Электронды Үкіметтің eGov.kz порталы ресейлік Сбер-дің GovTech тұғырнамасына көшірілетіні туралы «суық» жаңалық жарияланғалы тура 2 апта өтті. Осы уақытта қаншама сын-запыран «төгілді». Одан белгілі болғаны: қазақстандықтар өзіне, балаларына, денсаулығына, баспанасына, басқасына қатысты дербес дерегі мен электронды құжаттардың ресейлік платформаға енуіне үзілді-кесілді қарсы. Цифрлық даму министрі оған жол берілмейтінін айтып, әлек болды. Ал IT мамандары не дейді?
Лашықтарды бұзып, заңғар үйлер тұрғызбақ
Бір жайт анық: МемТех саласын дамыту жөнінен Ресей Қазақстаннан көп артта келеді. Содан меморандумды қолдай сөйлеген блогерлер нақты дәлел-дәйек келтіре алмай, «ағашы аласа болса да, алмасы тамаша» деген сияқты жайдақ сөзбен жұрттың жынына тиді, ұятқа қалды. Бұл жерде уағдаластықтың қандай да бір жай-жапсарын айту қиын еді. Біріншіден, құжаттың толық мәтіні жарияланбады. Екіншіден, меморандум келісімшарт емес, онда мәміленің бүге-шігесі жазылмайды. Қоғамда пікірталас дүмпуін туғызған тақырыпқа орай кеш те болса, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тіл қатты. Жас министр эфирден жылы жымиып, бәріне бас бармағын көрсетіп, елді барынан айырылып қалмайтынына сендіруге тырысты. Бағдат Батырбекұлы жай министр емес, кәсіби ІТ маманы әрі стартапер. Демек, оның байламына да құлақ түрсек. – Біріншіден, біз eGov-ты Ресей Федерациясына бермейміз! Бұл портал тек қана Қазақстанға тиесілі. Ендеше «Қазақстандықтардың барлық дерегі РФ-ға қолжетімді болады» деген ұрандар орынсыз. Неліктен? Қазақстанда көптеген компания шетелдік жабдықтармен жұмыс істеп жатыр. Десек те, соны пайдаланып, шет елдер біздің мәліметтерді ала алады деген сөз жоқ. Электронды Үкіметке келсек, бұл жерде біреу біреуге ақпарат береді деген сұрақ туындамауы да керек, – деді Б.Мусин. Ол eGov.kz-тің не екенін қысқаша түсіндіре кетті. Бұл портал – «витрина» ғана, ол құрсым (шина немесе computer bus) арқылы барлық мемлекеттік базамен қосылады. «Ал ол базаларға, жүйелерге бөгде ешкім қол жеткізе алмайды! Қазақстандық мемсекторда 400-ден астам ақпараттық жүйе бар. Арасында жылжымайтын мүліктің мемқоры секілді ірі база да, сондай-ақ Олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын база да бар. Біздің міндетіміз – әрбасқа технологияларда жазылған, сапасы әрқилы, кейде бағдарламашы этикасы сақталмай, ескірген құжаттамада әзірлене салынған осы жүздеген жүйелерден бас тартып, оның орнына барлық деректер ортақ бір платформада реттелетін және түсінікті болатын ондаған жүйеге өту», – деді министр. Бағдат Мусин тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің мақтанышы болып келген eGov-ты «миллиондаған ескі-құсқы лашықтарға» теңеді. Енді оларды күресінге жіберіп, «орнына сапалы, заманауи технологиямен жабдықталған ондаған жаңа заңғар тұрғын үй тұрғызбақ» ниетте.«Майшелпектен» жергілікті маман ауыз тиеді
«Цифрландырудың «қырық құрақ» моделінен тұтас платформалық моделіне өтетін кезіміз келді. IT саласындағы кез келген шешім, әсіресе халықаралық шешім «киберқалқанды» ескереді. Біз талап қойдық: Қазақстан бағдарламалық қамтылым мен техникалық қолдауды өзіне алады. Сбер барлық компоненттің бастапқы кодын көрсетеді және оларды Қазақстандағы серверлерге орналастырады деп уағдаластық. Яғни, біз бұл өнімді бастапқы кодтарымен аламыз және ары қарай өзіміз сүйемелдеп, өзгерте береміз!» – деген сенімде Цифрлық даму министрі. Осының алдында ол жаңа тұғырнамаға 500 млн доллар бағытталатынын айтқан. Ал бұл қазіргі бағамда 215 миллиард теңгеге тең. Енді бұл қаржының бәрі Сберге берілмейтінін айтып отыр. – Екіншіден, бөлінетін 500 млн доллардың бәрі Сберге жұмсалмайды. Меморандум – келісімшарт емес. Үкімет қол қойған меморандум цифрлық трансформацияны қарастырады және 500 млн долларға бағаланады. Осы соманың белгілі бір бөлігі жергілікті IT нарыққа инвестицияланады: қазақстандық компаниялар да платформалық тәсілді енгізу бойынша жұмыс істейді. Соманың тағы бір бөлігі инфрақұрылымдық шешімдерге кетсе, үшінші бөлігі Сбердің жобасын сатып алуға арналады, – деді Бағдат Мусин. Министр платформалық модельді енгізуді талқылау үшін комиссия құрылатынын, оған қоғам белсенділері мен IT нарық өкілдері кіретінін жеткізді. Сбер де сарапшыларға арнап, таныстырылым өткізбек. Жүздеген миллиард теңге құйылатын қымбат жобадан билік таңдап алған жергілікті мамандар өз үлесін ала алады. Б.Мусин қызығушылық білдірген отандық ІТ компаниялар мен мамандарға өзіне жеке хабарласып, байланыс деректерін қалдыруды сұрады. Іріктелген топ Сбердің оқытуынан өтеді, тұғырнаманың қалай жұмыс істейтінін көреді. Платформа жұмысын ары қарай жүргізумен солар айналысуы мүмкін. Сбер тобына кіруден дәмелене ме, әлде билікпен ұрысқысы келмей ме, бұл тақырыпта ақпарат құралдарына сындарлы пікірін айтудан ІТ мамандардың біразы бойын аулақ салатын көрінеді. Ал түсініктеме бергендері eGov.kz порталын жаңартатын кез жеткенін айтады. Мәселе тек Үкіметтің таңдауы неге ресейлік компанияға түскенінде болып тұр.Шетелдегі қазақ айтишілерін тартқан жөн
«Бағдат Мусин Microsoft-пен келіссөз жүргізгенін, бірақ ол бастапқы кодтарын беруден бас тартқанын алға тартады. Сондықтан Сбермен уағдаласқан. Бірақ ресейлік квазимемлекеттік кәсіпорын сол кодтарды Кремльге де бермесіне қандай кепіл бар? Microsoft секілді техногиганттар өз кодын не үкіметтерге, не арнайы қызметтерге бермейді. Өйткені бұл оның миллиардтаған доллар табыс әкелетін байлық көзі, онымен бөліспейді. Осыған сенімді болғандықтан Сингапур, БАӘ және басқа озық мемлекеттер МемТех саласын Microsoft-қа сеніп тапсырды», – дейді бағдарлама әзірлеуші маман Олжас Күдербай. Оның пікірінше, Қазақстан осы салада халықаралық тендер жариялауы керек еді. Тіпті, Астананың бас жоспарын әзірлеуге халықаралық конкурс жарияланды емес пе?! CEO-менеджер, Штутгарт университетін ақпараттық технология мамандығы бойынша бітірген Бауыржан Қанафин платформаның бастапқы кодтарына қол жеткізу ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін толыққанды жете қоярына сенбейді: «Ондаған, тіпті жүздеген миллион жолдан тұратын бөтеннің төл кодының байыбына бару мүмкін емес», – деп қысқа қайырды ол. Сала мамандары бір мәселеге назар аудартады: тіпті қарапайым сайтқа тапсырыс берсеңіз, оны әзірлеушіге тәуелді болып қаласыз. Ары қарай оған қызмет көрсету, жаңарту, «баг», олқылықтарды түзету секілді үдерістерде бәрібір соған жүгінуге тура келеді. Зияткерлік меншік деген ол бар. Тікелей болмағанымен, жанама түрде сіздің деректеріңізге әзірлеушінің қол жеткізуі ғажап емес. Болашақта Қазақстанға шұғыл түрде Сбердің «ГосТехынан» арылуға тура келмей ме? Эльнар Кенжалиев жұрттың жүрегін май ішкендей еткені бұл істе жариялылық пен ашықтықтың жоғы деген тоқтамға келді. «Шешім қабылдауда айқындық жоқ. Ал анық-қанығы айтылмаған дүниеге адамдар өз ойынан құрастырып, егжей-тегжейлер қосатыны мәлім. Айқын рәсімі өте қарапайым: біріншіден, шынымен Егов көнерді десе, халықаралық ІТ консультанттар мен аудиторларды жұмылдырып, қолданыстағы жүйеге алдымен мұқият аудит жасалуы керек. Екіншіден, халықаралық нарықта біліктілігімен танылған ІТ мамандарды не фирманы тартып, техникалық тапсырма әзірлеуі тиіс. Үшіншіден, халықаралық тендер жарияланып, тәуелсіз ІТ «гурулар» кірген комиссия лайықтысын, ең қауіпсізін таңдағаны жөн», – деді Э.Кенжалиев. Корпоративтік даму саласының маманы Жарқын Байпақбаев дамыған елдерде, Кремний, Силикон алқаптарында, Goodle, Facebook, Linkedln және өзге жаһандық алпауыттарда қазақстандық белді ІТ мамандар жұмыс істейтінін еске салды. Егер елде қалған бағдарламашылардың әлеует, біліктілігін менсінбесе, соларды шақыруға болар еді.Сбер бұрынғы қателігінен сабақ алды ма?
Цифрлық даму министрі түсініктеме бергенімен, сарапшылар ортаға тастаған біраз сұрақ жауапсыз қалды. Мысалы, Сбер барлық бастапқы кодын бергенімен, өзі «суперпайдаланушы» мәртебесін сақтап қалмай ма? Үкімет жаңа тұғырнаманың бүкіл кодын шпиондық «артқы есіктерге» қалай тексеріп шықпақ және ондай тексеру жоспарланған ба? «Тұтас платформаның кодтарын тегіс тексеріп шығу мүмкін емес деген сенімдемін. Бірақ бәрібір қарапайым критерийлерді, жеңіл тексеру алгоритмдерін қабылдай салмау керек. Әйтпесе, олар оң, қанағаттанарлық нәтиже көрсете салады», – деп ескертті белгілі ІТ эксперт, Eurasia Blockchain Fintech Group қызметкері Нығмет Есбай. Ресейлік белгілі ІТ сарапшы Евгений Тим Қазақстанның өзінде жақсы тұғырнама жасауға болатынын айтады. «Ресейлік интернет-алыптар әлі күнге цифрландыруда не өз елін алға бастай алмай отыр, не шетелдік нарықта ірі жетістіктерге жетпеді. Қайта қазақ елі біздің алдымызды орап, артқа тастап кете ме деп ойлаймын. Мұның жарқын үлгісі бар, мысалы, бертінде ғана ақпараттық технологиялар секторына аяқ басқан Kaspi қазір Қазақстанның аса ірі цифрлық экожүйесінің басқарушысына айналды. Оның капиталдануы бүгінде Mail.ru Group-тан 2 еседен артыққа көп», – деді ол. Себебі Е.Тимнің айтуынша, Mail.ru, Яндекс секілді ресейлік ірі интернет компаниялар дамуда кенжелеп қала бастады. «Mail-ға қарағанда Яндекс Сбермен ынтымақтастыққа ұзағырақ төзді. Өйткені бұл ұлттық мүдделерді қорғау үшін керек болған көрінеді. Салдарынан өңірдегі алып финтех-экожүйеге айналу мүмкіндігін жіберіп алды. Яндекстің Сбермен серіктестігі күрделі жүрді. Дамуға қатысты көзқарастағы айырмашылықтар аяққа оралғы болды. Ал Mail Сбермен ынтымақтастыққа екі жылға да шыдамады. Олар Сбер секілді ауыр серіктесінің бұл істе кедергі екенін жақсы түсінді. Нарықтар жылдам өзгеруде. Ал Сбер оған бейімделе алмай отыр», – деген пікірде Е.Тим. Ресейлік бағдарлама әзірлеуші, архитектор Сергей Окатов бұл алыптың айтишілермен сыйыса бермейтінін еске салды. Ол Герман Грефтің Сбербанкке бағдарламашылар керек емес деген атақты сөзін алға тартты: «Біз күресіп жүрген көптеген бағдарламалаушылар бар» деген болатын ол. Ресейлік «Ведомости» газетінің жазуынша, осыдан бес жыл бұрын Г.Греф шамамен 30 миллиард рубль шығындалған Сбердің ІТ платформасының тиімсіз екенін мойындап, жаңасын жасауға тапсырма берді. Соның кесірінен, Сбербанкке бүкіл ІТ тұғырнамасын түбегейлі өзгертуге тура келген. Жалпы, электронды Үкіметті көшіру ісін сынаған адамдар хейтер, хайпер емес, елдің болашағына, мемлекеттік мүддеге қамқорлық танытушылар, ұлт жанашырлары болса керек. Олардың да пікірі ескерілгені жөн. Бұл істе жарық түсірілуі тиіс көлеңкелі тұстар жетерлік көрінеді.Елдос СЕНБАЙ