Өңделген өнім экспортына көңіл бөлінеді
Өңделген өнім экспортына көңіл бөлінеді
176
оқылды

Бүгін Президент Қ– Қазақстан экономикалық жүйе ретінде тек ішкі инвестиция­ға, ішкі сұраныс пен шикізат экспортына ғана сүйене алмайды. Еліміз сапалы шетелдік инвести­ция тарту үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау саясатын жалғастыра береді. Біз өңірдегі және ТМД-дағы көшбасшылық орнымызды сақтауға мүдделіміз, – деді Мем­лекет басшысы. Президент жиынға қатысу­шылардың назарын өңделген өнімнің экспортын дамыту қажет екеніне аударды. Бұл шикізаттың құбылмалы бағасынан сақтанудың кепілі және ұлттық экономиканың сапалы әрі сұранысқа ие тауар өн­діру, сондай-ақ қызмет көрсету қабілетінің көрсеткіші са­налады. Мемлекет басшысы өз сөзінде әлемдік сауданың құлдырауы Қа­зақ­станды да айналып өтпегенін атап өтті. Еліміздің былтырғы сырт­­­қы тауар айналымы – 85 миллиард АҚШ доллары. Бұл көр­сеткіш 2019 жылмен салыстыр­ғанда 13 па­йызға төмен. – Қазақстанның шикізаттық емес тауарларының экспорты 2,8 пайызға ғана төмендеп, 15 мил­лиард долларды құрады. Биылғы дағдарыс кезінде біз шетелден 18 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция   тарта алдық.  Былтыр шетелдік компаниялардың қаты­­суымен жалпы құны 1,6 миллиард доллар болатын 41 инвестициялық жоба іске асырылды. 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бү­гінде әлемдік экономиканың қай­та қалпына келуіне орай Қазақ­стан да экономикалық өсім­нің қарқынын үдетеді. Үкіметтің бол­жамы бойын­ша 3,5 пайызға дейін өсім болуы керек, біз одан да жоғары көрсеткіш күтеміз, – деді Пре­зидент. Мемлекет басшысының ай­туынша, Қазақстанның эконо­микалық моделі экспортты эко­номикалық дамудың маңызды факторы ретінде қарастырады. Еліміздің өңдеу өнеркәсібінің қо­сымша экспорттық әлеуеті 10 мил­­лиард долларға, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы экс­порттық әлеуеті де 10 миллиард долларға бағаланады. Шикізаттық емес тауарлар экспортының көле­мін 2025 жылға қарай 41 миллиард долларға дейін арттыру орта мер­зімдегі мақсат саналады. экспорт Президент әлемде кең қол­да­нылатын экспорттық несиелерді субсидиялау тетігінің Қазақстанда әлі де қолға алынбай отырғанын айтты. – Былтыр Қазақстан алғаш рет 100-ге жуық отандық тауар экс­порттаушыны Alibaba халықаралық электронды платформасына шы­ғарды. 4 мыңнан астам қазақ­стандық тауар түрлерін әлемдік нарыққа шығару мүмкін болды. Шекаралар жабық болған кезде экспорттар легін жабылып қалған дәстүрлі бағыттардан жаңа нарық­тарға шығаруға бағыттай алдық, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы әрі экологиялық таза мал ша­руа­шылығы өнімдерінің экспорты басым бағыттардың бірі болуға тиіс деп санайды. Бұдан бөлек, Мем­лекет басшысы былтыр транзиттік теміржол тасымалы 17 пайызға арт­қанын жеткізді. Контейнерлік тасымалдар өсімнің негізгі фак­торы болды. – Былтыр шамамен 900 мың контейнер тасымалданған. Оның 91 пайызға жуығы Қытай – Еуропа – Қытай бағытына тиесілі. Қазақстан Азия мен Еуропа ара­сындағы құрлықтағы тасымалда негізгі рөл атқаратынын сеніммен айтуға болады. Қазақстан – Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жаһандық жобасын іске асыруда маңызды әрі сенімді серіктесі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз, – деді Президент.  Бұдан бөлек, Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Ас­тана халықаралық қаржы орта­лығына Дойче банктің ұсынысын зерттеп, Қазақстанда «жасыл ин­вес­тициялар» нарығын кеңейту бойынша нақты ұсыныс енгізу жүктелді. Медициналық қызмет көрсету экспорты саласында Үкімет жеке медицинаны және медициналық туризмді енгізу ісін дамыту жө­ніндегі General Electric ком­паниясының ұсынысын қарас­тырады. – Қазақстан – өзінің ғылыми әлеуетінің арқасында коро­­­на­вирусқа қарсы QazVac отандық вакцинасын әзірлеп шығарған аз ғана елдердің бірі. Өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорымен кездесу өткіздім. Бұл ДДСҰ  QazVac вакцинасын төтенше жағдайларда пайдалануға кеңес беретін дәрі-дәрмектердің тізіміне енгізуді қа­растырып жатыр. Біз вакцина кө­лемін арттыруға және оны шетелге экспорттауға дайын еке­німізді атап өткім келеді, –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Шетелдік инвесторлар өз сөз­дерінде таңдалған тақырыптың маңызы мен өзектілігін атап өтіп, Қазақстанда шикізаттық емес экспортты дамыту және инвес­­­тициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Президент жиынға қатысу­­шылардың Қазақстандағы салық жүйесін одан әрі реформалау жө­ніндегі ұсыныстарына жауап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қал­­дықсыз жасыл технологияларды енгізу жөніндегі Кеңес мүшелерінің ұсыныстары, өзінің осы салада бер­ген тапсырмаларымен үндесе­тінін айтты.