Бүгінде 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласы жаңа кейіпке енгені белгілі. Шаһарда қазір шығыстық сәулет үлгісінде көне қалашықтар бой көтеріп, құнды жәдігерлер құм астынан аршып, алынып жатыр. Соның бірі – 2011 жылы қазба жұмыстары басталған «Көне Тараз» қалашығы. Алғашқыда ауқымды жұмыстарды көрген көпшілік бұл маң ашық аспан астындағы теңдессіз саябаққа айналады деп сенген. Алайда арада он жыл өтсе де, қазба жұмыстары толықтай нәтижесін бермей, төрт мыңға жуық жәдігер сақталады деген музейдің қабырғасы көгеріп, құлағалы тұр.
Жалпы, «Көне Тараз» қалашығының қазба жұмыстарын бастау үшін бүтін бір «Төлебай» базары көшірілгенін жұрт жақсы біледі. Саудагерлер қарсылық танытса да, сол кезде жергілікті билік бұл маң тарихи тұрғыдан маңызды екеніне сендірген. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, «І-ХІХ ғасырлардағы ежелгі Тараз» ескерткішінің аумағын «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық саябағына айналдыруды тапсырған. Нәтижесінде, қазба жұмыстары қарқын алып, жеті қат жер астында жатқан көне Тараз қаласының қабырғалары мен қақпасы құмнан аршылған. Сондай-ақ көне шаһар көпестерінің де құнды жәдігерлері табылған болатын. Алайда қазір қазба жұмыстары тоқтап, ал оның шатырынан сорғалап аққан қар мен жаңбыр суы археологиялық еңбекпен табылған керуен-сарай, үй-жайлар, шеберханалар мен ең құнды саналған ортағасырлық моншаға нұқсан келтіріп жатыр. Қазба жұмыстары 2017 жылы тоқтап қалғанын ескерсек, енді бар дүниенің өзін қайта қалпына келтіру үшін тер төгуге тура келіп тұр. – Тараз қалашығы Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қала саналатыны белгілі. Мұндағы зерттеу жұмыстары ең әуелі ХІХ ғасырда бастау алған. Сондай-ақ қалашықты орыс ғалымдары да зерттеп кеткен. Ал қалашықтағы ең ауқымды зерттеу жұмыстары 2011-2017 жылдары жүргізілгенін жақсы білесіздер. Бұл кезеңдегі археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде 4 мыңға жуық құнды жәдігер табылды. Олар қазір «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде тұр. Қазба жұмыстары кезінде археологтар бұл маңнан 5 мәдени қабатты анықтады. Жалпы, ежелгі Тараз қалашығының орнын қазу кезінде екі қақпасы мен цитадель, екі үлкен керуен сарайы, екі медресе, бір хамам монша және Қоқан хандығы кезіндегі зындан топырақтан аршылды. 2015-2019 жылдары археологиялық орынды қайта қалпына келтіру жұмыстарын «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің қалалық филиалы жүргізді. Ал 2017 жылы қазба жұмыстары тоқтады. Себебі белгіленген жоспар бойынша қалашықтың төртен бір бөлігі, яғни 10 гектары қазылды. Қазір қазба жұмыстарының жалғаспауына әлемдік пандемия себеп болып тұр. Десе де, 2022 жылдан бастап қазба жұмыстары қайта қолға алынады деп жоспарланып отыр. 2011-2017 жылдар аралығындағы археологиялық жұмыстарға ғалым Жұман Смайлов басшылық еткен болса, келесі жылы да бұл жауапкершілік сол кісіге жүктеледі. Қазба жұмыстарының екінші кезеңінде қай маңға археологиялық барлау жүргізілетіні әзірге белгісіз. Алайда біз топырақтан аршып алынған осынау құнды дүниелерімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Ол үшін облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратынан экспозициялық зал ашу көзделіп отыр, – дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Ұлжалғас Шайысхан.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы