Үкімет "той маусымын" ашық деп жариялады: баға, нарық, сұраныс
Үкімет "той маусымын" ашық деп жариялады: баға, нарық, сұраныс
©А.Ахметқазы
199
оқылды

Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты карантин жеңілдейді. Енді үйлену тойлары мен мерейтойлар өткізуге рұқсат етілді. Карантиннің жеңілдеуіне отандық рестораторлар қуанатыны рас. Бұдан былай, кәсіпкерлер қайтадан тапсырыс қабылдап, той-думанды ұйымдастыра алады. Ал болатын той-думанның қаншаға түсетінін кім біледі?

Нұр-Сұлтандағы «Салтанат сарайы» мейрамханасының администраторы карантин уақытында қатты қиналмағанын сөз етті.

– Жаздық терассамыз болғандықтан, ісіміз тоқтап қалмады. Сондықтан карантин бізге ауыр тиді деп айта алмаймын. Жұмысымыз қалыпты жүріп жатыр. Қазірдің өзінде біраз тапсырыстар түсті. Енді ғимараттың ішінде той-томалақ, банкеттерді өткізе аламыз. Артықшылығы сол.  Ал бағаның өсуі – елдегі нарыққа байланысты. Тауарға кететін шығыннан артық пайда үшін деп бір тиын да қоспадық, – дейді мейрамхана администраторы Елдар.

[caption id="attachment_162405" align="alignnone" width="1200"]той ©aigak.kz[/caption] Ал  Алматыдағы «Керемет» мейрамханасының администраторы карантин кезінде мейрамхананың жұмысы тоқтап, қаңырап тұрғанын айтты. Тіпті қиындықтан әлі шыға алмай отырғанын жеткізді.

– Той-томалақ өткізуге рұқсат бергені дұрыс болды. Енді жағдайымыз реттелер деп үміттенеміз. Себебі карантин уақытында мемлекет тарапынан бізге ешқандай жеңілдік жасалмады. Жарықтың не болмаса қоқыстың ақысынан босатылған жоқпыз. Айма-ай салықты да төлеп отырдық. Даяшы мен аспаздар жұмыстан босатылғанымен, мейрамхананы ұстау үшін күзет пен тазалаушыларды қалдырдық. Олардың жалақысы да уақтылы төленді. Әзірге бағаны өсіреміз деп айта алмаймын. Бұрынғы бағаны сақтап тұрмыз. Негізі бізде бағаны реттейтін – азық-түлік. Егер азық қымбаттаса, баға да өсуі мүмкін,  – дейді Еркежан.

Кәсіпкер Диан Мұстафин қазір той-томалаққа нарықтағы сұраныстың азайғанын алға тартты.

– Осы уақыт ішінде бұл жағдайдан әртүрлі жолдармен шығуға тырыстық. Тағамды жеткізумен де, асхана сияқты тамақ дайындаумен де айналыстық. Жақын жерде тұратын клиенттер келеді деп ойладық. Бірақ мұның бәрі бекер болды. Жұмысты бұрынғыдай қалпына келтіру өте қиын болады. Оның үстіне, халықтың өзі мерекелерді бұрынғыдай өткізуге дайын емес, – дейді кәсіпкер Диан Мұстафин.