Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салғызған қазақстандықтар арасында «Самұрық-Қазына» АҚ қызметкерлерінің үлесі басым. 11 қыркүйектегі жағдай бойынша Қор компанияларында еңбек ететін 203 853 қызметкер вакцинаның бірінші компонентін салғызды. Бұл Қорға қарасты компаниялардағы қызметкерлер мен жұмысшылардың 74,5%-ын құрайды. Ал 182 272 қызметкер, яғни тұтас ұжымның 66,6%-ы вакцинаның екі компонентін де салғызды. Вакцина салғызу заңға сәйкес ерікті түрде жүргізіледі, жұмысшының толық келісімі алынады. Бұл туралы Қордың корпоративтік басқару және әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Мұхтар Манкеев брифингте хабарлады.
«Самұрық-Қазынаның» портфельдік компаниялары көптеген салада қызмет етеді, олардың тұрақты әрі мүлтіксіз жұмыс істеуі Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды. Сондықтан жұмысшылардың вакцина алуы олардың денсаулығын сақтаумен қатар, ел экономикасының тұрақтылығы мен әл-ауқатын арттыруға ықпалын тигізеді», – деді Мұхтар Манкеев. Бүгінде портфельдік компанияларда вакцина салу жақсы жолға қойылған. Өндірістік нысандарға вакцина салатын арнайы жылжымалы топ барып, егу шарасын жүргізеді. Әр жұмысшыға елімізде мақұлданған вакцина түрі ұсынылады. Қорда COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штаб құрылып, пандемияға қарсы жаңа іс-шаралар әзірлеп, вакцина салуға ынталандыру тетіктері ұсынылған. «Мемлекет басшысының вакцина салу қажеттілігі жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 270 мыңнан астам қызметкері бар «Самұрық-Қазына» қоры ұжымдық иммунитет қалыптастыруға белсенді атсалысты. Әлеуметтік желілер, салалық бұқаралық ақпарат құралдары мен бейнероликтер арқылы тұрақты түсіндіру жұмысы жүргізіледі. #менекпеалдым #явакцинировался челленджі ұйымдастырылып, барлық компанияның басшылығы вакцина салғызып, үлгі көрсетті», – деді Мұхтар Манкеев. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында халыққа вакцина препараттарын қолжетімді ету үшін Қор Біріккен Араб Әмірлігі шығарған Hayat-Vax вакцинасының 1 млн дозасын сатып алуға қаржы бөлді. Оны биыл мамыр айында «СҚ-Фармация» кәсіпорны жеткізіп, Денсаулық сақтау министрлігі желісі арқылы таратты. Қор компанияларының тобында қызметкерлерді коронавирусқа қарсы екпе алуға ынталандыру үшін жыл сайын ақылы еңбек демалысына қосымша демалыс күндерін қосу, кезектен тыс ақылы демалыс күнін беру, вакцина салғызған қызметкерлер арасында ұтыс ойындарын ұйымдастыру сияқты шаралар қолға алынған. Ал Қордың ресми сайтында вакцина салғызған қызметкерлер санын көрсететін есептеуіш орналастырылған. Вакцина салғызғандар санын ұлғайту мақсатында қосымша іс-шараларды жүзеге асыру да көзделіп отыр. Соның ішінде психологтермен, қоғам белсенділерімен, медицина қызметкерлерімен кездесулер, ланч-бокстар ұйымдастыру сияқты іс-шаралар жоспарланған. Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» АҚ еліміздегі вокзалдар мен пойыздарда да вакцина салатын қосын ашуды көздеп отыр.Алтынбек ТОЛЫМБЕКОВ, Нұр-Сұлтан қаласы