Жалған хабарлама миллиондаған шығын келтіреді
Жалған хабарлама миллиондаған шығын келтіреді
227
оқылды

Терроризм актісі туралы жалған хабарлама тарату қауіпті қылмыс болып саналады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бас­тығы­ның орынбасары Дархан Разуев мәлімдеді.

Дархан Разуевтің мәлім­деуінше, терроризм туралы жалған хабарлама қоғамдық қауіпсіздікке кері әсерін тигізіп отыр. Мұндай әрекетке барған азаматтар заңмен қудаланбақ. «Терроризм туралы хабарлама түскен жағдайда адамдардың арасында үрей мен қорқыныш пайда болады. Мемлекеттік органдар­дың, кәсіпорындар мен мекеме­лердің жұмысына тосқауыл қойы­лады. Құқық қорғау органдары шынайы қауіптің болуы мүмкін екенін ескеріп, тиісінше әрекет етеді. Адамдарды эвакуациялайды. Жедел қызметтер міндетті түр­де оқиға орнына барады. Адам­дар сыртқа шығарылады, ғимарат мұқият тексеріледі, жарылғыш зат­ты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттір­мейтін шара қабылданады», – деді Экстремизмге қарсы іс-қимыл де­партаменті бастығының орынбасары. Оның сөзінше, осыған дейін болған барлық жағдайда жарыл­ғыш зат туралы ақпарат растал­маған. Бұл терроризм жайлы жалған деректердің көбейіп жатқанын аңғартқан. «Терроризм туралы жалған хабар­лама полиция, ұлттық қауіп­сіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем қызметінің күш-құрал­дарын босқа жұмсауға әкеліп со­ғады. Дәл осындай сәтте полиция­ның көмегі шын мәнінде қауіпті қылмыстың алдын алуға қажет болуы мүмкін. Біздің есептеуіміз­ше, жалған хабарлама бойынша оқиға орнына бір рет баруға 200-300 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Ал ірі кәсіп­орындар­дың жұмысы тоқтап қалғанда әрбір сағат сайын миллиондаған теңге зиян келеді», – деді Дархан Разуев.

М.ЖАЛҒАСҰЛЫ