Ерте жасалған емнің дауасы мол
Ерте жасалған емнің дауасы мол
© коллаж: Елдар Қаба
337
оқылды

Елімізде есту қабілеті нашар бала­лардың қатары кө­бейген. Мұндай бала­лар­ға ар­налған ар­найы мектептер бар. Тіпті, мүм­кін­дігі шектеулі жан­дар үшін ар­на­йы орталықтар да бар. Бірақ олардың қатары көп емес. Алай­да пандемия мұндай орта­лық­тарға кері әсерін тигізген жоқ па? Олардың жұмысы қалай жүріп жатыр? 

Осыдан үш жыл бұрын белгілі әнші Кенжебек Жанәбілов мүм­кіндігі шектеулі балаларға арнап арнайы орталық ашқан. Орталық көбіне есту қабілеті нашар бала­лардың шығармашылығын дамы­туға арналған. Аталған орталықта әу баста 40 бала білім алған бол­са, қазір олардың саны едәуір артқан. Орталықта сурдопе­да­гог­тер қыз­мет етіп, балаларға дом­быра, во­кал өнерін үйретуді бас­таған еді. Одан бері де үш жыл өтті. О баста Кенжебек Жанәбілов «Біздің орталықта есту қабілеті төмен, кахилярлы имплант салынған балалармен жұмыс істеледі. Мен бұл проблеманы өз басымнан өт­кіздім. Менің үлкен ұлым құлағы есті­мейтін болып дүниеге келді. Біз 7 жасына дейін көп уақыт созып, жүріп алдық. Миына дыбыс келмеген соң адамның миы ұйықтап қалады екен. Кахилярды имп­лантты 6,5 жасында орнаттық. Содан бас­тап баламыз мектепке барды, аттарымызды айтады» деген еді. Балаға операция жасап, құлағына кішкентай аппарат орнатып бергеннен кейін ата-ана міндетті түрде мамандармен де, баласымен де барынша көп уақыт жұ­мыс істеуі керек. Кенжебек бұл іске оңай келмегенін айтады. «Егер ата-ана дұрыстап айналыспаса, баланың сөйлеп кетуі қиын, себебі ол адаммен қарым-қатынас жаса­маса, не сөйлейді? Бала сөйлеп кетуі үшін операцияны үш жасқа дейін жасау керек екен. Үш жастан кейін бала естімесе, оның миы ұйықтап қалады екен. Сосын оны дамыту қиын болады. Мектепке тоғыз жа­­­сын­да операция жасатқан бір қыз келді. Аты – Іңкәр. Сол қыз үйден кейін барсам, өз атын айтып, анасы мен әкесінің атын айтып қалыпты. Сол кезде қуаныштан кө­зіме жас келді. Анасы да ыстық ықы­ласын білдіріп жатыр. Сол кезде бойымды бір ра­хат сезімі биледі. Жүрегім жылып, бұл істі босқа жасап жүрмегенімді сезін­дім», – дейді әнші. Қазір орталықтың жай-күйі қандай? Соны білмек болып, әншіге қоңырау шал­дық. Қоңырауды әншінің өзі емес, бауыры көтерді. Пандемия басталғалы орталықтың жұмысы тоқтап тұрғанын, негізінен бала саны артқанын, көпшілік мұны емдеу ор­талығы деп шатастырып алатынын айтады. «Бұл орталық ақылы емес, тегін. Мұны мектеп деп айтсақ та болады. Одан бөлек, вокал, домбыра үйретеді. Сөздерді қалай айтуды үйренеді. Күніне бала екі-үш сағат орталыққа барып, да­йындалады. Бұл ем­хана емес. Логопед, сурдопедагогтер жұ­мыс істейтін орталық. Мұнда балалардың тілін жаттықтырады, әріптер жаттайды. Ойын дамытуға көмегін тигізеді. Келе­шекте бұл орталықты үлкен мектепке ай­налдыру жоспарда бар. Мек­теп-интернет ашсақ деп отырмыз. Қазір пандемия болған соң, бұл жоспарымыз уақытша тоқтап тұр. Өйткені мұндай бала­лармен мұғалімдер онлайн жұмыс істей алмайды. Бұл орталыққа көбіне кахилярлы имплант салдырған балалар келеді. Ор­талықтың жұмыс істей баста­ғанына үш жылдан асты», – дейді әншінің інісі. Кейбір деректерге қарағанда, елімізде 200 000-нан астам адам есту қабілеті шек­теулі жандардың тізімінде тұр. Республика бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 24 мектеп бар. Оның үшеуі – Ал­матыда, екеуі – Шымкентте, қалғандары әр облыс орталығында орналасқан. Соның бірі – Алматыдағы «Үміт» мүгедектерді қолдау орталығы. Орталықтың ашыл­ға­нына 14 жылдай болыпты. Орталықты ашуға Аманбике Ерғалиеваның да басынан өткен жайт себеп болыпты. Өйткені оның ұлының сәби кезінде алған үшінші АКДС екпесі кері әсер етіп, құлағы естімей қалған. Қазір баласы отбасылы. Келінінің де құлағы естімейді. Екі немересінің біреуі есту қабілетінен айырылған. «Үміт» орталығының жетекшісі Аман­бике Өсербайқызы да мұндай балалар қо­ғамнан алшақ кетпесе екен деп алаң­дайды. Ол өзінің Baribar сайтына берген сұхбатында: «Мұндай балалар мектеп бітірген соң бірден жұмысқа орналасып кете алмайды. Өйткені бітіретін мектеп­терінің өзі толық емес, орта білім болып есептеледі. Сол үшін де колледжге ғана түседі. Бізде Кеңес дәуірінен қалған «құ­лағы естімейтін жандар көше сыпырушы, еден жуушы, тігінші, етікші деген кәсіп­терді істеу керек» деген жаңсақ пікір бар. Қоғам оларға әлі дұрыс қарай алмай ке­леді. Мысалы, менің баламның маманды­ғы – шаштараз-стилист. Ал келінім Ас­танада аспаз мамандығы бойынша оқыған. Алайда екеуі де жұмыс таба алмады. Осы орталықтың негізінде балама шағын шаш­тараз да аштық. Бірақ бизнесі жүрмеді. Се­бебі құлағы естімейтін жандарға шашын ешкім сеніп тапсырмайды» деген екен. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Мәселен, шымкенттік Айдардың (есімі өзгертіп алынды – ред.) туғанынан құлағы естімейді. Арнайы мектеп-интернетті бітірген соң етікші болып еңбек ете бас­тады. Келіншегі де тігінші. Екеуінің ша­ғын бизнесі бар. Кейде жұмыстары жүреді, кейде тоқтап қалады. Пандемия бастал­ғалы бері тіптен қиындап кетті. Соның өзінде ешкімге алақан жайып, қол қусы­рып отырған жоқ. «Шағын кәсібіміз жүріп кетсе, еш қиналмас едік. Кейде бізге мү­сіркей қарайтындар өте көп. Сол дүние жанымызға батады. Біздің де қоғамнан бөлек өмір сүргіміз келмейді. Біздің де екі қол, екі аяғымыз бар пенде екенімізді ұқса дейміз. Құлағымыз естімей, сөйлей ал­майтынымыз үшін кінәлі емеспіз ғой» дейді. Айдарға анықтама қағазына құлағы естімейтін мүмкіндігі шектеулі ІІІ топ деп жазып берген. Керісінше елімізде І, ІІ топқа берілетін мүмкіндіктер өте көп. Олар автобуста тегін жүре алады, адвокат, нотариустарды тегін қолданады. Баспана кезегіне тұруға да мүмкіндік бар. Ал ІІІ топтағыларға мұндай қамқорлық аз екенін айтады. Сол үшін де тіпті жұмысқа да орналаса алмайтынын айтып отыр. Жалпы, есту қабілетінен айырылу жағ­дайына жеткізетін түрлі себептер бар. Көбіне бала анасының ішінде жатқанда инфекциялық аурулармен, қан аздықпен ауырса, осындай жағдайға душар болуы мүмкін. Мамандар сондай-ақ жүкті ке­зін­де ішетін кейбір антибиотиктер, хи­миялық құрамдағы дәрілер де баланы кемтар қы­лып тууға әсер ететінін айтып отыр. «Шет­елде антибиотиктердің құ­рамын тексереді, жүкті әйелге қалай әсер ететінін байқайды. Ал бізде кез келген дәріні жазып береді. Дәрі адамға әртүрлі әсер етуі мүмкін. Мысалы, кішкентай балаға суық тиіп қал­ды делік. Анасы мен баласын емханаға апарып, жатқызады. Оларға дәрі егеді. Ол дәрінің балаға қа­лай әсер ететінін біл­мейміз», – дейді мамандар. «Бала тілі – бал» дейді. Баланың тілі үш жасқа дейін шығуы керек. Бала тілінің кеш шығуының үш түрлі себебі болуы мүмкін. Біріншісі – физиологиялық себеп. Мұны анықтау үшін маман баланың жақ сүйегі, ауыз қуысы, тісі мен тілінде қандай ақау барын тексеруі керек. Одан кейін – генетикалық себеп. Өйткені ДНҚ арқылы әке-шешеден берілуі мүмкін. Дер кезінде логопед көмегіне жүгінсе, мұның да ше­шімі бар деген сөз. Үшіншісі – психоло­гиялық себеп. Бала құрсаққа біткен сәттен бастап анасының көңіл күйін бақылаған жөн. Егер бала үш жасқа дейін толыққанды сөйлей алмаса, маманның көмегіне жүгінген абзал. Кенжебек Жанәбілов де есту қабілеті төмен балаларға отаны үш жасқа дейін жасату керек дегенді тегін айтып отырған жоқ. Әрине, кейде ата-анаға қолдың қыс­қалығы да әсер етуі мүмкін. Қалай десек те, құлағы естімейтін балалар да қоғамның бір мүшесі. Оны бөлектеп, қоғамнан ал­шақ­татуға болмайды. Мұндай балалар үшін ата-аналардың да ым тілін білуі ма­ңызды. Бізде бұл сала мүлдем дамымай қалған. Өйткені елімізде қазақша үйрететін логопедтер жоқтың қасы. Сурдопе­да­го­гиканы да дамыту маңызды. Осы тұрғыда арнайы мектептер жиірек ашылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Айым БЕКТҰР