Терроризм актісі туралы жалған хабарлама тарату қауіпті қылмыс болып саналады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев мәлімдеді.
Дархан Разуевтің мәлімдеуінше, терроризм туралы жалған хабарлама қоғамдық қауіпсіздікке кері әсерін тигізіп отыр. Мұндай әрекетке барған азаматтар заңмен қудаланбақ. «Терроризм туралы хабарлама түскен жағдайда адамдардың арасында үрей мен қорқыныш пайда болады. Мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына тосқауыл қойылады. Құқық қорғау органдары шынайы қауіптің болуы мүмкін екенін ескеріп, тиісінше әрекет етеді. Адамдарды эвакуациялайды. Жедел қызметтер міндетті түрде оқиға орнына барады. Адамдар сыртқа шығарылады, ғимарат мұқият тексеріледі, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шара қабылданады», – деді Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары. Оның сөзінше, осыған дейін болған барлық жағдайда жарылғыш зат туралы ақпарат расталмаған. Бұл терроризм жайлы жалған деректердің көбейіп жатқанын аңғартқан. «Терроризм туралы жалған хабарлама полиция, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем қызметінің күш-құралдарын босқа жұмсауға әкеліп соғады. Дәл осындай сәтте полицияның көмегі шын мәнінде қауіпті қылмыстың алдын алуға қажет болуы мүмкін. Біздің есептеуімізше, жалған хабарлама бойынша оқиға орнына бір рет баруға 200-300 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Ал ірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалғанда әрбір сағат сайын миллиондаған теңге зиян келеді», – деді Дархан Разуев.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ