Кейінгі жылдары елімізде «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаға жыл сайын қазынадан қыруар қаржы бөлінеді, ал атқарушы билік оған жұмыссыздыққа қарсы күресуге арналған үздік жоба ретінде шаң жуытпайды. Бірақ жағдай шын мәнінде мақтанарлық емес? Неге?
Бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқандар үш-ақ пайыз
Еңбекпен қамтудың 2020-2021 жылдарына арналған Жол картасының негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықтың ушығып кетуіне жол бермеу және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту. Бұл мақсаттарға былтыр мемлекеттен көп ақша бөлінді – 1 триллион теңге! Үкімет пен бағдарлама әкімшілері жариялаған ақпаратқа сенсек, Жол картасының шаралары республика бойынша 88 қала мен 1 901 ауылдық жерлерді қамтыған. Соның арқасында 239 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылыпты-мыс. Шенеуніктердің сөзін тыңдасаң, аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Ал енді бұл сандардың сырына індетіп үңілсеңіз, жағаңызды ұстайсыз. Мәселен, жұмысқа орналасты деген 239 мың адамның тек 6 600-і ғана тұрақты жұмыспен қамтылған, бұл 3%-дан аз. Жұмыссыздардың негізгі бөлігі 1-2, әрі кетсе, 3 айлық қысқа мерзімді маусымдық жұмыстарға жұмылдырылған. Сөйтіп, қысқа мерзім өткеннен кейін баяғы «таз қалпына» қайта түседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы биыл тағы жалғасын табатынын, оған бюджеттен 300 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Нәтижесінде, 41 мың адам еңбекпен қамтылып, оның 28 мыңы тұрақты жұмыс орны болмақ. Мемлекет басшысы пандемия қаупі сейілмей тұрған кезде халықтың әлеуметтік хал-ахуалын төмендетіп алмау үшін мұндай шаралардың өте маңызды екенін айта келіп, тек сол ақшаның құмға сіңген судай ізім-қайым жоғалып кетпеуі керегін де ескертті. «Бағдарлама тұрғындарды жұмыспен қамту және іскерлік белсенділікті төмендетпеу тұрғысынан маңызды рөл атқарады. Алайда ондаған, жүздеген мың жұмыс орны ашылып жатқаны туралы ақпарлардың нақты жағдаймен сәйкес келмейтіні де анықталды. Көпшілік азамат тек қағаз бетінде жұмысқа орналастырылған. Бірыңғай ақпараттық жүйеге кейбір адамның аты-жөні бірнеше рет енгізілген. Мұндай 15 мыңнан астам факт әшкере болды. Сондай-ақ жұмысқа орналастырылды деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына жарна аудармаған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл туралы мәселені мәжілісмендер де көтерді. Олардың есебінше, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бойынша құрылған жұмыс орындарының 86%-ы уақытша.Қағаз жүзінде еңбекпен қамтылғандар
Сонда қалай болғаны?! «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіндегі адамдар жұмысқа құжат жүзінде ғана орналасып, шын мәнінде жұмыс істемейді, не болмаса көлеңкелі экономикаға кеткен. Соның салдарынан азаматтардың кірісі есебінен бюджетке төленуі тиіс мемлекеттік салық төленбейді және бұл олардың болашақтағы әлеуметтік төлемдері мен зейнетақы көлеміне кері әсер етеді»,– дейді Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі А. Нуркина. Мәселен, Қарағанды облысының еңбекпен қамту орталығы аталмыш бағдарлама бойынша маусымдық жұмыстарға орналастырдық деп тұрақты жұмысы бар адамдардың да, ортаңқол кәсіпкерлердің де аты-жөнін жазып жіберген. Кейінірек Антикор тізімдегі адамдардың нақты жұмыстарға орналастырылмағанын, тек қағаз жүзінде орналасқанын анықтады. Енді ақпарда еңбекпен қамтылды деп жалған көрсетілген осы адамдарға мемлекеттен бөлінген жалақының қай қалтаға түсіп кеткенін құзырлы органдар тексеретін болады. Мұндай мысалдар жалғыз-жарым емес, өте көп. Бағдарламаның қаржысы үнемі және үздіксіз ұрланып отырған. Бас прокуратураның былтырғы есебінде, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастырылғандар жөнінде 6 мың жалған факті әшкереленгені айтылады.Кемшіліктен көз сүрінеді
Есеп комитеті «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасына аудит жүргізген кезде бірқатар кемшілікті айқын көрсетіп берді: адамдарды қысқа мерзімге (1-2 ай) жұмысқа орналастыру; жұмысқа орналастырылғандар бойынша мониторингтің жасалмауы (еңбекпен қамтылды дегендердің 34%-ның зейнетақы жарнасы төленбеген); тіпті жүзеге асырылды деген жобалардың өзі елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға еш әсер етпеген. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бойынша құрылған жұмыс орындары негізінен құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы жұмысшыларға ғана ұсынылады, ол бұл саланың жоғары білікті мамандарының сұранысын ескермеген. Өйткені бағдарлама әкімшілері тұрақты жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылымды дамытуға мән беріп отырған жоқ, олар үшін ең бастысы, көрсеткішті көтеру маңызды. Жобалар бойынша жұмыстарды орындауда мердігерлерді қалай іріктеу жүргізілетіні де түсініксіз. Мысалы, Павлодар облысында жұмыспен қамтудың Жол картасын іске асыруға қатысқан 97 субъектінің 82-сі салықшы есебінде сол облыста тіркелген, ал олардың 42-сінің балансында жобаны жүзеге асыру үшін қажетті учаскелері, мүлік объектілері, көлік, тағы басқа негізгі құралдары жоқ. Бұл жағдайдан қаржылық және сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңбұзушылықтар болуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Жол картасының салық қайтарымы мәселесіне келсек, іске асырылған жобалар шеңберінде төленген салықтар бар болғаны 5,5 млрд теңгені құрайды, яғни салық жүктемесінің коэффициенті 1% - дан кем. Яғни, бұл көрсеткіш те өте төмен. Сөйте тұра, осы осы сәтсіздіктердің бәріне қарамастан Жол картасы бойынша бір адамды жұмысқа орналастыру үшін бюджеттің 4 миллион теңгесі шығындалатынын естігенде шалқамнан түсе жаздадым. Желге ұшқан қайран ақша! Бағдарламаның нәтижесі өте төмен болса да, оны осы күйінде жалғастыра беру, сөйтіп бюджеттің миллиондаған қаржысын орынсыз шашу кімге тиімді? Қаржы министрлігі былтырғы жылды қорытындылаған есебінде «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бойынша жалпы сомасы 7,2 миллиард теңгенің 20 мың заңбұзушылығын анықтаған.«Еңбек» бағдарламасының нәтижесі де күмәнді
Әңгімеміз толымды болуы үшін халықты жұмыспен қамтуға арналған тағы бір мемлекеттік бағдарлама «Еңбек» туралы аз-кем айта кеткен жөн. Ол бойынша 2020 жылы 131 млрд теңге бөлініп, кейін пандемия кезіндегі шектеулерге байланысты жұмыс орындарын сақтау шараларын күшейту мақсатында тағы 50 млрд теңге қосымша қаржы қарастырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіне сенсек, былтыр аталмыш жобаның арқасында 437 мың адам жұмысқа орналасқан, оның 319 мың тұрақты жұмыс орны көрінеді. Енді екі бағдарлама – «Еңбек» пен «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламаларының нәтижесін салыстырып қарайтын болсақ, алдыңғысына жалпы сомасы 181 млрд теңге бөлініп, 319 мыңы азамат тұрақты жұмыспен қамтылған да, екіншісіне одан 5,5 есе көп, 1 триллион теңге бөлініп, 48 есе аз, яғни 6,6 мың азамат қана тұрақты жұмысқа орналасқан! Аталған цифрлардағы осы сәйкессіздік күмәнді ойларға жетелейді әрі оның себеп-салдарын анықтауды талап етеді. Осыған орай Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған бір топ мәжілісмен, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері «Еңбек» пен «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламаларының тиімділін арттырып, қағаз бетінде емес, нақты іс жүзінде тұрақты жұмыс орындарын көбейту керегін айтады. Сондай-ақ «Еңбек» пен «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламаларына қатысушы жұмыс берушілер мен жалдамалы азаматтардың міндетті салық төлемдері мен зейнетақы жарналарын төлеу бойынша жалпы үкіметтік мониторинг жүйесін қалыптастыру керегіне баса назар аудартады. Бұл жүйе міндетті зейнетақылық жарналардың түсімін автоматты түрде тексере отырып, жалған жұмысқа орналасу туралы деректерді бірден анықтауы тиіс болады. Мәжілісмендер егер кәсіпорындар міндетті салық төлемдері мен зейнетақы жарналарын төлеу бойынша қолданыстағы заңдарды бұзатын болса, олардың аталмыш мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына тыйым салынуы қажет деп санайды. Сөзімізді қорытындылай келе «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы мен «Еңбек» бағдарламасы о баста жоспарланған республиканың инфрақұрылымын жақсарту, жұмыссыздықтың алдын алу жөніндегі мақсатына жете алған жоқ, ал оған бөлінген қыруар ақша қолды болды деп нақты айтуға болады.Дәулет АСАУ