Биыл – Тәуелсіздікке 30 жыл. Қазақстан үшін айтулы мерейтой қарсаңында Қарағанды облысында түрлі жиын өтуде. Тәуелсіздік – басты байлығымыз. Оны баянды ету – ортақ парыз. Ол үшін жас буынды егемен ел атанғалы жеткен жетістіктермен таныстырып, патриоттық тәрбие берумен қатар, ұлттық болмысымызды бойына сіңіру ләзім. Осы мақсатта облыстық Білім басқармасы, қалалық білім бөлімінің қолдауымен Абай атындағы №104 мектеп-гимназиясы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Тәуелсіздік жетістігі» тақырыбында ашық сынып сағатын онлайн өткізді. Шараға жалпы білім беру мекемелерінің 9-11-сынып оқушылары мен аймақтың айтары бар азаматтары қатысты.
Шараның шымылдығын «Айтыстың ақтаңгері» атанған айтыскер ақын Дидар Қами тәуелсіздік жайлы арнауымен бастады. Егемендікке жету жолындағы қарға тамырлы қазақтың қилы тағдырын жырға қосты. Түрлі әуенге салып, жүрекке жеткізді. Ал Қарағанды университеті жанында жұмыс істейтін «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова тәуелсіздіктің нәтижесі – бабалар арманының орындалуы деп есептейді. – Мені тарихшы көзқарасымен жастарға Отанымыздың тәуелсіздік жылдарындағы табыстары туралы айтып беру үшін сынып сағатына шақырды. Еліміздің жетістіктері жетіп артылады. Кем дегенде, елде керемет мектептер салынып жатқанын алайық. №104-гимназияның өзі бұған дәлел. Балалардың мемлекеттік тілде оқуға мүмкіндігі бар. Білім беру саласында жаһандық өзгерістер болып жатыр. Жыл сайын педагог мәртебесі артып келеді. Ғылым мен технология дамып келеді. Мұның бәрі біздің егемендігіміздің көрсеткіші, – деп атап өтті Нұрсахан Бейсенбекова. – Осы Абай гимназиясының ашылуы – Тәуелсіздіктің арқасы. Елтаңба, Ту, Әнұран сияқты мемлекеттік символдарымыздың көкке көтерілуі – үлкен бақыт. Бұл – бабалардың арманы болды. Біз жеттік соған. Елбасының салиқалы саясатының арқасы барлығы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сол баянды істі көрегендікпен жалғастырып келеді. 30 жылда кемшілік те болды. Бірақ мұның бәрін жіпке тізе бермей, жасалып жатқан жақсылықты да көре білген жөн. Оны баянды етуге бәріміз атсалысуымыз керек. «Мың өліп, мың тіріліп» осы күнге жеттік. Шекарамыз шегенделді. Енді бүгінгі ұрпақтың парызы – елімізді дамытып, атын әлемге таныту, гүлдендіру, азаттықтың қадірін білу. Көптеген тарихи ескерткіш еңсе көтерді. Бүгінде 192 мемлекет бізді мойындады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да бұл туралы баса айтты. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасуы керек. Ал мектепшілік «Ақтолқын» домбыра ансамблінің көркемдік жетекшісі Жансұлтан Ермекұлы Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлетті. Күй орындалып жатқанда үлкен экраннан тәуелсіздік тақырыбында рухты оятатын бейнежазба жүріп тұрды. Іштей үйлесім тапқан тұтас композиция арқамызды қоздырды.– Тәуелсіздік жолында көптеген батыр бабамыз құрбан болды. Бүгінгі ашық сабаққа қатысып отырған жастар сол бабаларды білуі тиіс. Азаттық бізге оңай келген жоқ. Өкінішке қарай, кей жастар құлдық санадан шыға алмай өзге тілде сөйлейді. Өз тіліңді менсінбеу, ұлттық болмысымызға жат қылықтар көрсету – болашағыңа балта шабу. Жастар осыны жете түсінуі тиіс. Тарихымызды білсек, әдет-ғұрпымызды бойымызға сіңірсек адаспаймыз. Сонда тәуелсіздіктің де қадіріне жете аламыз. Бастысы санамыз, ойымыз тәуелсіз азат болса, адаспаймыз, – деді кәсіпкер, меценат Ерлан Әшім.Спикер мектеп оқушыларын бейбітшілік пен бірлікті бағалай білуге, білімге ұмтылуға және қоғамның дамуына өз үлесін қосуға шақырды. Балалар да шетте қалмай, болашақ арман-жоспарларын бөлісті.
– «Жыл оқушысы – 2021» қалалық байқауының жүлдегерімін. Сондай-ақ менің ұстаздарым мен мектебімнің арқасында қол жеткізген көптеген марапатым бар. Болашақта өз еліме пайдамды тигізгім келеді. Себебі қазір сапалы білім алу үшін барлық жағдай бар. Қазір біз үшін барлық есік ашық екенін бағалаймын, – деді №104 мектеп-гимназиясының 9 «А» сынып оқушысы Сымбат Аманкелдина.Бас басылым «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Мирас Асан ұйымдастырушыларға алғысын айтып, көтеріліп жатқан тақырыптың өзекті екеніне тоқталды. «Отан десем – санамдағы ой керім, Отан десем – кеудемдегі бай кенім. Қастерлі бұл төрт әріп сөз аманда, Төрт құбылам, төрт тарабым сай менің», – деп басталатын «Отан» өлеңін оқып, бір серпілтті. Аймақтық SARYARQA арнасының редакторы Әшімхан Жанпейісов те азаттық жайлы азат ойларын ортаға салды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы