Банк пен қарыз алушы арасындағы сегіз жылға жуық сот дауы бес бірдей адамның өліміне әкеліп соқтырды. Бұл несиесі жылдар бойы жиналып, сот шешіміне көңілі толмай жүрген біраз жұрттың жарасына тұз сепкендей болды. Сот орындаушылары мен коллекторлар қандай уәж айтады? Ай мен күннің аманында бес адамның өліміне себеп болған қайғылы оқиға кімге сабақ болуы керек?
Былтыр кредит алушы қазақстандықтардың саны рекордтық көрсеткішке жеткенін Ұлттық банк мәлім еткен еді. Сол жылы қаржы институттары 14,6 триллион теңгеге қарыз ресімдеген. Ал биыл сәуірде банктердің кредит беруінің жалпы көлемі 2,1%-ға өсіп, 15 102,1 млрд теңгені құрады. Бұл дегеніңіз – әрбір екінші тұрғын банктен несие алады деген сөз. Өйткені қарызға мұқтаж халық көп. Елдегі екінші деңгейлі банктер бастарына күн туғанда Ұлттық қорға алақан жайғанымен, өзіне келгенде өз білгенін істеп үйренген. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмай тұр. Мысалы, халқының жалақысы миллионға бағаланатын дамыған елдердің өзінде несие үстемесі алты пайыздан аспайды. Ал біздегі кредиттің пайыздық үстемесі адам шошытады. Үш жүз мыңның затын бір жылдың ішінде 600 мың етіп қайтаруға тура келеді. Оның үстіне, банктің пайыздық үстеменің үстінен пайда көру туралы қитұрқы істері жетерлік. Халықтың қаржылық сауатының жоқтығын жақсы білетін банк қызметкерлері заңды айналып өту арқылы халықты теспей сорып жатыр.10 жылдық тартыс оқ атуға мәжбүрледі
Екі күннен бері қажет кезінде несие алып қайтаруға келгенде құлықсыздық танытып, артынан бес адамды атып салған борышкердің ісін қаралайтындар көбейді. Екіншілері банктің бассыздығын айтса, енді бірі жеке сот орындаушыларын сөгеді. Қалғандары жылжымайтын мүлікті жарты бағасына сатуға үкім шығарған сот пен сот орындаушыларына, сот шешімін орындаған құқық қорғау қызметкерлерін де қаралап әлек. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, оқиға осыдан 10 жыл бұрын алынған қарыздың жылдар бойы толық төленбеуінен туындаған. Анаида Демирчян мен Игорь Дужнов 2011 жылы өздеріне тиесілі «НАНО ПЛЮС» және «ИДЕАЛ СЕРВИС» ЖШС атына «БанкЦентрКредиттен» несие алған. Бірақ несие толық көлемде уақытылы қайтарылмайды. 2014 жылы Алмалы аудандық соты банктің талап-арызын толық қанағаттандыру туралы шешім шығарады. Жауапкер Анаида Демирчян мен Игорь Дужнов өз келіспеушіліктерін бірнеше рет білдірсе де, айтқандары негізге алынбайды. Сот шешіміне сәйкес, жауапкерлерге тиесілі екі компаниядан 118 149 370 теңге қарыз (оның ішіне негізгі қарыздан бөлек, өсімпұлда бар) 3 544 481 мемлекеттік баж салығы ретінде өндіріледі. Олар несие аларда Бағанашыл мен Ақбұлақтағы екі жылжымайтын мүлігін кепілдікке қойған. Яғни, банк о баста қарыз берерде кепілге қойған дүние несие құнынан бірнеше артық болғанын есепке алады. Борышкерлер банктен алған қарызын тек ішінара қайтарып жүрген. Себебі қарызды толық қайтаруға мүмкіндіктері болмаған көрінеді. Заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаны зерделеп көргенін жазыпты. Айтуынша, 2014 жылдан бері қарыз беруші мен қарыз алушы арасында бірнеше сот шешімі шығарылған. Ең бірінші Алмалы аудандық соты жауапкерлерден қарызды өндіру туралы шешім шығарады. 2018 жылы Алатау аудандық соты тағы бір сырттай шешім, сол жылдың соңында соттың ұйғарымын шығарыпты. Ал Алмалы аудандық соты 2019 жылы ұйғарым жасаған. Артынан соттың шешіміне қанағаттанбаған жауапкерлер сот шешімін екінші сатыдағы соттың қарауына жолдаған. Алайда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы алдыңғы ұйғарымды өз күшінде қалдырады. Бірақ артынша апелляциялық сот жылдың соңында Алатау аудандық сот шешімін бұзу туралы қаулы шығарыпты. Былтыр Алатау аудандық соты банктің өтінішін қанағаттандырып, жауапкерлерді үйден шығару туралы шешім шығарады. Апелляциялық сот соңғы шешімді күшінде қалдырған. «Осылардың ішінде ерекше назар аударатын бір-екі сот шешіміне тоқтала кетейін, бірінші кезекте Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы Ербол Аққуовтың 12.03.2019 жылғы шешімі. Оған сәйкес, судья Аққуов бірінші мүлікті су тегінге алып алып, екінші, яғни кешегі атыс болатын Бағанашылдағы мүлікке көз салған банктың әрекетін заңсыз деп табады! Сот шешімінде көрсетілгендей, жеке сот орындаушысы Т-ов, алғашында 184 631 000 теңгеге бағаланған үйді, екі есе төмен бағасына, яғни 96 008 120 теңгеге сатып жібереді. Ол туралы үй иелері білмейді, ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сол үйді (өз үйлерін) сатып алуға үй иелерінің басым құқығы бар!Қаржы ұйымдарының құрығы ұзын
Халықтың айтатыны да бар. Қаржы ұйымдарының құрығы ұзын. Борышкерлерден қарызды қайтара алмаса, коллектор мен сот орындаушыларының көмегіне жүгінеді. Қазір елде не көп, коллекторлық агенттік пен жеке сот орындаушылары көп. Бұдан кейін қарыз жинаушылар борышкерлердің банктегі қарызын қайтару үшін түрлі амалға барады. Коллектор қаржы ұйымының қарызын өндіріп алумен айналысады. Берешекті өтеу мақсатында банк пен борышкер арасында келіссөздер жүргізеді. Борышкерден қарызды қайтара алмаған банк қарызды коллекторлық агенттікке сатады. Ал коллектор қарызды өз атына жаздырып, берешекті өтеп алу үшін сот орындаушыларының көмегіне жүгінеді. Қарызды қайтару үшін ары қарай сот орындаушылары жұмыс істейді. Коллекторлар ішінара көмек береді. Қыруар қаржының иісі шыққан жерде жауапкердің жағдайына ешкім қарап жатпайды. Алимент өндіріп беруге келгенде құлықсыздық танытатын сот орындаушылары кепілдігі бар қарыз болса, тау қопаруға дайын. Неге дейсіз ғой, жеке сот орындаушылары алимент өндіріп алушылардың ісін соңына жеткізбейді. Мәселен, алимент өндіре алмай жүрген аналардың дені ауыса беретін сот орындаушыларының әрекетінен әбден қажыған. Дегенмен сот орындаушылары мен коллекторлар өздеріне айтылған сынмен келіспейді.Жеке сот орындаушыларына жаза бар
Жеке сот орындаушылары банктің бас-көзге қарамай қарыз беретінін айтады. Көп жағдайда сот орындаушыларының жұмысын қаралайтындар – қарызын қайтарғысы келмейтіндер. Әсіресе, алимент бойынша борышкерлер сот орындаушыларын көрсе, қарғысын жаудырады екен. Сол үшін борышкерлердің артынан жүгіруден шаршаған сот орындаушылары қаражатқа қол жеткізе алмайтындарын айтып, ары қарай жұмыс істеуден бас тартады. «Егер сот орындаушысы борышкерге қатысты белсенді жұмыс істесе, тиісінше борышкер бұған наразы болады, өкілеттіктерін асыра пайдалану, шоттарға тыйым салу туралы шағым береді. Сот орындаушысы заңда белгіленген шараларды қабылдай отырып, кез келген жағдайда атқарушылық іс жүргізсе, екінші тараптың сынына қалады», – дейді сот орындаушысы Азамат Байғабыл. Оның айтуынша, сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу Үкімет қаулысына сәйкес бекітілген. Сондықтан әрбір қызметкер алдына қойылған міндетті заң аясында атқаруға тиіс. «Ел заңнамасының, Жеке сот орындаушыларының кәсіптік ар-намыс кодексінің және Республикалық палата жарғысының талаптарын бұзғаны үшін жеке сот орындаушысына тәртіптік жауаптылық қолданылады. Сондықтан сот орындаушыларына жаза жоқ деген қисынсыз», – дейді ол. Сондай-ақ сот орындаушылары хабарлама жібермейді дегеннің де жөнсіз екенін айтады. «Борышкерге хабарлама жетпейді, құлақдар етілмейді деген өтірік. Өйткені біз заңға сәйкес әрбір талапкер немесе борышкер орындауға келіп түскен атқару құжаттарымен танысуға құқылымыз. Келіп түскен атқару құжатына сай, атқару өндірісі қозғалып, борышкердің тіркелген мекенжайына хабарлама жіберіледі. Телефон нөмірі бойынша және пошта арқылы хат жолданады», – дейді сот орындаушысы.Борышкерлер байланысқа шыққысы жоқ
Коллекторлық агенттіктің өкілі Самат жауапкерлерден жөн-жосықсыз қарызды талап етуге құқығы жоғын алға тартты. «Өз тарапымыздан жағдайды баяндап, алдын ала хабарлама жібереміз. Бірақ қарыз алушылардың көбі банкке басқа мекенжайын көрсетеді. Тұрғылықты жері басқа қалада. Біз банкте көрсетілген мекенжайға хабарлама жібереміз. Кепіл ретінде көрсеткен адамдарға да хабарласамыз. Бірақ хабарламаны алып тұрып, хабарласпайды. Өйткені коллекторлық компания қарызды сұрайтынын біледі. Амал жоқ, сотқа жүгінеміз. Сол кезде ғана «хабарлама алмадық» деп келеді. Сотта ісіміздің заңды екенін көрсету үшін хабарламаның екінші көшірмесін ұсынамыз», – дейді ол. Осыдан бірер жыл бұрын Бас прокуратураның алқа отырысында бір жылдың өзінде 1 300 сот орындаушысы тәртіптік жауапқа тартылып, 50 адам жемқорлыққа қатысты деп айыпталған. Сондай-ақ азаматтық істерде сот шешімдерінің әрбір 3-актісі орындалмайтыны айтылып еді. Ал келер жылы коллекторларға қатысты талап күшейтілуі мүмкін. Бірақ іс коллекторларға жауапкершілікті арттырып, сот орындаушыларына заңды қатайтқанмен бітпейтін секілді. Сондықтан даудың басын даурыққан жұрттың қаржылық сауатын арттырудан бастап бас-көзге қарамай несие беретін қаржылық ұйымдардың да жауапкершілігін арттырған жөн болар еді.Жадыра МҮСІЛІМ