Өңірге қарасты Сарыағаш ауданының халқы қуаңшылық зардабын тартып отыр. Шаруалар биыл қорасындағы малын қайда апарып жаярын білмей дал болған. Салдарынан жұрт қысқа дайындаған азын-аулақ жемшөбін шығындап жатқанын айтады.
Тұрғындар бұлай жалғаса берсе, құрық ұстап қаламыз ба деп қорқады екен. Бөриевтер әулетінің ірі қарасы сүт бермек түгілі, орнында әзер тұр. Сиыр сүтін отбасының ас-ауқатына жаратып келген олар ендігі күніне алаңдаулы. «Қыс түспей қиындыққа тап болдық», – дейді шаруалар. Бәрінен бұрын бала-шағасының несібесін төрт түлік арқылы тауып отырған тұрғындар қинала бастағандай. Осы жылға дейін тұрғындар еш қиналмай жазда да, қыста да малын өріске жайып, қысқа қамдануды білмеген. Бірақ биыл жағдай басқа. Қуаңшылықтың кесірінен шөп жөнді шықпай, ірі қара көтерем бола бастаған. «Жығылғанға жұдырық болғандай» қазір базарда мал өтпейтін болыпты. «Осылай кете беретін болса, бұл малдың қырылуына әкеліп соқтырады. Одан кейін халықтың жағдайы сол малға байланысты ғой. Мал қырылса, ертең оның да күнкөрісі, барлық жағдайы төмендейді. Шаруаларды қос бүйірден қысқан қуаңшылық салдарын жою үшін аудандық әкімдік мамандары көрші аймақтардан жайылым сұрап, келісімге келуді көздейді. Әзірге Шардара ауданы мен Арыс қаласынан мал жайып, қыстауға рұқсат алыпты», – дейді тұрғындар. – Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына 10 мың тонна жемге ұсыныс бердік. Оның 4 100 тоннасы кебек. Азық-түлік корпорациясынан төмендетілген бағамен алуға 1350 тонна арпа, 3 600 тонна бидайға ұсыныс бердік, – деді Сарыағаш аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадияр Тұрлыбеков. Қуаңшылыққа тап болған ауданның Әлімтау ауылдық округінде 4 мыңнан астам ірі қара мен 7 мыңдай қой және 1 200 бас жылқы бар екен. Соның барлығын қырып алмай, қыстан шығару үшін шаруалар қолдау көрсетуді сұрап отыр.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ