Экологиялық мәселелер бақылауда
Экологиялық  мәселелер бақылауда
447
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елі­міздегі экологиялық мәселелер басты назарда болуы тиіс екенін айтты. Расымен, қазір экология көп­теген табиғи компоненттен тұра­тынын білеміз. Соңғы жыл­дары экологиялық саясат бірнеше реформадан өтті. Жаңа «Эколо­гиялық кодекс» қабылданғаннан кейін тың инструменттер мен ме­ханизмдер арқасында қоршаған ор­таның жағдайын жақсартуға мүм­кіндік тумақ.

Жолдау аясында Мемлекет бас­шы­сы Қазақстандағы ауасы ластанған 10 қа­ланы орта мерзімде, тез арада газға кө­шіру жайын ерекше атап өтті. Егер Эко­логия министрлігінің мәліметіне қа­райтын болсақ, жылына 2,5 миллион тон­надан астам зиянды заттар қор­ша­ған ортаға шашылып жатыр. Соңғы мо­­­ниторинг бойынша, әсіресе өн­діріс­тік қалалардың ауасы ластанған. Оның ішінде Нұр-Сұлтан мен Алматы, Қара­ғанды, Теміртау қалалары барын айту ке­рек. Бұл аймақтарды газға көшіріп, бас­қа да балама жолдарды қарастырған жөн. Аталған мәселе аз да болса ше­ші­мін тауып жатқанын көріп отырмыз. Елор­даға «Сарыарқа» магистральді газ құ­быры тартылды. Жылу электр стан­сасы да, жеке сектор да газға ауыспақ. Те­міртаудағы «АрселорМиттал» ком­па­­ниясы да меморандум негізінде зауыт­­тан шығатын қалдық көлемін азайт­пақ ниетте. Сондай-ақ Алматы тұр­ғындарын алаңдатқан бір мәселе бар. Ол – қаланың жылу электр стан­са­сын газға көшіріп, модернизациясын жа­сау. Бұл жөнінде де Мемлекет бас­шысы тарапынан тапсырмалар болды. 2-жылу электр стансасының аумағында булы газ қондырғысын салу мен 3-жылу электр стансасын жаңғырту қа­жет. Енді қаланың негізгі электр жә­не жылумен қамтамасыз етіп отырған құрылғыларын толығымен ауыстырып, жаңғырту жағы ескеріледі. Барлығы Алматы қаласының экологиясын жақ­сартуға оң әсерін тигізбек. Елімізде бірнеше жылдан көмір­тек­тік экономикаға көшу жөнінде арнайы стратегия жасалып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы БҰҰ аясында өткен климаттық саммитте Қазақстан 2060 жылы көміртектен арылу бойынша міндеттемені толық орын­дап бітетінін атады. Яғни, бала­малы энергияны дамыту, ірі өндірістік кәсіпорындарды модернизациялау, қолжетімді жаңа технологиялар енгізу қажет. Қазірде Экология министрлігі тара­пынан «Жасыл Қазақстан» мен су ре­сурстарын тиімді басқаруға қатысты ұлттық жобалар әзірленіп жатыр. Бұл жобалардың ерекшелігі – 2025 жылға дейінгі кешенді іс-шаралар ескерілген. Су тапшылығы келешек әлем елдерімен қатар, Қазақстанда да болатын мәсе­ленің бірі. Себебі сарапшылар мәлім­де­месінде 2040 жылға қарай су жетіс­пеу­шілігі мәселесі шығуы мүмкін екені айтылған. Биыл болған қуаңшылық – соның бір куәсі. Бұл мәселені қалай ше­шеміз? Біріншіден, су ресурс­тары­ның ластануын қатаң бақылау керек. Екін­шіден, суды пайдаланғанда цифрлан­дыру секілді технологияларды ес­керіп, тиімді жұмсауымыз тиіс. Бұдан бөлек, елімізде су қоймалары мен арнайы гидротехникалық құрылғылар бар. Осылардың жұмысын үнемі бақы­лауда ұстау маңызды. «Nur Otan» партиясының сай­лауал­ды бағдарламасында экологияға қа­тыс­ты көптеген іс-шара бекітілген. Оның ішін­де өзен-көлдердің тазаруын қам­тама­сыз ету, Жайық өзені мәселесін ше­шу, баламалы энергия көлемін 2 есе­ге арттыру бойынша арнайы тап­сырмалар бар. Жол картасы да дайын­далды. Партия жанынан «Экологиялық кеңес» құрылды. Кеңестің негізгі мақ­саты – су ресурстарын тиімді пайда­ла­нып, ормандарды ұлғайтып, шөлейттер проблемасын шешу, қоршаған ортаға қатысты өзекті мәселелерді қарастыру. Соң­ғы өткен жиында Ойыл өзені бойын­да заңсыз тұрған бөгеттер мә­се­лесі талқыға түсті. Жергілікті билікпен бірлесіп, бөгеттерді жойып, өзеннің ағы­сын жақсарту көзделді. Кеңес атал­ған барлық істердің атқарылуын бақы­лай­ды. Осы кезге дейін кеңес құрамы ел ау­ма­ғында 53 жиын өткізді. Онда 211 ұсыныс айтылды. Соның 65 пайызы орын­далып, қалғаны атқарылып жа­тыр. Қосымша айтып кететін мәселе бар. Экологиялық реестрді құрдық. Ол реестрге 190-нан астам аймақтық және ұлт­тық деңгейдегі экологиялық проб­лема енді. Бүкіл облыста 17 экология­лық мобильді патрулдер жасақталды. Олар арнайы рейд жүргізіп, заңды бұз­ғандарды анықтайды. Қазірдің өзінде 48 рейд жүріп, 26 заңбұзушылық фак­тісі шықты. Жылдың соңына дейін 92 отырыс өткізіледі. Тематикалық мәселелерге келсек, қалдықтарды тиімді басқару, қоғамдық экологиялық бақылау, жасыл желектерді күту және қорғау, су ресурстары, тарихи ластану жайттарын атаймыз. Аймақтық немесе ұлттық мәселе болсын, экологияға тікелей қатысы болса, бәрі талқыланады. Осы проблемалардың барлығы әрдайым партияның бақылауында болмақ