Биыл 24 тамыз-5 қыркүйек аралығында Токиода XVI Жазғы Паралимпиада ойындары өтті. Байрақты бәсекеде 25 спортшы 7 спорт түрі бойынша бақ сынады. Токио төріне қазақ дзюдошыларын бастап барған, олардың жүлдегер атануына үлесін қосқан Пара дзюдодан ҚР құрама командасының бас жаттықтырушысы Жандос Қияновпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Қазақстан құрамасы Паралимпиада ойындарында 1 алтын, 3 күміс пен 1 қола медаль еншіледі. Бұл – біз үшін тарихи жетістік. Сондай-ақ бұл жолғы сында пара дзюдо спортынан алты бірдей балуанымыз жарыс жолына шықты. Байрақты бәсекеде сынға түскен татами шеберлерінің арасында Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина күміс медаль иегері атанды. Төртжылдықтың басты додасына барған балуандардың өнеріне көңіліңіз толды ма? Оларға қандай баға бересіз? – Паралимпиадаға тыңғылықты дайындықпен бардық. Балуандар осы сында өздерінің бар қарым-қабілетін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінуге тырысып бақты. Ел құрамасы сапынан 7 пара дзюдошы жарыс жолына шықты, алтауы атыраулық балуандар. Оның 3-еуі ел қоржынына күміс жүлде салды. Өздеріңіз білесіздер, олар Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина. Ал Аманжол Жанбота осы спорт түрінен 5-орын алды. Бұл – қазақ пара дзюдосы үшін үлкен жетістік. Жалпы Паралимпиадаға келер болсақ, жапон халқы кез келген іс-шаралардың бәрін орын-орынымен, уақытымен жасайтын халық екенін дәлелдеді. Пандемияға қарамастан жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық сайыс өз уақытында өтті. Ешқандай шектеулерді сезінген жоқпыз. Балуандардың барлығы да бар күш-жігерлерін салып, жақсы күресті. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстан Туын көкке көтеріп, еліміздің Әнұранын өзге елдердің алдында шырқату болды. Осы ойындарға жолдама алу үшін спортшыларымыз талай сыннан өтіп, талай додадан жеңіп шықты. Сол себепті Токиоға барған әр спортшымыздан жүлде күттік. Соның дәлелі ретінде, міне үш күміс медаль алып отырмыз. Қазақ парадзюдосының жаңа тарихын жаздық. Алыстағы күншығыс елінде жүріп қазақ халқының қолдауын сезіндік. Бізге тілеулес болған барша жанкүйерге алғыс айтқым келеді. Жарыс алдында «Әнуар бабында, бағы жанып жатса, Риода кеткен есені қайтарады» деген болатынмын. Күміспен күптелді. Әрине, алтынға бір қадам қалғанда шалыс бастық. Оған да өкінуге болмайды. Бұйырғаны осы шығар. Әнуар – әлемдік рейтингте үшінші орындағы татами шебері. Осыған байланысты бірінші айналымда қарсыласы болмады. Екінші кезеңде моңғол балуанын жартылай жеңіспен жеңді. Сол жерде аздаған жарақат алды. Мұрны сынды. Саусағын ауыртып алды. Соған қарамастан келесі айналымда венесуэлалық Маркос Бланкомен белдесті. Венесуэлалық спортшы алғашқы айналымда 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерін ұтқан. Екінші белдесуінде Рио ойындарының жеңімпазы өзбек Шерзод Намозовты жеңді. Міне, сондай балуандардан басым түскен қарсыласын Әнуар екі әдіспен жеңді. Бұл ретте Әнуар бабында екенін дәлелдеді. Жалпы, барлық спортшыларға ризамын. Бәрі де әлемдік додада жақсы өнер көрсетті. – Паралимпиада ойындарында балуандарымыздың басты қарсыластары қай елдің спортшылары болды? Жалпы, пара дзюдоның елімізде даму деңгейі қалай? Қай облыстарда мықты дамыған? Елімізде пара дзюдомен айналысатындар саны көп пе? – Пара дзюдо күресі, жалпы дзюдо спорты бүкіл әлемде қарқынды түрде дамып келе жатқан спорт түрі. 200-ден астам елде федерациясы бар. Сондықтан дзюдода бәсекелестік өте жоғары. Паралимпиадаға да әр елдің беткеұстар мықты балуандары келді. Бірақ осы жолы бізге Әзербайжан елінің балуандары лайықты деңгейде қарсылық танытты. Ануар да, Зарина да финалдық белдесуде әзербайжандық спортшылардан жеңілді. Одан бөлек, бұл сында ресейлік, украиналық, өзбекстандық саңлақтар да үздіктердің қатарынан көрінді. Жалпы, пара дзюдодан әлем бойынша мықты спортшылар көп. Елімізде бұл спорт түрі 2014 жылдан бастап қолға алынды. Оның басында өзімнің шәкіртім Ануар Сариев тұр. Ол 2015 жылы Оңтүстік Кореяда көзі нашар көретіндер арасында өткен әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Кейін өзге де көптеген турнирде үздіктер қатарынан көрініп жүрді. 2016 жылы Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Сол жарыстан соң елімізде пара дзюдоға қызығушылардың саны арта бастады. 2016 жылы қараша айында Қызылордада Қазақстанның чемпионаты өтіп, 30-ға жуық балуан жарыс жолына шықты.Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ