Есімі – Данат Дүйсенбеков, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. 18 жастағы бозбала әлемнің ең мықты деп танылған шетелдік жоғары оқу орындарының бесеуінен шақырту алды. Атап айтсақ, Ұлыбританиядағы Кембридж университеті, АҚШ-тағы Мичиган университеті, Джорджиядағы технологиялық институты (АҚШ), Санта-Барбарадағы Калифорния университеті (АҚШ) және Сан-Диегодағы (АҚШ) Калифорния университеті.
Данат негізі Ақтөбенің тумасы екен. Отбасымен елордаға көшіп келгенде, ол бар-жоғы 12 жаста еді. Сол кезде Данат «Білім-Инновация» мектеп-интернатына түскен. Кейін, соңғы жылын халықаралық Spectrum мектебінде оқыған.Данаттың айтуынша, ол үйдің үлкені екен. Өзінен кейін екі інісі бар. Әзірге оның қалауы – Кембридж университеті. «Бұл оқу орны өзінің академиялық жағымен мықты танылған. Сондықтан математикамен ғылыми түрде айналысқым келеді. Сөйтіп, ғылымға өз үлесімді қоссам» деді Данат Дүйсенбеков.– Мектепте оқып жүргенімде есеп шығарған ұнайтын. Сондықтан ең сүйікті пәнім математика болатын. Ал қалай жоғары сыныпқа өттім, есеп-қисапқа деген қызығушылығым арта түсті. Содан Нұр-Сұлтанға көшіп келгенде түрлі олимпиадаларға қатыса бастадым. Сөйтіп, 4 жыл қатарынан Республикалық олимпиадаға қатысып, үш рет алтын, бір рет күміс медалін иелендім. Тіпті, халықаралық олимпиадаларға бардым. Ішіндегі ең беделдісі – Халықаралық математикалық олимпиада. 60 жылдық тарихы бар олимпиадаға жүзден астам ел қатысады. Еліміздің атынан қатысқан ұлттық құрама команданың қатарында болып, үш жыл қатарынан қатыстым. Жүлделі орындарды иелендім, – дейді ол.
– Қандай таңдау жасасам да, ата-анам мені қолдайды. Сол үшін ең алдымен, әке-шешемнің үмітін ақтауым керек. Алайда өзімнің туған елім Қазақстаннан алысқа кетпей, оқысам деймін. Бірақ әлі жаспын, тәжірибе жинап, көп оқып-тоқуым керек. Сонда ғана елімнің, жерімнің игілігіне жұмыс істей аламын, – дейді жас түлек.