Тарих парағына елеулі оқиғаларымен жазылған жылдардың бірі – 2014 жыл. Дүниежүзілік деңгейде де, құрлықтық ауқымда да еліміз әлемдік қауымдастыққа жақындай түссе, ел ішінде теміржол тармақтары тартылып, алысты жақын етті. Соңғы оқиға осы жылғы қос жолдаудың бірі – «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасының алғашқы жемісі еді. Одан да өзге Қазақстан халықаралық белді жиындардың тұрақты қатысушысына айналды.
Әлем көз тіккен оқиға
Тәуелсіздік толқынындағы 2014 жылдың басты жаңалығы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) құрылғаны болды. Күллі әлем көз тіккен осынау оқиға жаңа бір экономикалық тұтас кеңістіктің нақты бекігендігінің айғағы еді. Мұндай ұйым құру туралы бастаманы 1994 жылы 29 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі М.Ломоносов атындағы Мәскеу гуманитарлық университетінің студенттеріне дәрісі кезінде айтқан болатын. Содан бері пісіп-жетілген интеграциялық идея жиырма жылдан кейін ЕАЭО түрінде көрініс тапты. Ендеше, жаңаша қатынас форматының осы жылғы хронологиясына назар аударар болсақ: 5 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Ресей астанасы Мәскеуге барды. Бұл жиынға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Беларусь президенті Александр Лукашенко қатысты. 29 сәуірде Нұрсұлтан Әбішұлы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Беларусь астанасы Минскіде өткен отырысына қатысты. Онда Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық үдерістердің барысы мен болашағы, сонымен бірге ЖЕЭК-тің бұған дейінгі отырыстарында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асырудың негізгі мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасы қаралды. Осындай кездесулердің нәтижесінде осы жылы 29 мамыр күні Қазақстанның астанасындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру шартына қол қойды. Осылайша, әлемдік маңыздағы аса ауқымды оқиға тарихқа енді. Осы жиын кезінде бұл стратегиялық қадамға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары баға берген болатын. «Біз Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты әзірлеу бойынша ауқымды жұмысты тәмамдадық. Оған қол қою Еуразиялық кеңістіктегі сапалы интеграциялық үдерістердің жаңа кезеңін білдіреді. Шарт сауатты, теңгестірілген, оған қатысушы мемлекеттердің барлығының мүдделерін есепке ала отырып жасалды. Ауқымды жұмыс атқарылды. Келіспеушіліктер де баршылық болғанымен, біз барлық тараптарды қанағаттандыратын ортақ консенсусқа келіп отырмыз», – деді ол. Үш тараптың бірі Беларусь президенті Александр Лукашенко бұл жиында: «Біздің дұрыс жолды таңдағанымызды өмірдің өзі көрсетті. Бұрынғы кеңестік кеңістіктің қайтарымсыз кері интеграциясына жол бермес үшін біз ТМД-ны құрудан бастадық, сосын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты, Кеден одағын құрдық, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нобайын сыздық. Бүгін біз мәреге жеттік, ол бізді Еуразиялық экономикалық одаққа әкелді», – деп тарихи сабақтастықтың маңызын атап өтті. Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мемлекеттік егемендікті толық сақтай отырып, елдерімізді интеграцияның мүлде жаңа деңгейіне алып шығатынын баса атап өтті. 2014 жылғы 4 желтоқсанда Армения парламенті елдің ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартты ратификациялаған болса, 23 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қырғыз Республикасы ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартқа қол қойды. 2015 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт күшіне енді.ДСҰ: Еуроодақпен табысты келісім
Тәуелсіздік тарихындағы келесі бір елеулі оқиға – Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы шешімнің қабылданғаны. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгияға ресми сапары барысында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім табысты аяқталды. Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы мәселесі түбегейлі шешілді. Осы қуанышты сәтті жария еткен Елбасы: «Бұл маңызды оқиға, оған қол жеткізу үшін 15 жыл жұмыс істедік, барлық 160 мемлекетпен келіссөз жүргізу оңайға соққан жоқ. Мен оған тікелей араласып, АҚШ, Ресей және Үндістан президенттерімен, барлық мемлекеттермен, Еуроодақпен сөйлестім. Қазір біз қорытынды кезеңде тұрмыз», – деген болатын.Девальвация: «қара сейсенбі»
2014 жылдың есте қалған тағы бір оқиғасы – ақпан айында болған девальвация. Қазақстандықтар бұл күнді, яғни 11 ақпанды «қара сейсенбі» деп атап кетті. Ішкі-сыртқы факторлардың әсерінен біраз тербеліске түскен ұлттық экономика қаржы нарығындағы дағдарысқа алып келді. Расында, бұл қазақстандықтар үшін күтпеген оқиға болды. Өйткені осының алдында ғана, яғни 21 қаңтар күні Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов «Девальвацияға ешқандай себеп жоқ» деп мәлімдеме жасаған болатын. Сонымен, бұған дейін 155 теңгеге бағаланып келген ақпан айында ұлттық валютамыздың долларға шаққандағы бағамы 185 теңге болып бір-ақ ыршыды. Халық арасында «доллар одан сайын қымбаттайды екен...» деген дақпырт тарап, адамдар жалма-жан доллар сатып ала бастады. Айырбастау пункттерінің алды ұзын-сонар кезекке толды. Әйтсе де, Ұлттық банк жағдайды уысында ұстай алды. Бұл құнсызданудың себебі рубльдің әлсіреуімен, тұтыну тауарының импортынан елдегі төлем теңгерімінде проблемалар туындағанымен, спекуляциялық көңіл күймен, теңгені интервенциялық қолдаумен, инфляцияны 3-4%-ға дейін түсіруге алғышарттардың жасалуымен түсіндірілді. Соңғысы Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеуге барып, теңге бағамын қатаң түрде реттеп отырудан бас тартуы мүмкін екенін білдіретін. Бір қызығы, бұл оқиғаны түсіндірген Ұлттық банк төрағасының өзі «өзім бүгін түнде ғана естідім» деп жауап берген еді. Қайрат Келімбетовтің айтуынша, мұндай шұғыл шешім ақпарат тарап кетіп, алдын ала дүрлігіс тудырмау үшін қабылданған екен.«Қазақстан жолы–2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»
17 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан жолы–2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Бүгін мен осы дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарымызды ұсынғым келеді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет нақты тұжырымдама жобасын жасады. Біз 2050-дің мақсатына қарай күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерілейміз. Алдағы онжылдықтарда біз қазірдің өзінде біліп отырған сын-қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар аз кездеспейді. Әлемнің дамыған елдері соған сай нақты стратегияларын дайындап жатыр. Бүгінде дамығандықтың іргелі көрсеткіштерін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттер көрсетіп отыр. Оған әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіретін 34 ел кіреді. ЭЫДҰ-ға кіруге тағы 6 ел – Бразилия, Қытай, Үндістан, Индонезия, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасы үміткер болып отыр. Ұйымға мүше барлық ел терең жаңғыру жолынан өтті, инвестицияның, еңбек өнімділігінің, шағын және орта бизнесті дамытудың, халық өмірі стандарттарының жоғары көрсеткішіне ие болып отыр. Әлбетте, ЭЫДҰ елдерінің болашақ ұзақмерзімді қарқыны ескерілгендегі индикаторлары – жер жүзінің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жолындағы біздің базалық бағдарымыз осы», – деді Елбасы өз Жолдауында. Бұл құжатта Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру үшін ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін жеткізу қажеттігіне назар аудартып, Ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын 2 есе азайту маңызын айтты. Үкіметке жеті бағыт бойынша кеңауқымды міндеттер жүктеді. Бүгінде бұл міндеттер стратегиялық сабақтастықпен жүзеге асып келеді.«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»
Осы жылы 11 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің отырысында елдің жаңа экономикалық саясаты негізінде «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жариялады. «Біз партияның тұғырнамасын бүгінгі күн шындығы тұрғысынан қарай отырып жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз. Менің тапсырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты туралы жариялаймын. Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақ теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ», – деп атап өтті. Жолдау аясында Елбасы дағдарысқа қарсы тұру жолдарын жария етіп, Үкіметке жеті тармақтан тұратын тапсырма берді. Оның алғашқысы көліктік логистиканы дамытуға арналған. Осы бағдарлама аясында 22 тамызда Жезқазған – Бейнеу және Арқалық –Шұбаркөл теміржолдары пайдалануға берілген болатын. Ал 3 желтоқсанда Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган (Қазақстан-Түркіменстан-Иран) теміржол желісі ресми түрде ашылды. Бұл жол Қазақстанды Еуропаға 600 шақырымға жақындата түсті. Елбасы бұл жобалардың барлығының ашылуына қатысты. Салынуы 2008 жылдан бастау алып, құрылысы таяуда ғана аяқталған халықаралық теміржол тармағының ашылу салтанаты Иран мен Түркіменстан шекарасында өткен болатын. Онда Елбасымен бірге Иран президенті Хасан Рухани, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов те болды.Нұрлан ҚОСАЙ