Қарағанды қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің ескерткіші қайта жаңартылды. 1958 жылы қойылған ескерткіш авторлары – Анатолий Билык пен Юрий Гуммель. Монументтің биіктігі – 9 метр. Ескі шойын мүсінді «КазАрт Қазақстан көркемөнер комбинаты» ЖШС қоладан қайта қойды. «Жеміне шүйліккен сұңқарша сұсты» сомдалған ескерткіштің салмағы 2 тоннаға жуық.
Отан үшін жанын пида еткен батыр мүсіні Қазақстанның тарихи ескерткіштер қатарына енді. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қарағанды Суретшілер одағының, тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының қызметкерлері, қала әкімінің орынбасары Хәлел Әкімжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова және тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен батырдың жиені Әбубәкір Әбдіров қатысты. – Әулетіміз үшін аталған іс-шара өте маңызды. Батыр баба ескерткіші ел жадында мәңгі сақталарына сенеміз. Осы ескерткіштің қалпына келтіру жұмысы басталғалы комиссия мүшелері маған жиі хабарласты. Эскиздерді көрсетіп, жұмыс барысын баяндап отырды. «Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін» танитын батыр ескерткіші керемет болып шыққан, – деді отставкадағы полковник Әбубәкір Әбдіров. Бұған дейін батыр тізгіндеген ұшақтың штурвалының бір бөлігі құлап, Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының қызметкерлері мамандар мен мүсіншілерге жүгінді. Мамандар өз кезегінде ескерткішке тексеру жүргізді. Олар ескерткіштің шойыннан жасалғанын анықтап, тігісіндегі жарықтарды қалпына келтіру мүмкін емес деген қорытынды жасады. Осылайша, батыр мүсіні қайта түлейтін болып шешілді. Иә, ескерткіш бәз баяғы бейнесін сақтаған. Алайда жаңа тыныс берер тұсы да жоқ емес. Ол – материал тазалығы, бейненің айқындығы һәм шынайы сомдалуында. – Өзім осы Қарағанды қаласында дүниеге келдім. Ескерткіштің қала мен облыс үшін құндылығы бар екенінен де хабардармын. Сондықтан біз жұмысқа ерекше ықыласпен қарадық, – деді «КазАрт» қазақстандық көркемөнер комбинаты ЖШС-нің бас директоры Сапар Шаймерденов.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы