«Nur Otan» партиясы жанындағы республикалық Ұлт денсаулығы жөніндегі кеңес отырысы өтті. Онда денсаулық сақтау саласындағы Жол карталардың орындалуы мен республикалық кеңестің шешімдері бойынша өңірлік кеңестердің қызметі туралы есеп тыңдалды.
Кеңес жұмысына «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Әбілов, Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ж.Мұханбетқалиқызы және Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Жұмыров қатысты. Жиында аймақтық Ұлт денсаулығы мәселелері жөнінде кеңес төрағасы А.Өрісбаев «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облысы бойынша «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы және денсаулық саласындағы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Сонымен қатар көптен бері шешімін күттірген Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылындағы көпсалалы 150 орындық аудандық аурухана құрылысына республикалық бюджеттен қаражат бөлу жөнінде ұсынысын білдірді. Қазір аталған аурухананың құжаттары дайын. Мұнайлы ауданында орталық аудандық аурухана құрылысының жобасы әзірленді және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықты. Жобаның жалпы құны – 13 083 169,9 мың теңге. 2021 жылғы 21 мамырда нысан құрылысына конкурстық рәсімдер жарияланып, бүгінде мердігер мекеме анықталды. ⠀ Айта кетейік, бүгінде Мұнайлы ауданында 170 мыңнан астам халық бар. Тұрғындар аудандық аурухананың жоқтығынан Ақтау қаласына келіп емделуге мәжбүр. Халық саны шамадан тыс көп болуы салдарынан облыстық ауруханаларға күш түсуде. Сол себепті аудандық аурухананы тез арада қолданысқа беру кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.Әбілмансұр ЖАСАН