«Көне Тараз»: мұражайдың жағдайы мүшкіл
«Көне Тараз»: мұражайдың жағдайы мүшкіл
980
оқылды

Бүгінде 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласы жаңа кейіпке енгені белгілі. Шаһарда қазір шығыстық сәулет үлгісінде көне қалашықтар бой көтеріп, құнды жәдігерлер  құм астынан аршып, алынып жатыр. Соның бірі – 2011  жылы қазба жұ­мыс­тары басталған «Көне Тараз» қалашығы. Алғашқыда ауқымды жұмыстарды көрген көпшілік бұл маң ашық аспан астындағы теңдессіз саябаққа  айналады деп сенген. Алайда арада он жыл өтсе де, қазба жұмыстары толықтай нәтижесін бермей, төрт мыңға жуық жәдігер сақ­тала­ды деген музейдің қабырғасы көгеріп, құлағалы тұр.

Жалпы, «Көне Тараз» қалашығының қазба жұмыстарын бастау  үшін бүтін бір «Төлебай» базары көшірілгенін жұрт жақ­сы біледі. Саудагерлер қарсылық танытса да, сол кезде  жергілікті билік бұл маң тарихи тұрғыдан маңызды екеніне сендірген. Ал  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп,  «І-ХІХ ғасырлардағы ежелгі Тараз» ескерткішінің аумағын  «Көне Тараз» та­рихи-мәдени археологиялық саябағына айналдыруды тапсырған. Нәтижесінде, қазба жұмыстары қарқын алып, жеті қат жер астында жатқан көне Тараз қаласының қабыр­ғалары мен қақпасы құмнан аршыл­ған. Сондай-ақ көне шаһар көпестерінің де құнды жәдігерлері табылған болатын. Алайда қазір қазба жұмыстары тоқтап, ал оның шатырынан сорғалап аққан қар мен жаңбыр суы археологиялық еңбекпен табылған керуен-сарай, үй-жайлар, шеберханалар мен ең құнды саналған орта­ғасыр­лық моншаға нұқсан келтіріп жатыр. Қазба жұмыстары 2017 жылы тоқтап қалғанын ескерсек, енді бар дүниенің өзін қайта қал­пына келтіру үшін тер төгуге тура келіп тұр. – Тараз қалашығы Ұлы Жібек жолы бойын­дағы көне қала саналатыны белгілі. Мұндағы зерттеу жұмыстары ең әуелі ХІХ ғасырда бастау алған. Сондай-ақ қала­шықты орыс ғалымдары да зерттеп кеткен. Ал қалашықтағы ең ауқымды зерттеу жұ­мыс­тары 2011-2017 жылдары жүргізілгенін жақсы білесіздер. Бұл кезеңдегі археоло­гиялық қазба жұмыстарының  нәтижесінде  4 мыңға жуық құнды жәдігер табылды. Олар қазір «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде тұр. Қазба жұмыстары кезінде археологтар бұл маңнан 5 мәдени қабатты анықтады. Жалпы, ежелгі Тараз қалашығының орнын қазу кезінде  екі қақпасы мен цитадель,  екі үлкен керуен сарайы, екі медресе, бір хамам монша және  Қоқан хандығы кезіндегі  зындан топырақтан аршылды. 2015-2019 жылдары археологиялық орын­ды қайта қалпына келтіру жұмыс­тарын  «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің қалалық филиалы жүргізді.  Ал  2017 жылы қазба жұмыстары тоқтады. Себебі  белгіленген жоспар бойынша  қалашықтың төртен бір бөлігі, яғни  10 гектары қазылды. Қазір қазба жұмыстарының жалғаспауына әлемдік пандемия себеп болып тұр. Десе де, 2022 жылдан бастап қазба жұмыстары қайта қолға алынады деп жоспарланып отыр. 2011-2017 жылдар аралығындағы архе­ологиялық жұмыстарға  ғалым Жұман Смайлов басшылық еткен болса, келесі жылы да бұл жауапкершілік сол кісіге жүктеледі. Қазба жұмыстарының екінші кезеңінде қай маңға археологиялық барлау жүргізіле­тіні әзірге белгісіз. Алайда біз топырақтан аршып алынған осынау құнды дүние­лері­міз­ді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Ол үшін облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратынан экспозициялық зал ашу көзделіп отыр, – дейді  «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қыз­меткері Ұлжалғас Шайысхан. Тараз Әрине, мұндай ауқымды бастама кө­теріліп жатса, құба-құп. Алайда осы таңға дейін табылған 4 мыңға жуық жәдігерді тиісті деңгейде сақтап, туристерге  ұсына  алмай отырғанда екінші кезеңде табылған жәдігерлерді қайда қоймақпыз? Облыстық тарихи-өлкетану музейінен ашылатын бір залға мұнша көлемдегі бұйымдар сыя ма? –  «Көне Тараз» музейі  археологиялық қазба жұмыстарынан табылған дүниелерді қою үшін салынғаны белгілі. Алайда қазір нысанның техникалық жағдайы қиын  күйде. Облыс әкімдігі Құрылыс басқарма­сына ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыс­тарын жүргізіп беру туралы ұсыныс хат жолдадық. Алайда басқарма  нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін пайдалануға берілгеніне 10 жылдан кем уақыт болмауы керегін айтты. Ал күр­делі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 25 жыл өтуі тиіс екен. Осы мерзім өтпегенше ғимаратты жөндеу үшін бюджеттен бір тиын да бөлінбейді. Жанға демеу болып тұрғаны  «Көне Тараз» музейіне облыс әкімі арнайы ат басын бұрып, бюджеттен қаржы қарауға  мүм­кіндік болмаса, бұл мәселені демеушілер есебінен шешуді тапсырды. Қазір Құрылыс басқармасы осы мәселемен айналысып жатыр. Оған дейін құнды жәдігерлерді Төле би көшесі бойындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне жыл соңына дейін көшіретін боламыз. Өйткені онда да қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Көне Тараз» мұражайының пайда­лану­ға берілгеніне 6 жыл болды. Алайда қазіргі жағдайына байланысты мұндағы жәдігерлерді тамашалауға еш мүмкіндік жоқ, – дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі­нің заңгері Ержан Сланов. Жасыратыны жоқ, дәл қазір ашық аспан астындағы қазба жұмыстарының орны мен музейде жан баласы жоқ. Туристер түгілі, қала тұрғындарының табаны бұл маңға тимегеніне біраз уақыт болған.  Мұражайдың касса қызметкері Сәуле Дауытованың айтуынша, жуырда тарихи орынға Үндістан азаматтары мен Семей қаласынан қонақтар келіп, тамашалаған көрінеді. Алайда қазба жұмыстары тоқтап, музейінің есігіне қара құлып таңылған орыннан туристер қандай күймен кеткені бір Құдайға аян. Қалай дегенде де, дәл қазір «Көне Тараз» қалашығының қазба орны мен музейі мемлекет тарапынан қамқорлықты қажет етеді. Әйтпесе осынша жыл жасалған жұмыс пен бөлінген қаржы желге ұшып, құм астында қалатын түрі бар. Ең әуелі мұражайдың бүлінгенін бүтіндеп, осы таңға дейін табылған жәдігерлерімізді қоятын орын әзірлеуіміз  қажет. Одан кейін қазба жұмыстарын қайта қолға алып, топырақ астында жатқан ежелгі Тараз қала­сын толықтай жарыққа шығарған абзал. Сонда ғана бұл жердің құндылығы артып, туристерді де тарта түседі. Біз «Көне Тараз» тарихи-мәдени орта­лығында болғанымызда қазба орындарында үйілген  тастар мен ойылған шұңқырлар жатқанын көрдік. Мұндай тастарды кез келген адам өзен табанынан таба алатыны анық. Сондықтан «Көне Тараз» қалашығын туристік орынға айналдырғымыз келсе, өзгеше көзқарас пен сәулеттік үлгі керек. Ал қабырғалары көгерген мұражай мен суға толған жертөлелерінің жайын естігенде нысан апатты жағдайда екені анық аңғарылды. Күзетші музей ішіне кіргізбегенімен, жуырда тексеріс тобы келіп, ғима­ратты бұзып қайта соғу қажеттігі  туралы шешім шығарғанынан  құлағдар етті. Демек, мұражайға ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары қажет деген сөз. Әйтеуір құрылысқа қатысты мәселелер  «шежіреге»  айналып кетпей шешімін табады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы