Таяуда 17 жыл бойы Қазақстаннан да, Ресейден де зейнетақы алып келген Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны ұсталды. Яғни, қос азаматтығы болған. Осылай екі елдің арасында емін-еркін бар мүмкіндігін пайдаланып келген. Елімізде қос азаматтыққа заңмен тыйым салынған. Бірақ оны елеп-ескермегендер азаймай отыр. Ал қос азаматтықтың түбіне үңілсек, мемлекеттің беріктігіне тигізер залалы орасан. Ендеше неге ауыздықтай алмадық?
Нақты есебін ешкім білмейді
Жалпы, қос азаматтық тақырыбы мәселе ретінде соңғы 2-3 жылдан бері емес, 10-15 жылдықтың төңірегінен қозғалып келеді. 2010 жылдардан бастап елдің солтүстігіндегі өңірлерден екі елдің төлқұжатын арқалаған жандар анықтала бастаған. Конституцияның 10-бабы, 3-тармағына сәйкес, елімізде қос азаматтыққа жол жоқ. «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деп анық жазылып тұр. Шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан Республикасының азаматы бола алмайды. Өзге елдің азаматтығын алар кезде осы айтылғандарды елеп-ескермедік дейтіндердің сөзіне сене қою қиын. Айла асырғысы келгендердің басым көпшілігі мұндай қадамға қандай да бір материалдық мүддені көздеп баратын секілді. Екі мемлекеттен бөлінетін зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді пайдасына жаратқысы келетіні айқын. 2016 жылы қаңтар-қараша айларының аралығында елімізде қос азаматтығы бар 581 адам осы заңбұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Соның ішінде Қазақстан азаматының төлқұжатын, жеке куәлігін заңсыз пайдаланып келген 281 тұлғаға айыппұл салынса, өзге мемлекеттің азаматтығын иеленгенін хабарламаған 294 адамға тиісті шара қолданылған. Яғни, 294 адамның 166-сы айыппұл арқалап, қалған 128-і елден қуылыпты. Берідегі жағдай да сол сарында. 2019 жылы Қазақстанда қос азаматтығы бар 500 адам анықталғаны белгілі болса, 2020 жылы 585 азамат табылған. Әлі де кездесіп жатыр. Демек, 19 миллион халықтың ішінде қанша адам Қазақстан азаматтығын шетелдік төлқұжатпен қатар алып жүргені беймәлім. 2018 жылы Ішкі істер министрлігі тексеріс жүргізіп, өзге елдің төлқұжатын жасырған 15 мың қазақстандықты тапқан. Көпшілігі Ресей азаматтығын алған. Бір қызығы, сол 15 мыңның бар болғаны 555-і жауапқа тартылып, 102-сі ғана республикадан аластатылған, ал қалғаны айыппұл төлеп құтылыпты. Бұған қарап, қос азаматтық мәселесі шынымен қоғамды меңдеп бара жатқанын аңғарсақ керек. Олар тек әлеуметтік төлемдер мен басқа да мүмкіндіктерді мақсат тұтпайтын тәрізді. Кейбірі елдің атқарушы органдарына бас сұққан. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы екі мемлекеттік қызметшінің қос азаматтығы бары анықталды. Мемлекеттік қызметшілердің қос азаматтығы болуы – жаға ұстатарлық жағдай. Себебі жалпақ жұрт біле бермейтін, жариялауға жатпайтын дүниелердің басым бөлігі нақ осы мемлекеттік қызметшілердің қолында болуы мүмкін. Демек, қос азаматтығы барлардан саяси қауіп те күтуге болады. Кейде еліміздегі шенеуніктер мен депутаттардың арасында өзге мемлекеттің паспортын алғандар туралы еміс-еміс естіліп қалатын, қазір бұл туралы ақпарат айтылмай кетті.Ұлттық қауіпсіздікке тигізер залалы
Кейбір адамдар бұл тақырыпты қозғағанда бірнеше азаматтық алуға рұқсат берген елдерді мысалға алып, қарсы пікір айтуы мүмкін. Расымен Аргентина, Канада, Аустралия, Барбадос, Кипр, Уругвай, Мексика, Ямайка, Колумбия, Пәкістан, Латвия сияқты елдер бипатризмге рұқсат береді. Бірақ зиянын ысырып, пайдалы тұстарын өз мүддесіне пайдаланады. Бұл елдердің бірқатары инвесторларға азаматтықты байлығы үшін береді, сөйтіп оның ақшасын ел экономикасына жаратады. Мемлекеттік қызметкерлерге, құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдеріне, жұмысы мемлекеттік құпияға байланысты қызметкерлер мен әскери қызметкерлерге қос азаматтық алуға тыйым салады. Яғни, әлемнің кез келген елі қос азаматтықты толық мақұлдамаған. Мақұлдаса да, мүддесіне орай істейді. Ал енді өзімізге оралсақ. Қос азаматтықтың ел үшін төндірер қаупі көп екен. Оны саясаттанушы Расул Жұмалы да айтып отыр. Маманның сөзіне сенсек, әсіресе Ресей билігі одақтастарына азаматтық үлестіріп, мүддесін іске асырғысы келеді. – Елімізде қос азаматтыққа тыйым салынғанын білеміз. Яғни, заң бар. Жетілген мемлекеттерде қос азаматтыққа рұқсат берілгенін білеміз. Алайда ол елдердің ішкі әлеуметтік мәселесі шешілген, сыртқы елдерге тәуелдігі төмен. Ал басқаларға тақырып әлі де өзекті. Қос азаматтық несімен қауіпті? Алдымен қос азаматтығы барлардың ішкі істерге араласып, қысым жасау қаупі бар. Мысалы, 90-жылдардың басында жағдай мүшкіл болды. Сол кезде Ресей «бірталай көмек береміз» дегенді желеу етіп Грузия құрамындағы осетиндер мен абхаздардың көбіне Ресей азаматтығын берді. Бұған салғырт қараған Грузия басшылығы да рұқсат берді. Осылай екі азаматтығы барлар қаптады. Екіншіден, «қос азаматтығы барлар қай елге қызмет етеді, елімізге жанашыр бола ала ма?» деген сауал бар. Танымдық тұрғыдан да мәселе көріп отырмыз. Бұдан бөлек, олар екі елден де әлеуметтік көмек немесе зейнетақы алып отырады. Сайлауларға қатысып, халықтың таңдауын өзгертуге ықпал етеді. Сондықтан қос азаматтыққа заңмен тыйым салғанымыз – жөн іс. Қатаң қадағалау жағы жетіспей отыр, жауапкершілікті күшейту қажет. Оларды айыппұл салып, елден аластатқанға қоса, жазаны да күшейтуіміз тиіс секілді, – дейді маман. Елімізде қос азаматтықпен ұсталған адамдарға жаза расымен жеңілдеу. Ал оларды анықтау қиын ба? Негізінен қос азаматтығы барлар шекарадағы паспорттық тексерістен өткенде не мемлекеттік жәрдемақы алғанда анықталады екен. Сонда Қазақстан мен шетел арасындағы заң орындарының ақпарат алмасуы, халыққа қызмет ету орталықтарының тетіктері қайда қалды? Күштік құрылымдардың осындайдағы әлсіздік танытуы таңғалдырады. «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 496-бабында: «Қазақстан азаматтығынан айырылған адам Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін одан әрі пайдаланса, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады», – деп көрсетілген. Ал көлік айдау ережесін бұзғаны үшін кей жағдайларда әлдеқайда қатаң жаза қолданылады. Мұны жақсы білетіндер айыппұлды төлеп, тайраңдай берері даусыз. Яғни, қос азаматтыққа тыйым салғанмен, оған өзіміз ыңғайлы жағдай қалыптастырып отырғандаймыз. Талай мәрте талқыланып, қордаланған бір мәселе бар еді. Атажұртын іздеп келген қандастардың өзі азаматтық ала алмай шарқ ұрып жүр. Бірақ бір азаматтыққа көңілі көншімей, барына тағы біреуін қосарлап алатындарды қайтеміз? Заң осал ма, әлде жаза осал ма?Мадияр ТӨЛЕУ