Індет күшейіп, коронавирус жаналқымнан алып жатқанда Ақмола облысының Степногорск қаласының ірі ауруханаларының бірінде болған жағдайдан өңір жұртшылығы жағасын ұстап отыр. Степногорск қаласында туберкулез дертіне қарсы білдей өкпе-терапиялық бөлім толықтай жабылып тынбақ. Ал ауруханада жұмыс істейтін 39 медицина қызметкеріне жұмыссыз қалу қаупі төнген.
Медициналық мекеме қызметкерлеріне жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек келісімшартының бұзылатыны туралы хабарландыру берілген. Қайда барып жұмыс табарын білмей дағдарған дәрігерлер мен медицина қызметкерлері облыс әкімдігіне дейін өздерінің шағымхаттарын жолдапты. Алайда мәселенің шешілер түрі көрінбейді. Степногорск өкпе-терапиялық бөлімі – Қоңыратбек Құрманбаев атындағы Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығы құрамындағы ірі медициналық ұйым. 30 кереуеттік туберкулез ауруларын емдейтін медицина мекемесі Көкшетау қаласындағы туберкулез ауруханасына коронавирус пандемиясымен науқастанғандар орналастырылғандықтан туберкулезбен ауырғандар толықтай Степногорскке жіберілетін.39 медицина қызметкері жұмыссыз қала ма?
Аурухананың жабылатыны туралы хабар аурухана ұжымына төбеден жай түсіргендей әсер етіпті. Бөлім дәрігерлерінің пікірінше, коронавирус пандемиясы күшейген жағдайда Степногорсктегі өкпе-терапия бөлімі жабылса, туберкулезбен ауыратын адамдарды орналастыратын жер табылмау қаупі төнеді. «Біз аурухананың жабылатыны туралы Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық фтизиопульмонология орталығы бұйрықтары бойынша жұмыс берушінің «Туберкулез орындарына оңтайландыру жүргізетіні туралы хабарды 10 қыркүйек күні алдық. Жұмыс берушінің бастамасымен еңбек келісімшарты 15 қыркүйектен бастап бұзылатынын білдік. Елімізде туберкулез аурулары асқынып тұрғанда бұлай еткендері жөн емес деп санаймыз. Егер коронавирустың төртінші толқыны болған жағдайда туберкулез ауруларын емдейтін орын қалмайтын жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Осы жылы біздің бөлім толық жүктемеде жұмыс істеді. Жоспардың орындалуы 123 пайызға, ал туберкулез ауруларын емдеу тиімділігі 95-96 пайызға жетті. Бұл біздегі емдеу мен медициналық қызмет сапасының жоғары екенін көрсетпей ме?!. Қаладағы өкпе-терапиялық бөлімнің жабылуы коронавирус пандемиясының да, туберкулез ауруларының да деңгейі өсіп келе жатқандықтан өте үлкен катастрофалық жағдайға әкеліп соғуы бек мүмкін», – дейді мекеме дәрігерлері. Мекеме ұжымының айтуынша, Степногорск өкпе-терапиялық базасында туберкулезбен және COVID-19 науқастарымен ауырғандар үшін оңалту орындарын қойған тиімді болмақ. Алайда жоғары басшылық тарапынан бұйрықты таныстыруға да келмеген.Бұйрықты таныстыруға басшылықтан ешкім келген жоқ...
«Емдеу мекемесін жаппаған жағдайда біз жоғары білікті кадр құрамы мен материалдық-техникалық базаларымызды да сақтап қалатын едік. Егер өкпе-терапиялық бөлімі қысқартылса, 39 жоғары білікті маман жұмыссыз қалмақ. Бір өкініштісі – ұжымды бұйрықпен таныстыруға Денсаулық сақтау басқармасынан да, облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры да, орынбасары да келген жоқ. Бізге тек бұйрыққа сәйкес жауапты тұлғалар болып табылмайтын заңгер, экономист пен кадр бөлімінің қызметкерлері ғана жолданды. Олар тек қысқарту туралы бұйрықты оқып берді. Жалғызбасты аналарға, көпбалалы аналар мен мүгедек балалары бар аналарға Көкшетау қаласына тұрғын үй мен белгілі бір жұмыс орнын ұсынусыз жұмысқа тұру ұсынылды. Ал қызметкерлердің көпшілігі осында 20 жылдан артық жұмыс істеп келеді. Олардың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен, енді тіпті жағдайы мүшкіл болуы мүмкін», – дейді аурухана ұжымының қызметкерлері.Мекеменің кереуеттік жұмыс қуаты толық орындалмады
Мекеме ұжымы толық жүктемеде жұмыс істедік дегенімен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мұнымен келіспейтінін бірден аңғартты. Басқарма басшысы мүлде кереғар пікір білдірді. «Степногорск өкпе-терапиялық бөлім базасында туберкулез науқастарын емдеуге арналған 30 кереует стационар орналастырылған. Қазір бөлімде 30 науқас емделіп жатыр. Емделушілер 4 қабатты ғимараттың тек 1 қабатында ғана орналасқан. Қуаты 70 кереуеттік бөлім жұмысы 2018 жылы тек 69,1 пайызға, 2019 жылы 39,3 пайызға ғана орындалған. Кереуеттер жұмысы тиімсіз болуына байланысты бөлімнің кереуеттік қуаты 30 кереуетке дейін қысқартылған. Соның өзінде өткен жылдың қорытындылары бойынша кереуеттер жұмысы тек 83,1 пайызға ғана орындалды», – дейді Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасынан. Басқарманың мәліметінше, облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында коронавирус науқастары үшін инфекциялық стационар жұмыс істегендіктен, туберкулез аурулары Степногорскке емдеуге жіберілген. Сондықтан осы жылдың 8 айындағы кереуеттердің орындалуы 126 пайыздан асқан.Бөлім жабылса, 200 миллион теңгеге жуық ақша үнемделеді
Денсаулық сақтау басқармасының берген жауабын облыстық фтизиопульмонология орталығының басшылығы да қуаттады. «Қазір 70 орындық Көкшетау қаласындағы өкпе-терапиялық бөлімде 26 адам ғана жатыр. Яғни, кереуеттер бос қалуы әбден мүмкін. Степногорсктегі барлық науқасты қабылдау мүмкіндігі бар. Бюджет қаражатының тиімсіз пайдалануын болдырмау мақсатында Степногорсктегі өкпе-терапия бөлімінің одан әрі жұмыс істеуі тиімсіз болып отыр. Өйткені бөлімді ұстауға жыл сайын 200 миллион теңгеге жуық ақша жұмсалады. Осыған байланысты емдеу мекемесін оңтайландыру туралы шешім қабылданды. Қазір кәсіпорын әкімшілігі Степногорск қаласындағы медициналық ұйымдар мен мекеме қызметкерлерін жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мекеме қызметкерлеріне балама жұмыс орындары ұсынылмақ», – дейді Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Жұмабек Махашев. Біз мәселе жөнінде Степногорск қаласы әкімінің пікірін білуге ұйғардық. Алайда қала әкімі жаңалықты тек жақында ғана әлеуметтік желілерден естігенін, ал медициналық мекеменің жұмысына ешқандай қатысы жоғын алға тартты. «Мен бұл туралы ештеңе білген жоқпын. Қаладағы өкпе-терапиялық бөлімнің жабылатыны туралы интернет желілерден оқып қалдым. Бірден облыстық Денсаулық сақтау басқармасына, облыстық фтизиопульмонологиялық орталық басшылығына хабарластым. Олар ертең келіп барлық жағдайды түсіндіретінін айтты. Емдеу мекемесінің жұмысына біздің еш қатысымыз жоқ. Барлық мәселені облыстық Денсаулық сақтау басқармасы шешеді», – дейді Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов.P.S. Сонымен, әзірге Степногорсктегі жұмыссыз қалу қаупі төнген 39 бірдей медицина қызметкерінің қайда жұмысқа орналастырылатыны әзірге белгісіз. Ал туберкулез бен коронавирус пандемиясына шалдыққан науқастары одан әрі көбейген жағдайда не болмақ? «Оңтайландырамыз деп жүріп, омақасып қалмаймыз ба?» деген сауал өңір тұрғындарын да мазалап тұр...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы