жақтап отырған Қазақстан бокс федерациясына өкпесі қара қазандай. Боксшы қыз бұл істі соңына дейін жеткізетінін бірнеше рет айтты. Бізге белгілісі, жақында Мәдениет және спорт министрлігі бұл даулы мәселеге қатысты арнайы жұмыс тобын құрды. Енді Ангелина Лукастың арызы қайта қарастырылады. Сол кезде істің ақ-қарасы айқындалып, жазықты тарап та белгілі болмақ.Абылайхан ЖҰМАШ