2015 жыл: мемлекеттілік тарихы ұлықталған жыл

2015 жыл

Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі тарихына шолу жасаған кезде әр жылдың өзіндік ерекшелігі, қызығы мен шыжығы болғанын аңғарамыз. Дегенмен кейбір жылдар ұлт санасын жаңғыртып, рухты көтергенін де ескермей кетуге болмайды. Сондай ерекше жылдардың бірі – 2015 жыл.

Президент сайлауы: бұқараның таңдауы айқын еді

2015 жылдың саяси оқиғалары туралы сөз еткенде бірден 26 сәуірде өткен Пре­зидент сайлауы еске түседі. Аталған сайлау кезектен тыс өткізілді. Президент сайлауының кезектен тыс өткізілуіне Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасы себепші болды. 2014 жылдың шілдесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылды «Қазақстан халқы Ассам­блеясы жылы» деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 2015 жылдың 14 ақпанында осы ұйым кеңе­сінің отырысы өтіп, оған қатысушылар ке­зектен тыс Президент сайлауын өткізу жайлы бастама көтерді. Бұл бастаманы қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер, саяси партиялар, жекелеген азаматтар қолдады да, ақыры сайлау өткізу мәселесі күн тәртібіне шықты. Әрине, сарапшылар мұндай бастаманың көтерілуіне жа­һандағы экономикалық дағдарыс, күрделі халықаралық жағдай әсер еткенін алға тартты. Біздің пайымдауымызша, саяси технологтар Президент сайлауын мерізімінен бұрын өткізу арқылы ай­мақтағы геосаяси күштердің процеске араласу мүмкіндігін шектеуге тырысқан тәрізді. Ал жаһандық экономикалық дағдарыс жай ғана сылтау тәрізді кө­рінетіні бар. Қысқасы, сол кезде Мем­лекет басшысын сайлауды ертерек ұйымдастыруға геосаяи жағдайларды сараптау, барлау және қарсы барлау деректерін талдау әсер еткен болуы мүмкін. Бірақ қалай болғанда да 2015 жылы өткізілген Президент сайлауының сырын алдағы 50 жылда толық біле қоймаспыз. Алайда маңыздысы ол емес, сол жылы ұйымдастырылған сайлау науқанының өзі.

Сонымен, 2015 жылдың басында ҚХА бастамасын ақыры Парламент те қолдады. Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің «Елімізді жаһандық сын-қа­терлер кезеңінен алып шығу үшін елі­міздің Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа жаңа жалпыхалықтық сенім мандаты берілуі қажет. Әлемде тұрақ­сыздық орын алған күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүние­жү­зінің озық 30 елінің қатарына енуі үшін Елбасы Н.Назарбаевқа сенім білдіру қажет», – дейтін Үндеуіне Парламенттің қос палатасы да қосылды. Сөйтіп, Ел­басына үндеу жолдады. Сол кезде Сенат Төрағасы қызметін атқарып тұрған Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын өткізудің жай-жапсарын пысықтап, Конституцияға сәйкес немесе қайшы түсетін тұстарын анықтату үшін Конституциялық кеңеске жүгінген еді. Ал Конституциялық кеңес сайлау өткізуге қандай да бір құқықтық кедергі жоқ екенін мәлімдеді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев сол кездері өзіне көптеген хат келгенін, өкілеттілік мерзіміне қатысты ұсыныстар бар екенін айтып, халыққа Үндеу жолдады.

«Менің Мемлекет басшысы лауазы­мындағы конституциялық өкілеттігім де 2016 жылы аяқталады. Халық екі ұсыныс айтуда. Біріншісі – ел Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу. Екінші­сі – Президент өкілеттігі мерзімін ұзарту туралы референдум өткізу. Екі ұсынысты да жүзеге асыруға болады. Дегенмен Конституция талаптарына сай келетін ең дұрысы сайлау өткізу болып санала­ды», – деді Елбасы сол Үндеуде. Сөйтіп, сол жылдың 26 сәуірінде Президент сайлауы өтті.

ОСК мәліметтеріне қарағанда, 2015 жылы тізімделген 9 547 864 сайлаушының 9 090 920-сы дауыс беруге қатысыпты. Бұл дегеніңіз – 95,21 пайыз көрсеткіш. Ал үміткерлерге келсек, фаворит санал­ған Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлау­шы­лардың 97,75 пайызы немесе 8 833 250 адам, Тұрғын Сыздықовқа сайлаушы­лардың 1,61 пайызы немесе 145 756 адам, Әбілғазы Құсайыновқа 0,64 пайыз немесе 57 718 адам дауыс берген. Осы­лайша, Н.Назарбаев басым дауыспен жеңіске жетіп, ел басқару қызметін одан ары қарай жалғастырды.

Ұлт жоспары – «100 нақты қадам»

Елбасы өзінің ресми түрде қайтадан қызметке кірісуіне арналған салтанатты шарада «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт жос­парын жариялайтынын айтқан еді. Арада көп өтпей, 2015 жылдың 20 мамырында «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» атты арнайы бағдарлама жарияланды. Онда Президенттің сай­лауалды тұғырнамасында айтылған 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жолдары көрсетілген еді. Кейін мемлекеттік органдар өкілдері мен масс-медиа бағдарламаны «Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» деп жалпылама түрде атап кетті.

Елбасы өзінің ресми түрде қайтадан қызметке кірісуіне арналған салтанатты шарада «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт жос­парын жариялайтынын айтқан еді. Арада көп өтпей, 2015 жылдың 20 мамырында «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» атты арнайы бағдарлама жарияланды.

Жоспарда «Кәсіби мемлекеттік ап­парат құру» бағытында 15, «Заңның үстемдігін қамтамасыз етуге» 19, «Ин­дустрияландыру мен экономикалық өсім» бағытына 50, «Біртектілік пен бір­лікке» 6, «Есеп беретін мемлекетті қа­лыптастыру» бағытына 10 нақты қадам белгіленді. Сөйтіп, еліміз дамуының басым бағыттары айқындалды. «100 нақты қадам» жоспары бір жағынан кешенді құжат болса, екінші жағынан нақты бағыттарды қамтыған жоспар еді. Тіпті, онда жекелеген салалардың аты аталып, түсі де түстелді. Айталық, «Мәң­гілік ел» патриоттық актісін, «Менің елім» ұлттық жобасын ұйымдастыру тәрізді нақты бағыттар болды. «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру мен оны дамыту, аталған орталықта жұмыс істейтін құрылымдар нақтылау да сол Ұлт жоспарында көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда, құжатта кейін тұтас салалардың дамуын айқындаған көптеген бағыт нақты көрсетілді.

Қазақ хандығының 550 жылдығы

2015 жылдың есте қалар ерекше оқиғасы Қазақ хандығының 550 жылдығы еді. 2014 жылдың күзінде Ұлытау төрінде өткен сұхбатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілетінін айтқан еді. Бұл бастама хандықтың құрылу тарихына қатысты тарихшылар арасындағы пікір қайшылығына тосқауыл қойып, тарих ғылымының идеологиялық құрал екенін көрсеткен шешім еді. Өйткені тарих­шылар Қазақ хандығының құрылуына қатысты ұдайы дауласып, біреуі 1456, тағы біреуі 1458, енді бірі 1465, кейбіреуі 1466 жылы құрылғанын алға тартатын. Өзге де нұсқалар бар еді. Ал 2014 жылы Ресей президенті В.Путиннің қазақ мемлекеттілігінің тарихына күмән кел­тірген пікірі бұқараны тіксінтіп тастаған-ды. Сол сәтте Елбасы Ұлытауда масс-медиаға арнайы сұхбат берді де, сол әңгімесінде хандықтың мерейтойын атап өту бастамасын көтерді. Сөйтіп, 2015 жылды қазақстандықтар Қазақ ханды­ғының 550 жылдық мерейтойын атап өтетін кезең ретінде қарсы алды. Бұл өз кезегінде азаматтар бойында мемле­кетшілдік сананы қалыптастыруға ықпал еткен, бір жағынан қарағанда кеткен есенің қайтқанындай көрінген оқиға еді. Жыл бойы елдің түкпір-түкпірінде түрлі шара ұйымдастырылды. Мемлекеттің арнайы жоспарынан бөлек, азаматтардың өздері де айрықша белсенділік танытты. Мерейтойлық шараларға шетелдегі қазақтар да үн қосуға асықты. Сол жылы республика бойынша мерейтойға ар­налған 700-ден астам шара жоспарланды. 2015 жылдың қаңтары мен қыркүйегі арасында 50-ден астам халықаралық, республикалық және облыстық дең­гейдегі ғылыми-тәжірибелік конфе­ренция, 300-ден астам мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілерде түрлі хэштегтермен флеш­мобтар кең тарады. Азаматтардың ай­рықша белсенділік танытқан кезеңі еді. Тарихи-танымдық деректі фильмдер көптеп түсіріліп, ғылыми мақалалар жарық көрген, арнайы сайттар мен порталдар молынан ашылған жыл еді.

Ол да Тұңғыш саналады

Қазақстанның ғарышты игеру мен зерттеу тарихы да өзіндік ерекшеліктерге толы. 2015 жылы сол шежіреге жаңа па­рақ қосылды. Ол тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкерінің ұшуы еді. 2 қыр­күйекте Байқоңырдан ғарышкер Ай­дын Айымбетов ғарышқа ұшты. Ол ха­лықаралық экипаж құрамында ХҒС-да бір аптадай болды. Ол ғарышқа ресейлік Сергей Волков және дат Андрес Мо­генсонмен бірге ұшты да, 10 қыркүйекте даниялық әріптесімен және ресейлік Геннадий Падалкамен бірге Жерге оралды. Ғарыш стансасына борт инженер ретінде сапар шеккен А.Айымбетов Арал теңізінің ластануы, Каспий теңізіндегі мұнай өндірісі кезіндегі түрлі зардаптар деңгейін зерттеді. Одан бөлек, Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесі мен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған бейнетүсірілімдер әзірледі. Осылайша, Айдын Айымбетов ғарышқа ұшқан үшінші қазақ азаматы болғанымен, ресми түрде Қазақстан атынан сапар шеккен алғашқы маман қатарына кірді. Ал Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақ болғанымен, КСРО азаматы еді. Талғат Мұсабаев тәуелсіздік алған соң ұшқан алғашқы қазақ бол­ғанымен, Ресейдің атынан сапар шекті. Сөз басында еліміздің ғарышты игеру тарихындағы ерекше детальдар туралы айтуымыздың сыры осында. Алғашқы жасанды жер серігі, алғашқы ғарышкер көкке көтерілген, әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы орналасқан Қазақстан жерінде отандық ғарыш шежіресі осылай жазылды.

Экономикалық одақ және Назарбаев саясаты

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Ресей және Беларусь мем­лекеттері бірлесе құрған Еуразиялық экономикалық одақ ресми түрде іске кірісті. Ұзақ уақыт бойы түрлі келіссөз арқылы әр елдің мүддесі ескерілген, Кеден одағынан бастау алған осынау құрылым кейін кеңейгені рас. Дәлірек айтқанда, 2015 жылы ЕАЭО-ға Қырғыз Республикасы мен Армения мүше болып кірді. Соңғысын мүше ретінде қабылдау процесі кезінде Елбасы Н.Назарбаевтың көрегендігі тағы байқалған. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық құқықтық нормалардан ешқашан аттамайтынын, әр елдің аумақтық тұтастығын бұзуға барынша жол бермеуге тырысатынын сол жиында байқатқан. Арменияның ЕАЭО-ға Таулы Қарабақ аймағын қо­су­ды көздеген ұстанымына тосқауыл қойып, Армения БҰҰ-да танылған аума­ғы­мен ғана қосылатынын кесіп айтқан еді. Н.Назарбаевтың бұл ұстанымын күллі түркі жұрты, соның ішінде әзер­байжан халқы айрықша бағалады. Елба­сының «Түркі дүниесінің ақсақалы» атала бастаған кезі де сол тұс.

Айтпақшы, 2015 жылдың 24 қара­шасында Түркия әскери әуе күштерінің ұшақтары Ресейдің Сирияда орналас­қан әскери бөліміне тиесілі Су-25 ұшағын атып түсірген еді. Сөйтіп, Түркия мен Ресейдің арасы суып кеткен еді. Бір-біріне қарсы салған санкциялардан қарапайым адамдар, кәсіпкерлер айрықша зардап шеккені бар. Осынау қырғиқабақ кезеңде Назарбаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей басшысы Владимир Путиннің кездесуіне алғышарттар жасап, кейін қос елдің татуласуына ықпал еткені бар. Бірақ ол 2016 жылдың әңгімесі.

Ардақ СҰЛТАН

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.