Президент тапсырмасымен қабылданған арнайы заң аясында аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті 2021 жылдың басынан бастап облыстық Білім беру басқармаларына өтті. Мектептер мен балабақшаларға қатысты бұл өзгеріске алдымен білім саласының мамандары қуанды. Бірақ Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы мектептер бұл шешімнің ыңғайсыз тұсын да сезінді.
Жуырда Түркістан облысы Ордабасы ауданынан хабарласқан бастауыш сыныпта балалары оқитын ата-ана жыл сайын оқулықтарына қосымша жұмыс дәптерінің берілмейтінін айтып, шағымданды. Ана былтыр үлкен қызы мектепке барғанда да, биыл ұлы 1-сыныпқа барғанда да осы жағдай қайталанғанын айтып, ашынды. Себебі қазір мектепке қажетті құралдардың барлығы да қымбат. «Бір жұмыс дәптерін 1 000-1 500 теңгеге дейін сатып аламыз. Жалпы, бұл жұмыс дәптерлер мектептен тегін берілуі керек қой. Мұғалімінен сұрасам, аудан бойынша ешқандай мектепке жұмыс дәптері берілмейді екен. «Жағдайларыңыз келсе, сатып алыңыздар, болмаса, кәдімгі бастауыш сыныптар ұстайтын дәптерді арнай беріңіздер» деді. Алайда мектеп табалдырығын енді аттаған балаға жұмыс дәптері қажет. Ішінде балалардың тез, қызыға үйренуіне қолайлы барлық тапсырмалары суретпен және жазу үлгісімен көрсетілген. Сыныбындағы балалардың бірінде болса, барлығы да алғысы келеді. Оған алып бермеуге өзіміз де шыдап отыра алмаймыз. Балаларымыздың қатарластарынан өзін төмен ұстауға жол бергіміз келмейді», – дейді аты-жөнін айтпауды өтінген ана. Мектептен үміт болмаған соң базарға барып, «Әліппе» пәніне қажетті 3 жазу дәптерін 1 300 теңгеге сатып алғанын айтады. «Жаратылыстану» мен «Дүниетану» сабақтарының жұмыс дәптері 1 000 теңгеден екен, оны әзірге алуға қаржысы жетпепті. Ал аса қажетті «Математика» сабағынан жұмыс дәптерін бірнеше дүкеннен іздеп таппаған. Оқулыққа қосымша жүретін жұмыс дәптерінің маңызы зор. Әсіресе, оң-солын танып үлгермеген бастауыш сыныптың балаларына мұның жазуға деген құлшынысын кәдімгідей арттыратыны сөзсіз. Сондықтан бұл құралдар мектептен неге берілмейді? Себебі біз білетін өзге өңірлерде бұл үлкен мәселе болған емес.Басқарма басшысының тапсырмасы орындалған жоқ
Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р. Жолаев 2 қыркүйек күні барлық өңірлердегі білім бөлімдеріне оқушыларды жұмыс дәптерлерімен қамту бойынша хат жолдаған. Онда «Білім туралы» заңының 6-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы орган білім беру ұйымдарын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етеді. Оқулық оқыту процесінің біртұтас бөлігі, ал жұмыс дәптерлері оқытудың қосымша құралы. Сол себепті ата-аналардың жұмыс дәптерлерін сатып алуы міндетті емес» делінген. Демек, тәрбиеленушілерді оқу құралдары мен оқу-әдістемелік кешендермен қамту жергілікті атқарушы органның құзырында. Расында, Ордабасы ауданында бұл жайт бірнеше жылдан бері күрделі мәселе күйінде келе жатқанына көз жеткіздік. Аудандық білім бөлімінің өкілі Мұхит Сәрсенбеков қосымша дәптердің берілмейтінін растады. «Біз жыл сайын балаларға жұмыс дәптерлерінің орнына кәдімгі дәптерді қолдануға рұқсат беріп жүрміз. Жұмыс дәптерін бюджеттен қаржы қаралмаса қайдан аламыз? Биылдан бастап облыстық Білім басқармасының құзырындамыз. Дегенмен 2019 жылы да қосымша жұмыс дәптеріне аудан әкімдігі қаржы бөлмей келген. Біз облысқа тура сол бюджетпен өткендіктен, одан артық қосымша қаржы берген жоқ. Жалпы, кітап сатып алуға облыстық бюджеттен 351 млн теңге қаралған. Одан бөлек, жұмыс дәптері үшін 78 млн теңге сұраған болатынбыз. Алайда оны бермеді. Сондықтан биыл да жұмыс дәптерін сатып ала алмадық. Біз үшін осы үлкен мәселе болып тұр. Тіпті, дайындық тобы жазып үйренуге тиіс жазу дәптерін де ала алмадық. Бүгінде олар да дәптермен жұмыс істеп отыр. Алайда барлық мектепке ата-ананы мәжбүрлемеу туралы тапсырма бергенбіз» деп жанайқайын жеткізді жауапты тұлға.Ордабасы ауданының басшылары білімге көңіл бөлмей ме?
Сонда өңірдегі 14 аудан мен 3 қаланың балалары сезініп отырған мемлекеттің қолдауын ордабасылық 65 мектептегі 34 677 оқушы көрмей отырғаны ма? Басқарма басшысы айтқандай, жергілікті бюджеттен қаралуы тиіс болса неге әкімдік тарапынан болашағымыз саналған балалардың біліміне жылдар бойы көңіл бөлінбей келген? Әлде осынау оқу құралдарына жыл сайын қаржы бөліп отырған өзге аудандардың басшылары қателік жасап жүр ме? Мәселен, Төлеби ауданының жас өскіндері үшін бұл проблема болған емес. Биылдың өзінде Төлебидегі 67 мектепте оқитын 27 580 балаға оқу құралдары мен әдістемелік-кешендері үшін 224 млн теңге бөлініпті. «Ауданда оқу құралына қосымша жұмыс дәптерлері алынбай қалған кез болған емес», – дейді мамандар.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы