Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ресми сайтының мәліметінше, былтыр №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында ойыншықтан зардап шеккен 162 балаға көмек көрсетілген. Ірілі-ұсақты әртүрлі заттарды жұтып қойған 162 бала дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Оның айтуынша, 56 баланың өңешінен, 80 баланың асқазанынан әртүрлі ұсақ заттар шығарылды. 30 бала тыныс жолына тұрып қалған заттардан зардап шекті.«Негізінен, түйме, моншақ, қашықтан басқару пультінің батареялары сияқты әртүрлі ұсақ заттарды жұтып қойған 1-5 жас аралығындағы балалар келеді. Дәрігерлер шығарған бөгде заттардың 17 пайызы – магниттер. Көбінесе мұндай жағдайлар ойнап жүріп, қараусыз қалғанда болады», – дейді хирург-дәрігер Серікжан Нұржанов.
«Өткен аптада магнитті-резонансты томографиялық (МРТ) зерттеу үшін ауруханаға түскен 7 жасар қызға операция жасалды. Тексеру кезінде дәрігерлер баланың мұрны магнитпен бітеліп қалғанын анықтады. Осыдан кейін бала рентгендік зерттеуге жіберілді. Ол жақта да асқазанда магниттердің жиналғаны анықтады. Нәтижесінде, біз 100-ден астам кішкентай магнитті шығардық», – деді хирургия бөлімінің жетекшісі Ринат Байгиреев.
Бұған дейін басына кастрюль кептеліп қалған баланы құтқарған мамандар туралы жазған болатынбыз.