Сберге неге мұқтажбыз? – 2
Сберге неге мұқтажбыз? – 2
311
оқылды

Электронды Үкіметтің eGov.kz порталы ресейлік Сбер-дің GovTech тұғырнамасына көшірілетіні туралы «суық» жаңалық жарияланғалы тура 2 апта өтті. Осы уақытта қан­шама сын-запыран «төгілді». Одан белгілі болғаны: қазақстандықтар өзіне, бала­ла­рына, денсаулығына, баспанасына, басқасына қатысты дербес дерегі мен электронды құжаттардың ресейлік платформаға енуіне үзілді-кесілді қарсы. Цифрлық даму министрі оған жол берілмейтінін айтып, әлек болды. Ал IT мамандары не дейді?

Лашықтарды бұзып, заңғар үйлер тұрғызбақ

Бір жайт анық: МемТех сала­сын дамыту жөнінен Ресей Қазақ­станнан көп артта келеді. Содан меморандумды қолдай сөйлеген блогерлер нақты дәлел-дәйек кел­тіре алмай, «ағашы аласа болса да, алмасы тамаша» деген сияқты жай­дақ сөзбен жұрттың жынына тиді, ұятқа қалды. Бұл жерде уағда­ластықтың қандай да бір жай-жап­сарын айту қиын еді. Біріншіден, құжаттың толық мәтіні жария­ланбады. Екіншіден, меморандум келісімшарт емес, онда мәміленің бүге-шігесі жазылмайды. Қоғамда пікірталас дүмпуін туғызған тақырыпқа орай кеш те болса, Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тіл қатты. Жас министр эфирден жылы жы­миып, бәріне бас бармағын көрсе­тіп, елді барынан айырылып қал­майтынына сендіруге тырысты. Бағдат Батырбекұлы жай министр емес, кәсіби ІТ маманы әрі стар­та­пер. Демек, оның байламына да құлақ түрсек. – Біріншіден, біз eGov-ты Ре­сей Федерациясына бермейміз! Бұл портал тек қана Қазақстанға тиесілі. Ендеше «Қазақ­стандық­тар­дың барлық дерегі РФ-ға қол­жетімді болады» деген ұрандар орынсыз. Неліктен? Қазақстанда көп­теген компания шетелдік жаб­дықтармен жұмыс істеп жатыр. Де­сек те, соны пайдаланып, шет ел­дер біздің мәліметтерді ала ала­ды деген сөз жоқ. Электронды Үкі­мет­ке келсек, бұл жерде біреу біреуге ақпарат береді деген сұрақ туын­дамауы да керек, – деді Б.Мусин. Ол eGov.kz-тің не екенін қыс­қаша түсіндіре кетті. Бұл портал – «витрина» ғана, ол құрсым (шина немесе computer bus) арқылы ­бар­лық мемлекеттік базамен қо­сы­лады. «Ал ол базаларға, жүйелерге бөгде ешкім қол жеткізе алмайды! Қазақстандық мемсекторда 400-ден астам ақпараттық жүйе бар. Арасында жылжымайтын мүліктің мемқоры секілді ірі база да, сон­дай-ақ Олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын база да бар. Біздің міндетіміз – әрбасқа технология­ларда жазылған, сапасы әрқилы, кейде бағдарламашы этикасы сақталмай, ескірген құжаттамада әзірлене салынған осы жүздеген жүйелерден бас тартып, оның ор­нына барлық деректер ортақ бір платформада реттелетін және тү­сінікті болатын ондаған жүйеге өту», – деді министр. Бағдат Мусин тәуелсіздік жыл­дарында мемлекеттің мақтанышы болып келген eGov-ты «миллион­даған ескі-құсқы лашықтарға» те­ңеді. Енді оларды күресінге жі­беріп, «орнына сапалы, заманауи технологиямен жабдықталған ондаған жаңа заңғар тұрғын үй тұрғызбақ» ниетте.

«Майшелпектен» жергілікті маман ауыз тиеді

«Цифрландырудың «қырық құрақ» моделінен тұтас платфор­малық моделіне өтетін кезіміз кел­ді. IT саласындағы кез келген ше­шім, әсіресе халықаралық ше­шім «киберқалқанды» ескереді. Біз талап қойдық: Қазақстан бағдар­ламалық қамтылым мен техника­лық қолдауды өзіне алады. Сбер барлық компоненттің бастапқы кодын көрсетеді және оларды Қа­зақстандағы серверлерге орна­ластырады деп уағдаластық. Яғни, біз бұл өнімді бастапқы кодта­рымен аламыз және ары қарай өзі­міз сүйемелдеп, өзгерте бе­реміз!» – деген сенімде Цифрлық даму министрі. Осының алдында ол жаңа тұ­ғырнамаға 500 млн доллар бағыт­талатынын айтқан. Ал бұл қазіргі бағамда 215 миллиард теңгеге тең. Енді бұл қаржының бәрі Сберге берілмейтінін айтып отыр. – Екіншіден, бөлінетін 500 млн доллардың бәрі Сберге жұмсал­майды. Меморандум – келісімшарт емес. Үкімет қол қойған мемо­ран­дум цифрлық трансформа­ция­ны қарастырады және 500 млн дол­ларға бағаланады. Осы соманың белгілі бір бөлігі жергілікті IT на­рыққа инвестицияланады: қазақ­стандық компаниялар да плат­формалық тәсілді енгізу бойынша жұмыс істейді. Соманың тағы бір бөлігі инфрақұрылымдық шешім­дерге кетсе, үшінші бөлігі Сбердің жобасын сатып алуға арнала­ды, – деді Бағдат Мусин. Министр платформалық мо­дельді енгізуді талқылау үшін ко­миссия құрылатынын, оған қоғам белсенділері мен IT нарық өкілдері кіретінін жеткізді. Сбер де са­рап­шыларға арнап, таныстырылым өткізбек. Жүздеген миллиард теңге құ­йылатын қымбат жобадан билік таңдап алған жергілікті мамандар өз үлесін ала алады. Б.Мусин қызығушылық білдірген отандық ІТ компаниялар мен мамандарға өзіне жеке хабарласып, байланыс деректерін қалдыруды сұрады. Іріктелген топ Сбердің оқы­туы­нан өтеді, тұғырнаманың қалай жұмыс істейтінін көреді. Плат­форма жұмысын ары қарай жүр­гізумен солар айналысуы мүмкін. Сбер тобына кіруден дә­мелене ме, әлде билікпен ұрыс­қысы кел­мей ме, бұл тақырыпта ақпарат құралдарына сындарлы пікірін айтудан ІТ мамандардың біразы бойын аулақ салатын көрінеді. Ал түсініктеме бергендері eGov.kz порталын жаңартатын кез жет­кенін айтады. Мәселе тек Үкі­мет­тің таңдауы неге ресейлік ком­па­нияға түскенінде болып тұр.

Шетелдегі қазақ айтишілерін тартқан жөн

«Бағдат Мусин Microsoft-пен ке­ліссөз жүргізгенін, бірақ ол бас­тапқы кодтарын беруден бас тарт­қанын алға тартады. Сондықтан Сбермен уағдаласқан. Бірақ ре­сейлік квазимемлекеттік кәсіп­орын сол кодтарды Кремльге де бермесіне қандай кепіл бар? Microsoft секілді техногиганттар өз кодын не үкіметтерге, не арнайы қызметтерге бермейді. Өйткені бұл оның миллиардтаған доллар табыс әкелетін байлық көзі, онымен бө­ліспейді. Осыған сенімді болған­дықтан Сингапур, БАӘ және басқа озық мемлекеттер МемТех саласын Microsoft-қа сеніп тапсырды», – дейді бағдарлама әзірлеуші маман Олжас Күдербай. Оның пікірінше, Қазақстан осы салада халықаралық тендер жа­риялауы керек еді. Тіпті, Аста­наның бас жоспарын әзірлеуге халықаралық конкурс жарияланды емес пе?! CEO-менеджер, Штутгарт уни­верситетін ақпараттық техно­логия мамандығы бойынша бітір­ген Бауыржан Қанафин плат­фор­маның бастапқы кодтарына қол жеткізу ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін толыққанды жете қоярына сенбейді: «Ондаған, тіпті жүздеген миллион жолдан тұратын бөтеннің төл кодының байыбына бару мүмкін емес», – деп қысқа қайырды ол. Сала мамандары бір мәселеге назар аудартады: тіпті қарапайым сайтқа тапсырыс берсеңіз, оны әзірлеушіге тәуелді болып қаласыз. Ары қарай оған қызмет көрсету, жаңарту, «баг», олқылықтарды тү­зету секілді үдерістерде бәрібір со­ған жүгінуге тура келеді. Зият­керлік меншік деген ол бар. Ті­келей болмағанымен, жанама түр­де сіздің деректеріңізге әзірлеу­шінің қол жеткізуі ғажап емес. Болашақта Қазақстанға шұғыл түрде Сбердің «ГосТехынан» ары­луға тура келмей ме? Эльнар Кенжалиев жұрттың жүрегін май ішкендей еткені бұл істе жариялылық пен ашықтықтың жоғы деген тоқтамға келді. «Шешім қабылдауда айқындық жоқ. Ал анық-қанығы айтылмаған дүниеге адамдар өз ойынан құ­растырып, егжей-тегжейлер қоса­тыны мәлім. Айқын рәсімі өте қарапайым: біріншіден, шынымен Егов көнерді десе, халықаралық ІТ консультанттар мен аудиторларды жұмылдырып, қолданыстағы жү­йеге алдымен мұқият аудит жаса­луы керек. Екіншіден, халық­ара­лық нарықта біліктілігімен та­ныл­ған ІТ мамандарды не фир­маны тартып, техникалық тапсыр­ма әзірлеуі тиіс. Үшіншіден, ха­лық­аралық тендер жарияланып, тә­уелсіз ІТ «гурулар» кірген комис­сия лайықтысын, ең қауіпсізін таң­дағаны жөн», – деді Э.Кенжалиев. Корпоративтік даму саласы­ның маманы Жарқын Байпақбаев дамыған елдерде, Кремний, Сили­кон алқаптарында, Goodle, Facebook, Linkedln және өзге жаһандық алпауыттарда қазақстандық белді ІТ мамандар жұмыс істейтінін еске салды. Егер елде қалған бағдар­ламашылардың әлеует, біліктілігін менсінбесе, соларды шақыруға болар еді.

Сбер бұрынғы қателігінен сабақ алды ма?

Цифрлық даму министрі түсі­ніктеме бергенімен, сарапшылар ортаға тастаған біраз сұрақ жауап­сыз қалды. Мысалы, Сбер бар­лық бастапқы кодын бергенімен, өзі «суперпайдаланушы» мәр­тебесін сақтап қалмай ма? Үкімет жаңа тұғырнаманың бүкіл кодын шпион­дық «артқы есіктерге» қа­лай тексеріп шықпақ және ондай тексеру жоспарланған ба? «Тұтас платформаның код­та­рын тегіс тексеріп шығу мүмкін емес деген сенімдемін. Бірақ бәрі­бір қарапайым критерийлерді, же­­ңіл тексеру алгоритмдерін қа­был­дай салмау керек. Әйтпесе, олар оң, қанағаттанарлық нәтиже көр­сете салады», – деп ескертті белгілі ІТ эксперт, Eurasia Blockchain Fintech Group қызметкері Нығмет Есбай. Ресейлік белгілі ІТ сарапшы Евгений Тим Қазақстанның өзінде жақсы тұғырнама жасауға бола­тынын айтады. «Ресейлік интернет-алыптар әлі күнге цифрландыруда не өз елін алға бастай алмай отыр, не шетелдік нарықта ірі жетістіктерге жетпеді. Қайта қазақ елі біздің алдымызды орап, артқа тастап кете ме деп ойлаймын. Мұның жарқын үлгісі бар, мысалы, бертінде ғана ақпараттық технологиялар секто­рына аяқ басқан Kaspi қазір Қа­зақстанның аса ірі цифрлық экожүйесінің басқарушысына айналды. Оның капиталдануы бүгінде Mail.ru Group-тан 2 еседен артыққа көп», – деді ол. Себебі Е.Тимнің айтуынша, Mail.ru, Яндекс секілді ресейлік ірі интернет компаниялар дамуда кенжелеп қала бастады. «Mail-ға қарағанда Яндекс Сбермен ынтымақтастыққа ұзағы­рақ төзді. Өйткені бұл ұлттық мүд­делерді қорғау үшін керек болған көрінеді. Салдарынан өңірдегі алып финтех-экожүйеге айналу мүмкіндігін жіберіп алды. Ян­декс­тің Сбермен серіктестігі күр­делі жүрді. Дамуға қатысты көз­қарас­тағы айырмашылықтар аяққа орал­ғы болды. Ал Mail Сбермен ынты­мақтастыққа екі жылға да шыда­ма­ды. Олар Сбер секілді ауыр се­рік­тесінің бұл істе кедергі екенін жақ­сы түсінді. Нарықтар жылдам өзгеруде. Ал Сбер оған бейімде­­ле алмай отыр», – деген пікірде Е.Тим. Ресейлік бағдарлама әзірлеуші, архитектор Сергей Окатов бұл алыптың айтишілермен сыйыса бермейтінін еске салды. Ол Герман Грефтің Сбербанкке бағдарла­машылар керек емес деген атақты сөзін алға тартты: «Біз күресіп жүрген көптеген бағдарлама­лау­шылар бар» деген болатын ол. Ресейлік «Ведомости» газетінің жазуынша, осыдан бес жыл бұрын Г.Греф шамамен 30 миллиард рубль шығындалған Сбердің ІТ плат­формасының тиімсіз екенін мо­йындап, жаңасын жасауға тап­сырма берді. Соның кесірінен, Сбербанкке бүкіл ІТ тұғырнамасын түбегейлі өзгертуге тура келген. Жалпы, электронды Үкіметті көшіру ісін сынаған адамдар хей­тер, хайпер емес, елдің бола­ша­ғына, мемлекеттік мүддеге қамқор­лық танытушылар, ұлт жана­шыр­лары болса керек. Олардың да пі­кірі ескерілгені жөн. Бұл істе жа­рық түсірілуі тиіс көлеңкелі тұстар жетерлік көрінеді.

Елдос СЕНБАЙ