Климаттың жаһандық жылыну себебінен Қазақстан аумағында ауа температурасы соңғы жүз жылда 2ºС-ға көтерілді. Ал соңғы 40 жылда ол өте жылдам қарқынмен өзгеріп келеді. Әрбір 10 жыл сайын орта есеппен 0,34º ұлғайды. Бұл – климаттың одан әрі аридизациялануының белгілері, яғни құрғақ жылдар мен құрғақшылықтың қайталану ықтималдығы артып жатыр. Биылғы құрғақшылық біздің ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақсыздығын және қаншалықты ауа райына тәуелді екенін көрсетті. Дәл осындай табиғи апаттар болатын дамыған аграрлық елдердің ешқайсысында біздегідей өнімділіктің төмендеп кетуі кездеспейді. Сондықтан біз өңірлердің ауа райы жағдайларына бейімделген ауыл шаруашылығын жүргізудің жаңа жүйесіне, яғни «тәуекелдерді басқару» режиміне ауысуымыз керек. Біріншіден, еліміздің гидрометқызметін жаңғырту қажет. Ауа райының нақты болжамының болмауына байланысты фермерілерміз егін егудің оңтайлы мерзімін анықтай алмай отыр. Біздің есептеуімізше, биыл Қазақстанның солтүстік облыстарында дәнді дақылдарды ерте себудің салдарынан өнімнің үштен бір бөлігінен айырылдық. Бұл тек бір ғана мысал. Екіншіден, депутаттар отандық селекцияны дамыту мәселесін бірнеше рет көтерді. Құрғақшылық кезінде фермерлеріміздің өнім ала алмауы және банкротқа ұшырауы – елде құрғақшылыққа төзімді сорттардың болмауының нәтижесі. Аталған сорттарды тек молекулалық биологияның заманауи әдістері негізінде ғана жасауға болады. Алайда мұндай зерттеулерді қажетті көлемде қаржыландыру мәселелері әлі де шешілген жоқ. Бір мысал келтірейін, Аустралияның астық егетін өңірлерінде ауа райы Солтүстік Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда қатал, бірақ технологиялар мен қазіргі заманғы сорттардың арқасында олардың өнім алуы бізден 2 есе жоғары. Үшіншіден, аграрлық саланы дамыту бағдарламаларында облыстардың ауыл шаруашылығының мамандануына баса назар аударылған болатын. Қазір әркім қауқары неге жетеді, сонымен айналысып кетті. Мал шаруашылығын мал азығы базасы шектеулі жерлерде дамытамыз, өте құрғақ аймақта интенсивті дақылдарды егеміз және т.б. Ал АҚШ-та, Канадада фермерлердің белгіленген мамандандыру бағыттарын сақтауы мемлекет тарапынан нақты реттеліп отырады. Төртіншіден, тәуекелді егіншілік аймағындағы өнімнің тұрақтылығы топырақ құнарлылығын арттыру арқылы қамтамасыз етіледі. Қазақстанда орташа есеппен алғанда, бір гектар егістік жерге ғылыми негізделген 60 кг норманың орнына 4-6 кг тыңайтқыш қолданады. (әсер етуші затқа санағанда). Тыңайтқыштарды кеңінен қолдану фермерлер үшін қымбат болатыны түсінікті, бірақ оларды ең болмаса ең қажетті жағдайда, яғни дәл егіншілік технологиясын енгізу арқылы қолдануымыз керек. Ол үшін алдымен топырақтың дәл агрохимиялық картограммасын жасау қажет. Бірақ елдегі ҚР АШМ «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» РММ бұл жұмысты тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмай отыр. Онда қолданатын топырақ зерттеулерінің әдістемелері және тұтастай алғанда агрохимиялық зерттеу жүйесі қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейді. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ҚР АШМ «АҚРҒӘО» РММ-не жұмсалатынын бюджет қаражатының тиімділігін мұқият тексеруге кеңес береміз (оған жыл сайын 400 млн теңгеге жұық мемлекеттің қаражаты бөлінеді). Жалпы, елімізде топырақ құнарлылығын мониторингтеу жөніндегі қызметтер нарығын дамыту қажеттілігі туындап тұр. Бесіншіден, ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесін түбегейлі жетілдіру керек. 2020 жылы тек 115 мың гектар егіс сақтандырылған, ал биыл 144 мың гектар ғана. Бұл – егіс алқаптарының бір пайызынан аз. Салыстыра қарасақ, Канадада мемлекеттік сақтандыру шараларының арқасында құрғақшылық жылдарында фермерлерге шығындарының 75-80%-ы өтеледі. Оларда ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік сақтандыру бағдарламасы аграрлық өндірістің тұрақтылығының және салаға инвестиция тартылуының кепілі. Алтыншыдан, тәуекелді егіншілік жүйесі жағдайында бізге суармалы жер көлемін ұлғайту қажет. Бірақ алдымен қолданыстағы суару желісін ретке келтіріп алайық! Мамандардың айтуынша, еліміздің суару жүйесінде судың 40%-дан астамы пайдаланылмай ысырап болып жатыр. 2020 жылы 1,5 млн га жерді суару үшін, су тарту 13,4 км³ құрады. Егер су ресурстарын үнемдеумен айналыспасақ, 3 млн га үшін тағы 13,4 км³ суды қайдан аламыз? Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында: «Су үнемдеу бұл біздің стратегиялық міндетіміз, бізде су тапшылығын болдырмаудың басқа жолы жоқ», – деп ерекше атап өтті. Бүгінде еліміздегі жайылымдардың 48%-ы суаттың болмауына байланысты пайдаланылмайды. Жайылымдарды суландыру үшін, құдықтарды салу бойынша жоспардың орындалмау себептерінің бірі – жерасты су ресурстары қорларының жеткілікті зерттелмеуі және жайылымдық мал шаруашылығының өндірістік инфрақұрылымының жоғы. Жетінші, ауылшаруашылық өндірісін су және ылғал үнемдеу технологиясына ауыстыру үшін, фермерлерді оқыту өте маңызды. Сондықтан бізге барлық жерде аграрлық білімді тарату орталықтарын ұйымдастыру қажет. Қазақстанда мұндай орталықтар бар болғаны – 25, ал АҚШ пен Канадада 2-3 мыңнан асады. Осылайша, ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерді сауатты басқару арқылы ауа райы қолайсыз жылдарда да аграрлық өндірістің тұрақтылығын және елді азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етілуіне қол жеткізуге болады.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ Парламент Сенатының депутаты