Екі шопан 65 жастағы тұрғынды өлтірді деген күдікпен ұсталды
Екі шопан 65 жастағы тұрғынды өлтірді деген күдікпен ұсталды
Фото: twitter.com
224
оқылды

Алматы облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, жайлаудан ер адамның мәйіті табылған.

«9 қыркүйек күні сағат 18:00 шамасында Кербұлақ аудандық полициясына жайлауда зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті. Аталған факт ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша тіркелді. Жедел тергеу тобы көз жұмған адам Іле ауданының 65 жастағы тұрғыны екенін анықтады. Әйелінің айтуы бойынша, ол Жаркент қаласына серіктесін алып келу үшін кеткен. Жедел іздестіру нәтижесінде, полицейлер Қоңырөлең ауылының маңында жолда келе жатқан мас адамды күдікті ретінде ұстады. Суретке түсіріп алып, тану үшін жәбірленушінің әйеліне ұсынған. Ұсталған адам кісі өлтіргенін мойындады. Екінші шопанмен қайтып келе жатып, үшеуі ішімдік ішкенін айтқан» делінген полиция хабарламасында. Ер адамдар арасында жанжал жұмысқа төленетін ақшаның аздығынан туындағаны анықталды.

«Ауыл маңында жұмыс үшін аз төлейтінін айтып, жанжалдасқан. Кейін екеуі бірге марқұмды тұншықтырған. Телефон мен ақшаны алып, мәйітті далаға тастап, жәбірленушінің көлігімен өздері кетіп қалған. Ұрланған ақшаға ішімдік сатып алып, ішуді қайта жалғастырған. Қоңырөлең ауылының маңында көлік сынған. Екінші күдікті Панфилов ауданы Шолақай ауылының 44 жастағы тұрғыны, оны полицейлер марқұмның көлігінде ұйықтап жатқан жерінен тапқан. Күдіктілердің екеуі де қамауға алынды», – деді полицей.

Күдіктінің бірі бұрын мал ұрлағаны үшін бірнеше рет сотталған. Екіншісі маскүнем ретінде тіркелген.