Елде қымбатшылық жалғасады

Елде қымбатшылық жалғасады

Әлемдік өндірушілер шикізат пен дайын өнімнің тапшы­лығына тап келіп, бағаның өсуі әлі де болса тоқтамай тұр. Сол себепті әлемдік на­рық­­­тағы тұрақсыздық Қа­зақ­стан­дағы инфляция динамикасына әлі де болса теріс әсер етуде. Бұл туралы Үкімет оты­ры­сында Ұлттық банк төра­ғасы Ерболат Досаев айтты.

«Контейнерді жөнелту құны 2019 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда 3-4 есе өсті, бұл ба­ғаның алдағы уақытта да көте­рілетінін білдіреді. Осыған орай өндірушілердің бағасы АҚШ-та 7,7%, Еуроодақта 12,2%, Қытайда 9% болып ең жоғары мәнге жетті. Ал елімізде тасымалдау жұмыста­рында туындаған қиындықтар мен шикізаттың қымбаттауына байланысты отандық өндірушілер тауар­ларының жылдық бағасы 14,2%-ға көтерілді. Сәуір-тамыз аралығында жылдық инфляция 7,0%-дан 8,7%-ға дейін өсті. Осылайша, бағаның ай сайынғы өсу деңгейі 2008 жылдан бері алғаш рет ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр», – деді Ұлттық банк төрағасы. Одан бөлек, жанар-жағармайдың қымбаттауы әлі де жалғасуда. Бұл киім-кешек және аяқкиім ба­ғасының өсуіне әкеп соғуы ық­тимал.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ