Білім бөлімдері «бұғаудан» құтылады
Білім бөлімдері «бұғаудан» құтылады
413
оқылды
Президент тапсырмасымен арнайы заң қабылданды. 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру бас­қармаларына өтеді. Бұл өзгеріс мектептер мен балабақшаларға қатысты. Сарапшылар шешімді дұрыс әрі маңызды деп бағалап отыр. Министр де халықаралық зерттеулер аймақтағы білім сапа­сының әртүрлі екенін көрсеткенін жазған-ды. Оның айтуынша, бірыңғай нормативтік құқықтық актілер, стандарттар мен талап бір болғанның өзінде өңірлердегі білім сапасындағы айырмашылық 2 жылдан асады. Иә, өңірлердегі, ауыл мен қала арасындағы білім сапа­сын­да айырмашылық бар. Шешу жолдарын мұғалімдер мен сарап­шылар сан мәрте айтты. Ал бі­лім басқармаларын жергілікті әкім­діктерге бағынышты болудан құтқарып, тікелей министрлікке қарату мәселесін көтерген Өмір Шыныбекұлы еді. Ол 2015 жылы маусым айында сол кездегі Бі­лім министрі А.Сәрінжіповке ашық хат жазған-ды. Одан кейін белсенді мұғалімдер бірігіп кейінгі министрлер Ерлан Сағадиев пен Күләш Ноғатайқызына арыз-шағымын жеткізген. «Әліппені» мектеп бағдарламасынан алып тастаған экс-министр бұған бас қатырсын ба, кейінге ысыра берген. Шәмшидинова құлық та­нытқанымен, нәтиже шығармаған. Ақыры Аймағамбетов белсенді мұғалімдер «съезін» 3 рет ша­қырып, білім бөлімдерінің жанай­қайына құлақ түрген. Аудандық білім бөлімі мұғалімге жылы шырай танытқанымен, әкім­дік ықпалынан шықпайды. Мұғалім мен директор әкімдік бұйрығымен көше тазалайды, билет сатып алып, газет-журналға жазылады. Құтылғысы келсе де, ішінен тынып жүре береді. Мұның бәрі өзгерді. Өзіне қатысы жоқ қоғамдық істен босатты, қоғамда педагог мәртебесін көтеруді қолға алды. Бастысы, аудандық білім бөлімі тікелей облыстық білім басқармасына қарайды. «Білім басқармалары жергілікті әкімдікке бағынышты болса, сайлау, санақ, сенбілік деген шаралардан тыс қала алмайды. Әкімдік өзіне тәуелді директорды арнайы бұйрық шығармай-ақ телефонмен көндіре алады. Иә, директордың заңға жүгінуге құқы бар. Бірақ әкімдікпен қарым-қатынасын бұзуға дәті баратын директор бізде көп емес», – дейді белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлы. Аятжан Ахметжанұлы да осы мәселеде бірнеше өзекті факторға мән беруді сұрайды. Елімізде аудан, ауылды жерлердегі мектеп министрлік саясатынан тысқары «автономия» секілді өмір сүретінін атап өтті. Осыған сай мектеп директорларын тағайындайтын аудан әкімі, қаржыландыратын да әкім. Ұстаздың айтуынша, аудан әкімі олар үшін Білім ми­нистрлігінен де биік орган. Ал бұдан кейін әкімдер білгенін істеп, үстемдік орнатады. Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, бұл үрдіс тіпті облыс деңгейінде де кездеседі. Жоғарыдағы ұстаз пікірін Асхат Аймағамбетов те мақұлдаған-ды. Аудандық білім бөлімдерінің тікелей облыстық білім басқар­масына қарауының пайдасы директорларды сайлау жүйесінің өзгеруі екенін нұсқаған. «Мұндай басқару жүйесі кері байланысқа, білім саласындағы саясаттың тиім­ді имплементациясына кедергі келтіреді» деген-ді. Алдағы уақыт­та облыстық басқармалар мен қалалық, аудандық білім бөлім­дері басшыларын тағайындау ба­рысында министрліктің «батасы» қа­жет болады. Директорларды тағайындау жүйесі өзгеріп, оларды аттестаттау мен ротациялау инсти­туты жұмыс істейді. Бұл жайында Аятжан Ахметжанұлы: «Шыны керек, аудандық, ауылдық жердегі біраз директор – аудандық, облыстық мәслихатқа өтпей қалған экс-депутаттар мен сайланбай қалған әкімдер. Бұлар үшін мектеп түсі­ніксіз әлем, тек зейнетке шығар алдындағы «құтты» орын. Бұл дәл осындайлардың директор болып кетуінің алдын алады», – дейді. Сонымен қатар өзгеріс қар­жыландыру дейтін түйінді тар­қататын сыңайлы. Өйткені мек­тептерді жылыту маусымына дайын­даудың жанында-ақ түйт­кіл­дің барын байқайсыз. Оған жөн­деу жұмыстары мен білім беру ұйымдарын салу барысындағы жемқорлық фактілерін қосыңыз. Оқулықпен қамтамасыз етудің астарында да ашылмай қалған жайт бар. Егер білім саласындағы басқару жүйесі өзгеретін болса, бірізділік салтанат құрар еді. Осы тұста білім беру ұйымдарын облыстан тікелей қаржыландыру біраз мәселенің алдын алады. Мұны бізге Аятжан Ахметжанұлы түсіндіріп берді. «Білім саласына бөлінген қаржының тікелей жетпеуі, орта жолдан талан-таражға ұшырау фактісі көп. Білімге бөлінген біраз ақшаны аудан, ауыл әкімдері уақытылы жеткізбейді. Немесе орта жолдан бұрып жібереді де, ауылдық, аудандық мектептер жетімнің күйін кешеді. Оны талап етейін десе, тағайындаған әкіміне қарсы шығу мүмкін емес. Сондықтан ләппай тақсыр боп, күй кешеді. Облыстан тікелей қаржыландыру дұрыс қаржы игеруге мүмкіндік береді», – дейді білікті ұстаз. Бұл шешімнің кемшін тұсы жоқ деуге келмейді. Мәселен, ара­қашықтық рөл ойнауы мүмкін. Kazbilim орталығы директорының сөзінше, шалғай аудандық мектептерді бақылау, басқару қиынға соғады. Аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармаларының арақашықтығы жұмыс уақыты мен өнімділігіне кері әсері етуі мүмкін. Ал Өмір Шыныбекұлы аудан­дағы мектептерді облыстық басқарманың құзыретіне өткізу ештеңені өзгертпейтініне се­німді. Оның пікірінше, бұл облыс­тық басқарманың жұмысын көбейт­кеннен өзге еш пайдасы жоқ. Сондықтан бәрін министрлік ұйыстырып, мәселені майшаммен қарағанын қалайды. Осы тұста Аймағамбетов министрліктің 20 мыңға жуық ұйымды тиімді басқаруы әзірше мүмкін емес екенін айтқан. Ол қа­зір білім бөлімдерін облыс­тық басқармаларға беруді ұйым­дастырып, тиімді конфигурация мен өзара іс-қимыл жүйесін рет­теуге мән береді. Келешекте білім жүйесіндегі барлық бөлімде цифрландыру сәтті іске асса, Шыныбекұлының талабы орындалуы мүмкін.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ