«Ерекше» балалардың диагнозын ерте анықтаса...
«Ерекше» балалардың диагнозын ерте анықтаса...
979
оқылды

Өз жасынан кеш жүріп, кеш сөйлейтін балалар көп. Медицинаның көмегіне кеш жүгінетін біздің қазақ бала бойындағы өзгерістерге көз жұма қарайды. Үлкендер жа­ғы «Онда тұрған не бар екен? Оның әкесі де кеш сөйлеген» дейтіні тағы бар. Аутист ба­ла­­лардың алғашқы белгілері қандай? Қарапайым бала­лар­ға қарағанда қандай «ерек­­шелігі» бар? Оларды бір­жола емдеудің жолы бар ма?

Аутизм – ауру емес

Біздің елімізде ғана емес, қазір әлем елдерінде де аутизммен ауыратындардың саны азаймаса, көбеймеген. Мәселен, дүниежүзі бойынша әрбір 50-ші балада аутизм белгілері бар. Ал елімізде 6 мыңға жуық балаға «аутизм» диагнозы қойылған. Медицина тілімен айтқанда, аутизм – ауру емес, «психикалық даму ауытқу­шы­лығы» ретінде қарастырылады. Ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандардың айтуына қара­ғанда, аутизмге шалдыққандардың саны анағұрлым артық болуы да мүмкін. Өйткені елімізде аутизм­нің алғашқы белгілерін анықтау әлі де кемшін көрінеді. Егер ақыл-есі кешеуілдеп дамитын балалар­дың бойындағы кемшілікті дер кезінде анықтап, оңалту жұмыс­тарын ерте бастан қолға алса, балалардың ойлау және сөйлеу қабілетін әлдеқайда жақсартуға мүмкіндік болады. Әйтсе де, аутизмді біржола емдеу мүмкін емес. «Білім қоры ABA KUS-DARYN» қорының директоры аға ABA-нұсқаушы әрі директоры Дархан Ажмолдаев алты жылдан бері аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істейді. Айтуынша, осы жылдар ішінде орталықтың түзету сабақтарына қатысқан ба­лалардың арасында қарапайым оқушылармен қатар білім алып жатқандар бар. Оның айтуынша, оңалту орталықтарына неғұрлым ерте келсе, соғұрлым балалардың мінез-құлқы мен ерекшеліктеріне түзету жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. «Өзімнің балам да аутист. Қазір жасы 12-де, №69 мектеп-гимназияда 3-сыныпта оқиды. Инклюзивті сы­нып­қа барып жүр», – дейді ол. Аутизм – ауру емес, бұзылыс. Ондай балалар ерекше болып туылады. Олардың бойындағы алғашқы белгілерді байқау да қиын емес. «Мысалы, адамның көзіне тік қарамайды, өздерінің денесіне өзгелердің қолын тигіз­бейді, құшақтасқаннан алыстан қашады, көппен араласқысы келмейді. Оның бойындағы «ерекшелікті» қалай білуге болады? Бала алғаш еңбектеп, жүре баста­ған кезде өздерінің қалаған нәр­сесіне саусақтарын, қолдарын көрсетіп білдіреді. Ал аутист балалар өздеріне керек дүниені өз қолымен емес, ата-анасының қо­лы арқылы көрсетуі мүмкін. Ата-анасының қолынан ұстап, өзіне қажетті затқа анасының қолын нұсқау, лақтыру арқылы сұрайды. Тілі шығатын жаста сөй­леудің орнына былдырлау арқылы қалауын білдіреді. Сөзді түсін­бейді, айтқанды тыңдамайды. Осындай белгілерді байқаған бойда ата-аналар балаларын бірден психиатрдың көмегіне жү­гінуге кеңес беремін», – дейді Дархан Ажмолдаев.

Жалғыз жолы – тұрақты ем алу

Аутизм ауру болып саналма­ған­­дықтан, оның емі де жоқ. Бірақ бұл балаларды өзімен-өзін қалды­рып, қолды бір сілтеу дегенді біл­дірмейді. Өйткені аутистерге тұ­рақты оңалту және түзету жұмыс­тары жүргізіліп отыруы қажет. «Біздің орталыққа бір жарым жастан бастап 15 жасқа дейінгі балалар келеді. Кеш келген бала кеш дамиды, кейде дамымай қа­луы да мүмкін. Өйткені «ерекше» балалар адамдармен қылық ар­қылы қарым-қатынас жасайды. Айталық, бала кішкентай кезде жылау арқылы қалағанын білдіреді. Әткеншекке мінгісі келсе, тамақ жегісі келсе жылайды. Ата-анасы жылаған баланың қалауын істей берсе, сол қылық қалыпта­сып кетеді. Өскеннен кейін аутист балалардан сол қылықты алып тастау қиын. Екі жастағы баланы екі айдың ішінде түзетуге болады. Бірақ бәрібір ары қарай оңал­тып, тұрақты жұмыс істеп тұра­мыз», – дейді ABA-нұсқаушы.

Балалар дәрігері біліксіздік танытқан

Статистикаға сүйенсек, жыл сайын аутист балалар саны 17 пайызға дейін артып келеді. Егер 1970 жылдары 10 мың баланың арасында бір аутист болса, соңғы жылдары 48-56 баланың арасында біреуі осындай ерекшелікпен дү­ниеге келеді. Кейбір дерек көз­деріне сенсек, 2018 жылға дейін балалар арасындағы аутизм 6 мың пайыздан аса артқан. Ресми деректен бөлек, баласының бойында­ғы «ерекшелікті» білмейтіндерді тағы қоссақ болады. Ақтөбелік Ай­заданың ұлы сегіз айында ал­ғаш­қы кездері өзге балалар секілді «апа, ата» деп былдырлап-ақ жүрген. Бірақ бір жастан асқанда өз-өзінен сөйлемей қалады. Тұр­ғылықты жері бойынша балалар дәрігеріне айтып, жағдайды тү­сіндірген. Баланы бірнеше рет қа­раған дәрігерлер: «Ұл баланың тілі кеш шығады. Оның үстіне, тым қатты еркеліктен де кеш сөй­лейтін балалар болады» деп шы­ғарып салыпты. Бірақ үшке кел­генде де жарытып ештеңе айта алмаған соң Алматыдағы оңалту орталықтарының қабылдауында болыпты. Олар да жарытып еш­теңе айта алмаған. Тек екі жылдан соң ресейлік дәрігерлер ұлына «аутист» диагнозын қойған. Осы аралықта біраз уақытын жоғалтып алған Айзада алғаш көрсеткенде, дұрыс бағыт бергенде оңалту жұ­мысын ерте бастан қолға алар едік деген өкінішін жеткізді. Елордалық Эльмира да бала­сының бойындағы ерекшелікті ерте білген. Бірақ дәрігерлер бойы мен салмағын өлшеп жібере сал­ған. Екі жарым жастан асқанда дабыл қаға бастаған ол: «Басында айтып жүрген сөздерін айтпады. Далаға жүгіріп кетеді. Артында келе жатырмын ба, мән бермейтін. Атын атасам қарамайды. Со­ны айтып дәрігерлерге қанша бар­­дым. «Қайдағы жоқты интер­нет­тен оқып аласыңдар» деп өзім­ді кінә­лады. Соңында «аутизм» диаг­нозы қойылды. Баламды оңал­туды екі жарым жыл кеш бас­та­дым. Егер дәрігерлер білікті бол­ғанда емді ерте жүргізер едім» , – дейді.

Ұл балалар арасында аутизм көп

Білікті дәрігер баланың бо­йын­дағы ауытқушылықты алты айынан бастап біле алады. Өйт­кені аутизмге шалдыққан бала­лардың «ерекшеліктері» туғаннан бастап біліне бастайды. Өзгелер секілді ойыншықтармен ойнамайды, өзімен-өзі отырады, жыламайды, басқа адамдарға көңіл бөлмейді. Бөлмеге жалғыз тастап кетсе де, жақындарын іздемейді. Көп ата-аналар «Біздің бала тыныш. Жылауық емес. Барлық жерге тастап кете береміз» деп қуанатын көрінеді. Өкінішке қарай, бұл керісінше ата-аналарды ойлантуы тиіс. Көбіне жас ата-аналар балаларының бойын­дағы өзгерісті білмейді. Алматы­дағы балаларды дамыту орталы­ғы­ның маманы Алтынай Жоламанова аутизм белгілері бар балалар алты айынан бастап анасынан айырылмауы керек екенін алға тар­тады. Бала бұл уақытта жақын­да­рын жазбай таниды. Бұдан бөлек, қыз балаларға қарағанда ұл балаларда «аутизм» диагнозы жиі қойылады екен. Оның нақты себебін ғалымдар да әлі анықтаған жоқ. Мың жерден мықты болса да, аутист баланы жүз пайыз емдеу мүмкін болмаған. Себебі аутизмге шалдыққандардың бойындағы белгілермен күресіп, қазіргі тілмен айтқанда, кең тараған амери­калық АВА терапиясы аясында көмек көрсетуге ғана болады. Осы­лай ғана оларды оқшау­ла­нуына жол бермей, қоғамға сіңісіп кетуіне септігін тигізу мүмкіндігі бар.

Жадыра МҮСІЛІМ