20 қыркүйек күні Ресейдегі Пермь университетінде атыс болды. Атысты сол университеттің студенті ұйымдастырған. Ақпарат құралдарының мәліметінше, күдікті оқиғаны алдын ала жоспарлаған. Әрі әлеуметтік желіде жоспарын бүге-шігесіне дейін жазған. «Бұл атысты жасамаған күннің өзінде біреуді өлтірер едім» дегені бар. Аталған оқиға оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейту керегін меңзейтіні сөзсіз. Ал студенттердің психологиялық жағдайы туралы не деуге болады?
8 адам қаза тапты
Ресей тергеу комитеті болған оқиға туралы зерттеуін жалғастырып жатыр. Белгілісі, 8 адам қаза тауып, 24 адам жарақат алған. Қазір қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы нақты деректер анықталып жатыр. Сондай-ақ комитет күдіктінің жеке басы туралы мәліметті анықтаған. Ол қамауға алу кезінде полицейлерге қарсылық көрсеткен. «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейбір ақпарат көздері оқиға орнында 28 адам жараланғанын жазады. Иә, 21 қыркүйек күні Ресейде «қаралы күн» деп жарияланды. Оқиға болған күні Пермьде сағат 15.15-те қаза тапқандарды еске алуға үнсіздік жарияланды. Оқушылар мен студенттер сабақтан босатылып, мүмкіндігі барлар қан тапсыруға ауруханаға ағылды. Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетіне тергеп-тексеру ұйымдары мен тергеуші-криминалистер жиналған. Олар күдіктінің неліктен мұндай қылмысқа барғанын, не түрткі болғанын барынша зерттеп көрмек. Сонымен, 59.RU басылымы күдіктінің аты Тимур Бекмансуров екенін жариялаған. Ол ВКонтакте желісінде оқиғаны қалай жоспарлағанын, қару сатып алу үшін ақша жинағанын тәптіштеп жазған. Психологтен, нарко-диспансерден қалай анықтама алғанын да қосқан. Айта кетерлігі, атыс ұйымдастыру туралы ой баяғыдан мазалағанын, айналасындағыларды жек көріп кеткенін ашық көрсеткен. Аталған оқиғаны тұспалдап, жанында жүргендерге белгі бергені де кейіннен белгілі болған. Бірақ оның сөзіне ешкім назар аудармаған. Мәселен, ВКонтакте желісіндегі «Подслушано ПГНИУ» группасында күдіктінің курстасы 23 ақпан күні оған оқытушы «3» қойғанын, сонда ол «бір күні қару сатып аламын да, бәріңді атып тастаймын» деп айтқан екен.«Бәрібір бірін өлтірер едім»
Аталған сайт жариялаған «күдіктінің әлеуметтік желідегі жазбасына» назар аударсақ, ол алғашында өзі оқыған мектепте атыс ұйымдастырмақ болған. Кейіннен оқиға орны етіп биыл түскен оқу орнын таңдап алған. Жазбасын атыстың теракт емесін, өзінің экстремистік топ мүшесі немесе билікке қарсы болмағанын айтып бастаған. Жазбада көрсетілгендей, қару сатып алуға 10-сыныптан бастап ақша жинаған. «Маған ойымды қалай жүзеге асыратыным маңызды емес еді. Қарумен немесе машина болмаса бомба, пышақпен» деп жазған. Ол ұйымдастыру кезеңінің мән-жайын жаза отырып, наурыз айынан бастап қаруға лицензия алу үшін анықтама жинағанын, түрлі психологиялық тестен өткенін көрсеткен. Сәуір айында лицензияға қолы жеткесін, сейф сатып алған. «Мені тоқтату мүмкін емес еді. Кез келген психиатр-дәрігерді оп-оңай алдап кететінмін. Ашу қысқаны соншалық, жолымда кездескеннің бәрін басып-жаншуға бармын. Осы жылдар ішінде айналамдағы адамдарға шыдап келдім. Жақында бәрінің аяқталатыны қандай жақсы. Өмірімнің соңғы 10 минутын болса да еті тірі адам ретінде өткіземін. Адамдармен араласу қиын. Эмоциялары түсініксіз. Олар қорыққанда ғана шынайы эмоциясы білінеді. Бәрін бұлай жалғастыра алмайтынымды түсіндім. Мұны қазір жасамасам, болашақта бәрібір біреуді өлтірер едім», – деп жазған ол. Кейінірек анықталғандай, күдіктінің ата-анасы ажырасып кеткен. Әкесі Самарада, күдікті анасымен Пермьде тұрады. Күдіктінің әкесі Марат Бекмансуров БАҚ-қа берген сұхбатында баласының бос уақытында немен айналысатынын білмейтінін айтқан. «Қанша әңгімеге тартайын десем де, үнемі компьютерде отыратын. «Неге қыдырмайсың?» деп сұрағанымда мұны қаламайтынын, компьютерде жұмысын жалғастыратынын айтатын», – дейді ол. Оның сөзінше, жағдайды естігенде анасы да төбесінен жай түскендей күйде болған. Байқағаныңыздай, күдікті атыс жоспарын әуелден пысықтап, егжей-тегжейін болжаған. Оқиға орнын алдын ала барлап, қай аумақта тұрғандарға бірінші оқ жаудыратынына дейін жоспарлаған. Бірақ оның жазбасына қарағанда, психологиялық күйін, ішкі толғанысын ешкім бағамдап көрмеген. Күдіктінің мұндай әрекетке не үшін барғаны толығымен белгісіз.Білім ордаларында қауіпсіздік күшейе ме?
Пермь университетіндегі оқиғадан соң Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бірден пікір білдірді. Ол көрші елдегі жағдай білім ордаларындағы қауіпсіздікті күшейтудің маңызды екенін көрсеткенін айтып өткен. Осыған қатысты нормативтік-құқықтық актіні талқылау кезінде 2000-нан астам сұрақ пен ұсыныс түскен екен. Министрдің жазбасына қарағанда, ұсыныстар қаралып жатыр. Қауіпсіздік мәселесін шешу үшін әкімдіктер қосымша қаражат қарастырады. Енді бейнебақылау камерасын, күзет сигнализациясы мен дабыл батырмасын орнату, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосу және қауіпсіздік жүйесінің басқа да элементтері іске қосылады. «Бұл тапсырмалар – жабдықтарды түгендеу, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосуға қамтамасыз ету ЖОО кіру режимін күшейту және төтенше жағдай туындаған кезде қабылданатын іс-қимылдар бойынша сабақ өткізу. Қызметкерлер мен оқушылар техникалық шаралардан бөлек, төтенше жағдай кезінде іс-қимыл алгоритмін білу қажет», – деген еді министр. Демек, әкімдік тарапынан білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге қаржы бөлініп, білім ордаларында дайындық жұмысы жүреді. Бұдан бұрын, мамыр айында Қазан қаласында мектепте атыс болып, 11 адам қаза тапқан-ды. АҚШ-та да мұндай оқиғалар бірнеше рет тіркелген. Күдіктілердің жазбаларына, түсініктемелеріне мән берсеңіз, өмірден соншалықты жиіркеніп кеткенін байқайсыз. Осы ретте еліміздегі психологтердің бірнешеуінен оқиға туралы ойын, күдіктінің психологиялық бейнесін сипаттап беруді сұрағанбыз. Алайда олар іссапарды, өткізетін курстарын сылтауратып жауап бермеді. Дегенмен мектепте бала психологиясын жан-жақты зерттемейтінін айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ белгілі психоаналитик Анна Құдиярованың еліміздегі психологтерді біліктілікті арттыру курстарынан өткізу керегін бірнеше мәрте айтқаны бар.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ