Былтыр төтенше жағдай кезінде дәріханаларда дәрі жетіспей, ал ауруханаларда дәрігерлерге қорғаныш костюмдері уақытылы жеткізілмей, екі мыңнан астам ақ халатты коронавирус жұқтырды. Олқылықтың соңы ауыр індетті жұқтырумен ғана аяқталған жоқ. Өкінішке қарай, сол кезде отандық медицина бірқатар білікті мамандарынан айырылды. Ендеше ауыр індетпен күресте қызметін асыра пайдаланғаны және дәрігерлердің жаппай ковид жұқтыруына жол бергені үшін айыпталған «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріпті сот не үшін бостандыққа шығарды?
Қоғамда үлкен шу тудырған сот ісінің басты айыпталушысы Берік Шәріпов 2004 жылы Қазақ мемлекеттік медициналық академиясының емдеу ісі, дәрігер-хирург мамандығы бойынша білім ала жүріп, елордадағы екі бірдей жерде дәрігер болып істеген. Сондай-ақ осы жылдары Нұр-Сұлтан қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының Денсаулық сақтау департаменттерінде түрлі қызметтер атқарады. Ал 2009 жылы Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетінде «Экономика саласындағы құқықтық реттеу» мамандығымен бірге, Қазақстан Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының сарапшысы, бас сарапшысы, сондай-ақ бас заңгер, бас менеджер мен бөлім бастығы, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарушы директоры секілді жауапты қызметті қатар алып жүрген. 2012 жылы Халықаралық бизнес академиясында іскерлік әкімшілік магистрлігінде оқи жүріп, 2017 жылға дейін «Қазақстан Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы» РМК стратегиялық даму жөніндегі бас дәрігердің орынбасары міндетіне жауапты болады. 2017 жылдың тамыз айынан бастап 2018 жылдың мамырына дейін Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары, кейін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басқарма төрағасының орынбасары, былтыр сәуір айынан тамыз айына дейін «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы лауазымын атқарды.Президенттің көңілі толмады
Өзі дәрігер, өзі заңгер мамандығы бойынша бірнеше жоғары оқу орнында білім ала жүріп, бірқатар жауапты қызметті атқарған басшының басындағы дау былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «СҚ-Фармация» төңірегіндегі кландық мүдделер туралы сынынан кейін үдей түскен еді. Сол кезде «СҚ-Фармация» туралы соңғы 15 жыл бойы естіп келемін. Онда барлығы жұмыс істегісі келеді, осы ұйымның айналасындағы кландық мүдделер туралы әңгімелер де желдей есіп тұр. Ендігі жерде не істемек ойыңыз бар?» деген Президент Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға сұрақты төтесінен қойған. Денсаулық сақтау министрі бұл ұйымның негізгі міндеті – мемлекеттік сегментке медициналық препараттарды жеткізу екенін айтып: «Ауруханалар мен емханаларға орталықтандырылған жеткізу бойынша жұмыс істейді. Бұл жеткізілімдер цифрландырылған, барлық келісімшарттар электронды форматта жасалады. Барлығы үнемделген. Яғни, тікелей зауыттардан сатып алынады. Отандық тауар өндірушілерді қолдау бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Осының арқасында фарм-өнеркәсіп 22 пайызға негізгі өсім берді», – деді. Алайда министрдің жауабына қанағаттанбаған Мемлекет басшысы Премьер-Министрге бұл мәселемен егжей-тегжейлі айналысуды тапсырды. Сондай-ақ жағдайдың өршуіне жол берген барлық адамды қызметтен босатып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасына ұйымдағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тексеріс жүргізу керегін айтқан.Қызметінен босатылып, изоляторға қамалды
Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін бірнеше сағаттан соң-ақ Берік Шәріпов қызметінен босатылды. Ауру өршіп, ет жақындарынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан көпшілік әлеуметтік желі арқылы жанайқайларын жеткізіп, лауазымды тұлғаның жауапқа тартылу керегін талап етті. Ел басына жауапты күн туғанда жауапсыздыққа жол берген «СҚ-Фармация» басшысын қызметтен алып қана қоймай, заң алдында жауапқа тарту керегін айтқан. Өйткені сол уақытта емханалар мен ауруханаларда медициналық препарат жетіспей, 2 мың дәрігер СOVID-19 жұқтырып, жағдай ушыға түскен. Қорғаныш киімдерінің тапшылығы салдарынан ауру жұқтырған ақ халаттылар арасында ауыр дерттен көз жұмған дәрігерлер де аз болмады. Әлеуметтік желінің әсері қоғамда үлкен шу тудырған соң ба, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері Берік Шәріпті Нұр-Сұлтандағы Уақытша ұстау изоляторына қамады. Артынша Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Берік Шәріпке қатысты күзетпен ұстау түріндегі таңдалған бұлтартпау шарасы екі ай мерзімге санкцияланғанын мәлім етті. Ол ҚР ҚК-ның 361-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы «Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» және 287-бабы 2-бөлігі «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша айыпталған-ды. Егер айыпталушының кінәсі толық дәлелденсе, лауазымын асыра пайдаланғаны үшін жеті жылға, ал қаруды заңсыз сақтағаны үшін бір жылға жаза арқалауы тиіс-тұғын.Экс-басшы кінәсін мойындады
Биыл әріптестерінің жаппай ковид жұқтырып, төсекке таңылуына жол берген «СҚ-Фармация» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Берік Шәріповтің қорғаушысы дәрігерлердің арасында коронавирустың өршуіне қорғаныш киімдерінің тапшылығы емес, ақ халаттылардың карантинді өрескел бұзғаны себеп болды деген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, дезинфекциялық заттарды дайындау кезінде үй-жайларда желдетудің болмауы, арнайы киімді сақтау ережелерін бұзу және медициналық қалдықтармен жұмыс тәртібін сақтамау салдарынан олқылықтар болған. Ауруханаларда жүргізілген тексеріс барысында бұл толық дәлелденген көрінеді. Сондықтан айыпталушының адвокаттары бұл айғақтар Берік Шәріпке тағылған айыпты түбегейлі жоққа шығаратынын жеткізді. Сегіз ай қамауда отырған «СҚ-Фармацияның» экс-басшысы соттың алдын ала тыңдалымында қаруды заңсыз сақтағанын сотта растағанымен, қызметтік лауазымын асыра пайдаланғанын жоққа шығарып, сотта өзін босатуын сұрады. Алайда судья Берік Шәріптің өтінішін қанағаттандырған жоқ.Прокурор жаза сұрады, судья сот залынан босатты
Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен айыпталған «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысының ісіне таяуда ғана нүкте қойылды. Прокурор Дастан Купербаев соттан «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы үшін бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанымен, судья оны қамаудан босатып, айыппұл салуға шешім шығарды. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының судьясы Қанат Дүйсембиев Берік Шәріповті 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 2 миллион 778 мың теңге сомасында 1000 АЕК айыппұл төлеуге үкім шығарды. Ал 361-баптың 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасауда кінәсіз деп танылу керегін айтты. Себебі судья айыпталушының іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоғын алға тартқан. «ҚК-нің 62-бабы 3-бөлігі 4-тармағына сәйкес айыппұл түріндегі жаза мерзімі 2020 жылғы 12 тамыздан бастап 2021 жылғы 4 тамызға дейінгі кезеңде айыппұл түріндегі жазаны өтеудің 4 АЕК үшін күзетпен ұстау уақытының бір күні есебімен қамауда ұстау уақыты есептелсін. Берік Шәріпке тағайындалған жаза өтелді деп есептелсін және ол сот отырысында қамаудан босатылсын. Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы жойылсын», – делінген судьяның қаулысында.Айтқаны келмеген министр
Екі айдың ішінде екі мың дәрігердің коронавирус жұқтырғаны үшін айыпты болған Берік Шәріповті сотта бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та қорғап шықты. Оның айтуынша, Берік Шәріпов форс-мажор жағдайында шешім қабылдауға мәжбүр болған. Сондай-ақ экс-министр пандемия кезінде пайда тапқысы келген фармацевтикалық компаниялардың қандай жауапты қадамдарға барғанын жеткізген. Сөзіне сенсек, Қазақстандағы фармацевтикалық нарық аса күрделі және тым қауіпті. Бәсекелестік салдарынан Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» көп зардап шегеді. Өйткені тендерде жеңіліс тапқан бизнесмендер конкурс кезінде заңбұзушылық болды деп шағымданады екен. Елжан Біртанов Берік Шәріптен мемлекеттік сатып алулар процесін ашық әрі заң аясында ұйымдастыруды талап еткенін айтады. «Берік Шәріпұлы – сауатты, кәсіби басқарушы. Ол күрделі кезеңмен бетпе-бет келді. Кейде осы қызметтен кеткісі келетінін, кейін тергеудің астында қалуымыз мүмкін дегенді айтатын. Ал мен мұндай болмайды деп сендірдім. Өкінішке қарай, айтқаным келмеді», – деді сотта Елжан Біртанов.Костюм тапшылығы болды
Сондай-ақ сотта Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Алмаз Джувашев та куәлік етті. Ол да өткен жылы жүзден астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырғаннан кейін жұмыстан босатылған. Айтуынша, былтыр көктемде жедел жәрдем дәрігерлері жеке қорғану құралдарынсыз қоңырауларға шыққан. «Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы 50 ЖҚЗ берді. Біз бюджеттен тыс қаражатқа 540 костюм сатып алдық. Сол кезде костюм тапшылығы болды. Тәулігіне 200-ден астам дәрігер жұмыс істейтін ауруханаға 800-ге жуық костюм керек болды», – деді Алмаз Джувашев. Ұзаққа созылған тергеу ісі бойынша, Берік Шәріп Inkar компаниясының мүддесін қорғап, онымен Тизов жеткізуге 8,3 млрд теңге келісімшарт жасаған. Жеткізуші алдын ала төлем алып, бірақ өз міндеттемелерін орындамаған. Борт Қытайдан Қазақстанға жүксіз екі рет оралады. Екі бап бойынша қозғалып, 135 томнан тұрған іс айыпталушының босатылуымен аяқталды. Сот міндет еткен айыппұлды айыпталушы мемлекетке қайтарады-ау. Алайда ауыр індеттің салдарынан ата-анасынан айырылған баланың, баласынан айырылған ата-ананың көз жасын кім сүртпек? Оның үстіне медицинада маман тапшылығы туындап тұрғанда мықты дәрігерлерден ай мен күннің аманында айырылып қалғанымыз өзекті өртеп кеткені рас.Жадыра МҮСІЛІМ