Нәресте тұншығып көз жұмған. Осы іске қатысты Ақкөл аудандық соты әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Сотта анықталғандай, Л. есімді әйел үйінде болған. Оған дейін қонақта ішімдік ішіп, кейін үйіне келген. Түнде сәбиін емізіп отырған кезде ұйықтап кеткен.
Әйел оянған сәтте баласының мүлдем қимылсыз жатқанын байқаған. Шақырту бойынша келген жедел жәрдем қызметкерлері сәбидің қайтыс болғанын анықтады. Сот материалдарында баланың тұншығып кеткені көрсетілген.
Бұл қылмыстық іс сотқа кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісіммен түскен. Сот отырысында прокурор сотталушыға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігі бойынша абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған әрекет үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Жаза тағайындау кезінде сот әйелдің шын жүректен өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Ал қылмысты алкогольдік масаң күйде жасауы ауырлататын мән-жай ретінде танылған.
Нәтижесінде, Ақкөл аудандық сотының үкімімен әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, оған пробациялық бақылау белгіленді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
