ТМД біріккен әскери бөлімшесі құрылмақ
ТМД біріккен әскери бөлімшесі құрылмақ
346
оқылды

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар халықаралық келісімді ратификациялайтын заң жобаларын құптап, Сенатқа жолдады.  Атап айтқанда, отырыста ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерінің бірлескен, біріккен байланыс жүйесі туралы келісімді мақұлдады.

Құжатқа сәйкес, Достастыққа мүше елдер армия­ларының өзара іс-қимылын дамыту үшін «ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қарулы күш­терінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесін» құрады. Бірлескен байланыс жүйесінің ұйымдық-техникалық құрылы­мын қалыптастыру, оны құру және жұмыс істеу қағидаттары ТМД елдерінің үкіметтері басшылары­ның кеңесі бекітетін арнайы ережеде айқындалады. Сонымен қатар Мәжіліс «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. Келісім бойынша Достастыққа қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерінің бірлескен гума­ни­тарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі қалыптастырылады. Ортақ бөлімшені қолдану және оның қызметін аяқтау тәртібі, оның қабылдаушы, транзиттік елдер аумағындағы мәртебесі, әскери қызметшілерінің гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезеңін­дегі мәртебесі белгіленеді. Келісімге сай, Бірлескен бөлімше ТМД-ға кірмейтін мемлекеттер аумағында да гуманитарлық миссияны орындауға тартылмақ. Қазақстан «мұндай бағыт тек БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес мүмкін болады» деп есептейді. Яғни, БҰҰ құптамай, қазақстандық әскерилер өзгенің жеріне аяқ баспайды. Осыған байланысты Қазақстан келісімге тиісті ескертпемен қол қойды. Жалпы отырыста VII сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың екінші сессияға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Мәжіліс төрағасының орынбасары Б.Кесебаеваның айтуынша, шаралар жоспары негізінен Қазақ­станның стратегиялық құжаттарына, Президент Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларына сәйкес әзірленіп отыр.

Айхан ШӘРІП