Алматы облысындағы суицид: Ауыл халқы өзіне қол жұмсаған мектеп директорының өліміне кім кінәлі екенін айтты
Алматы облысындағы суицид: Ауыл халқы өзіне қол жұмсаған мектеп директорының өліміне кім кінәлі екенін айтты
© azattyq-ruhy.kz
Алматы облысында ауыл халқы мектеп директорының суицидке баруына оның әріптесін кінәлап отыр. Ұйғыр ауданында болған білім саласындағы жанжал әлі өршіп тұр. 46 жастағы мектеп директоры өзін өзі өлтіргеннен кейін ауыл тұрғындары Үлкен Ақсу мектебіндегі директордың орынбасарын жұмыстан босатуды талап етті. Олар директордың өліміне орынбасары кінәлі деп санайды. Қарсылық ретінде ата-аналар балаларын мектепке жіберуден бас тартқан, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұйғыр ауданындағы бірнеше ауыл тұрғындары қаралы хабардан әлі есін жия алатын емес. Мектеп директоры 10 қыркүйек күні кешке өз үйіндегі қорада асылып өлген. Алматы облысы білім басқармасының мәліметінше, марқұм білім саласында ширек ғасырдан астам уақыт еңбек еткен.
«2011 жылдан бастап осы уақытқа дейін Үлкен Ақсу ауылындағы Ғ.Садуақасов атындағы орта мектептің директоры болып жұмыс жасаған. Үйленген, отбасы бар. Оқиғаның себебін біз айта алмаймыз, қылмыстық іс қозғалды», – деп қысқа қайырды басқармадағылар.
Өңірдің білім саласына жауапты тұлғалар оқиғаның себебін жасырғанмен, оны бүкіл ауыл білетін болып шықты. Директор мен оның орынбасарының арасындағы ұзақ жылдық дауды ауыл тұрмақ, аудандағылар да білген. Бірақ бәрі оқиғаның соңы өліммен аяқталады деп ойламаған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл іске аудан әкімінің де қатысы бар. Ақсулықтар осыдан екі жыл бұрын аудан әкімінің сыныптасы Марат Мұхамедовті директордың шаруашылық бөлімі бойынша орынбасары ретінде тағайындамаса, қайғылы оқиға болмас еді деп санайды. Орынбасар қызметіне кіріскен сәттен бастап бастығымен ерегесуді бастаған. Жоғары лауазымға ие болған Мұхамедов мектептегі әрбір техник пен аула сыпырушының жұмысынан кінәрат іздеп, қызметкерлерге тыныштық бермеген. Тіптіп, гүлді суғарушы мен күзетшінің отырғаны да жаңа бастыққа жақпаған.
«Қызметкерлер шаруашылыққа жауапты бастығына шағымдануға келген сайын директор қақтығысты шешуге тырысатын. Мұхамедов тарапынан қызметкерлерге шабуыл мен қудалау шегіне жеткен жоқ. Дараев мұғалімдер кабинетіне Мұхамедовті шақырып ұрысқанда, директордың орынбасары оны елеген де жоқ. Содан кейін ашуланған әйелдер мен жас мұғалімдер полицияға арыз жазды. Алайда Ұйғыр ауданының полиция басқармасы директордың орынбасарын жауапқа тартпаған, өзара татуласуға шақырған», – деді мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Зульфия Рошанова.
Мектептің шаруашылық ісіне жауапты Мұхамедов мұғалімдер мен тазалыққа жауапты қыз-келіншектерге қырындап, сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған. Мұғалімдер оның мектеп қабырғасында жасаған әдепсіз әрекеттері туралы әлеуметтік желіге және Алматы облысының білім басқармасына да жазған екен. Тексеріс нәтижесінде ұстаздар мен техникалық қызметкерлерді қудалау фактілері расталып, Марат Мұхамедов қызметінен босатылады. Бірақ орынбасар жұмыстан бас тартқысы келмей, Ұйғыр аудандық сотына талап арыз берген. Бір қызығы, сот директордың бұйрығын заңсыз деп тапқан. Өйткені, мұндай еңбек дауларын шешкен кезде тек білім беру қызметін атқаратын адамдарға қатысты жұмысты тоқтатуға рұқсат етіледі екен. 9 маусым күні соттың шешімімен М.Мұхамедов бұрынғы қызметіне қайта қабылданады. Сонымен қатар ол мәжбүрлі түрде жұмысқа келмеуіне байланысты 381 мың теңге өндіртіп алған.
«Мектептегі оншақты әйел арыз жазған. Оларға Мұхамедов сексуалдық әрекеттер жасаған. Оның бойында адамгершілік құндылықтары жоқ. Алайда шағымданушылардың денесінен жарақат немесе жыныстық қатынас әрекеті болмаған соң, іс дәлелденбеді. 10 маусым мен 26 тамыз аралығында Мұхамедов еңбекке жарамсыз парағын аштырып, жұмыста болмады. Сол аралықта ол барлық құзіретті мекемелерге директордың үстінен арызды бұрқыратып жаза берді. «Жеп қойды» деген. Бірақ ол дәлелін тапқан жоқ. Сонда да арыз жазуын тоқтатпады», – дейді Ұйғыр аудандық білім бөлімінің басшысы Адылжан Аширов.
Мектеп ұжымында жүзден астам адам жұмыс істейді. Мектепте 684 оқушы бар. Екеуінің арасындағы жағдай 2020 жылдың желтоқсан айында басталған.
«Ұжымда моральдық-психологиялық ахуал ауыр. Мұғалімдер екі топқа бөлініп, балаларға білім берудің орнына, бір-біріне қарсы айыптаушы дәлелдерді іздей бастаған. Ал оны реттеу мүмкін болмай қалған кезде, бірнеше мұғалім Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахуновпен кездесуге барды. Кеше ғана мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы адамды тағайындадым, бүгін де сол жаққа барам. Сабақ кесте бойынша уақытылы өтіп жатыр. Адам өлген соң Мұхамедовпен ауылдың жігіттері де, ауыл ақсақалдары да сөйлесті. Жасы 51-де, сөйлескенде келіседі де, кейін айнып қалады, тыңдамайды», – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Жаңа оқу жылы басталғанда, қызметкерлер бір-бірімен әлі де дауласып жүрген. Сосын аудандық әкімдікте өткен жиыннан соң екеуі де жұмыстан кету туралы арыз жазбақ болады. Куәгерлердің сөзінше, 6-10 қыркүйек күні директор қызметінде жүрген. Мектепте болатын әдеттегі жанжалды ешкім байқамаған. Директор сөзінде тұрып, мектептегі адам төзгісіз моральдық-психологиялық ахуалды тоқтату үшін жұмыстан кету туралы арыз жазады. Марқұм Азизжан Дараевтың жалғыз қалауы – аудан әкімі ұжымға жағдайды жеке өзі түсіндіріп, мұғалімдердің әрі қарай тыныш жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Ал оның орынбасары қызметтен өз еркімен кету туралы ойынан айнып қалады. Кеше Үлкен Ақсу ауылындағы 50-ге жуық отбасы аудан әкіміне талап қойды. Жанжалдан шаршамаған Марат Мұхаметовты қызметінен босатпайынша, олар балаларын мектепке жібермейтінін мәлімдеді. Ұйғыр аудандық білім бөлімі наразылық білдірушілердің тілегін қанағаттандырды. Тергеу аяқталғанша директордың орынбасары жұмыстан уақытша шеттетілді. Ал 46 жасқа қараған шағында өмірі қиылған жоғары санатты мұғалімнің артында үш баласы қалды. Олардың екеуі кәмелеттік жасқа толмаған. Аудандық полиция басқармасы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.