Өз жасынан кеш жүріп, кеш сөйлейтін балалар көп. Медицинаның көмегіне кеш жүгінетін біздің қазақ бала бойындағы өзгерістерге көз жұма қарайды. Үлкендер жағы «Онда тұрған не бар екен? Оның әкесі де кеш сөйлеген» дейтіні тағы бар. Аутист балалардың алғашқы белгілері қандай? Қарапайым балаларға қарағанда қандай «ерекшелігі» бар? Оларды біржола емдеудің жолы бар ма?
Аутизм – ауру емес
Біздің елімізде ғана емес, қазір әлем елдерінде де аутизммен ауыратындардың саны азаймаса, көбеймеген. Мәселен, дүниежүзі бойынша әрбір 50-ші балада аутизм белгілері бар. Ал елімізде 6 мыңға жуық балаға «аутизм» диагнозы қойылған. Медицина тілімен айтқанда, аутизм – ауру емес, «психикалық даму ауытқушылығы» ретінде қарастырылады. Ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандардың айтуына қарағанда, аутизмге шалдыққандардың саны анағұрлым артық болуы да мүмкін. Өйткені елімізде аутизмнің алғашқы белгілерін анықтау әлі де кемшін көрінеді. Егер ақыл-есі кешеуілдеп дамитын балалардың бойындағы кемшілікті дер кезінде анықтап, оңалту жұмыстарын ерте бастан қолға алса, балалардың ойлау және сөйлеу қабілетін әлдеқайда жақсартуға мүмкіндік болады. Әйтсе де, аутизмді біржола емдеу мүмкін емес. «Білім қоры ABA KUS-DARYN» қорының директоры аға ABA-нұсқаушы әрі директоры Дархан Ажмолдаев алты жылдан бері аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істейді. Айтуынша, осы жылдар ішінде орталықтың түзету сабақтарына қатысқан балалардың арасында қарапайым оқушылармен қатар білім алып жатқандар бар. Оның айтуынша, оңалту орталықтарына неғұрлым ерте келсе, соғұрлым балалардың мінез-құлқы мен ерекшеліктеріне түзету жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. «Өзімнің балам да аутист. Қазір жасы 12-де, №69 мектеп-гимназияда 3-сыныпта оқиды. Инклюзивті сыныпқа барып жүр», – дейді ол. Аутизм – ауру емес, бұзылыс. Ондай балалар ерекше болып туылады. Олардың бойындағы алғашқы белгілерді байқау да қиын емес. «Мысалы, адамның көзіне тік қарамайды, өздерінің денесіне өзгелердің қолын тигізбейді, құшақтасқаннан алыстан қашады, көппен араласқысы келмейді. Оның бойындағы «ерекшелікті» қалай білуге болады? Бала алғаш еңбектеп, жүре бастаған кезде өздерінің қалаған нәрсесіне саусақтарын, қолдарын көрсетіп білдіреді. Ал аутист балалар өздеріне керек дүниені өз қолымен емес, ата-анасының қолы арқылы көрсетуі мүмкін. Ата-анасының қолынан ұстап, өзіне қажетті затқа анасының қолын нұсқау, лақтыру арқылы сұрайды. Тілі шығатын жаста сөйлеудің орнына былдырлау арқылы қалауын білдіреді. Сөзді түсінбейді, айтқанды тыңдамайды. Осындай белгілерді байқаған бойда ата-аналар балаларын бірден психиатрдың көмегіне жүгінуге кеңес беремін», – дейді Дархан Ажмолдаев.Жалғыз жолы – тұрақты ем алу
Аутизм ауру болып саналмағандықтан, оның емі де жоқ. Бірақ бұл балаларды өзімен-өзін қалдырып, қолды бір сілтеу дегенді білдірмейді. Өйткені аутистерге тұрақты оңалту және түзету жұмыстары жүргізіліп отыруы қажет. «Біздің орталыққа бір жарым жастан бастап 15 жасқа дейінгі балалар келеді. Кеш келген бала кеш дамиды, кейде дамымай қалуы да мүмкін. Өйткені «ерекше» балалар адамдармен қылық арқылы қарым-қатынас жасайды. Айталық, бала кішкентай кезде жылау арқылы қалағанын білдіреді. Әткеншекке мінгісі келсе, тамақ жегісі келсе жылайды. Ата-анасы жылаған баланың қалауын істей берсе, сол қылық қалыптасып кетеді. Өскеннен кейін аутист балалардан сол қылықты алып тастау қиын. Екі жастағы баланы екі айдың ішінде түзетуге болады. Бірақ бәрібір ары қарай оңалтып, тұрақты жұмыс істеп тұрамыз», – дейді ABA-нұсқаушы.Балалар дәрігері біліксіздік танытқан
Статистикаға сүйенсек, жыл сайын аутист балалар саны 17 пайызға дейін артып келеді. Егер 1970 жылдары 10 мың баланың арасында бір аутист болса, соңғы жылдары 48-56 баланың арасында біреуі осындай ерекшелікпен дүниеге келеді. Кейбір дерек көздеріне сенсек, 2018 жылға дейін балалар арасындағы аутизм 6 мың пайыздан аса артқан. Ресми деректен бөлек, баласының бойындағы «ерекшелікті» білмейтіндерді тағы қоссақ болады. Ақтөбелік Айзаданың ұлы сегіз айында алғашқы кездері өзге балалар секілді «апа, ата» деп былдырлап-ақ жүрген. Бірақ бір жастан асқанда өз-өзінен сөйлемей қалады. Тұрғылықты жері бойынша балалар дәрігеріне айтып, жағдайды түсіндірген. Баланы бірнеше рет қараған дәрігерлер: «Ұл баланың тілі кеш шығады. Оның үстіне, тым қатты еркеліктен де кеш сөйлейтін балалар болады» деп шығарып салыпты. Бірақ үшке келгенде де жарытып ештеңе айта алмаған соң Алматыдағы оңалту орталықтарының қабылдауында болыпты. Олар да жарытып ештеңе айта алмаған. Тек екі жылдан соң ресейлік дәрігерлер ұлына «аутист» диагнозын қойған. Осы аралықта біраз уақытын жоғалтып алған Айзада алғаш көрсеткенде, дұрыс бағыт бергенде оңалту жұмысын ерте бастан қолға алар едік деген өкінішін жеткізді. Елордалық Эльмира да баласының бойындағы ерекшелікті ерте білген. Бірақ дәрігерлер бойы мен салмағын өлшеп жібере салған. Екі жарым жастан асқанда дабыл қаға бастаған ол: «Басында айтып жүрген сөздерін айтпады. Далаға жүгіріп кетеді. Артында келе жатырмын ба, мән бермейтін. Атын атасам қарамайды. Соны айтып дәрігерлерге қанша бардым. «Қайдағы жоқты интернеттен оқып аласыңдар» деп өзімді кінәлады. Соңында «аутизм» диагнозы қойылды. Баламды оңалтуды екі жарым жыл кеш бастадым. Егер дәрігерлер білікті болғанда емді ерте жүргізер едім» , – дейді.Ұл балалар арасында аутизм көп
Білікті дәрігер баланың бойындағы ауытқушылықты алты айынан бастап біле алады. Өйткені аутизмге шалдыққан балалардың «ерекшеліктері» туғаннан бастап біліне бастайды. Өзгелер секілді ойыншықтармен ойнамайды, өзімен-өзі отырады, жыламайды, басқа адамдарға көңіл бөлмейді. Бөлмеге жалғыз тастап кетсе де, жақындарын іздемейді. Көп ата-аналар «Біздің бала тыныш. Жылауық емес. Барлық жерге тастап кете береміз» деп қуанатын көрінеді. Өкінішке қарай, бұл керісінше ата-аналарды ойлантуы тиіс. Көбіне жас ата-аналар балаларының бойындағы өзгерісті білмейді. Алматыдағы балаларды дамыту орталығының маманы Алтынай Жоламанова аутизм белгілері бар балалар алты айынан бастап анасынан айырылмауы керек екенін алға тартады. Бала бұл уақытта жақындарын жазбай таниды. Бұдан бөлек, қыз балаларға қарағанда ұл балаларда «аутизм» диагнозы жиі қойылады екен. Оның нақты себебін ғалымдар да әлі анықтаған жоқ. Мың жерден мықты болса да, аутист баланы жүз пайыз емдеу мүмкін болмаған. Себебі аутизмге шалдыққандардың бойындағы белгілермен күресіп, қазіргі тілмен айтқанда, кең тараған америкалық АВА терапиясы аясында көмек көрсетуге ғана болады. Осылай ғана оларды оқшаулануына жол бермей, қоғамға сіңісіп кетуіне септігін тигізу мүмкіндігі бар.Жадыра МҮСІЛІМ