Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің даму қарқынымен жақыннан танысты. Мемлекет басшысының сапары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізуден басталып, бірқатар нысанды аралаумен жалғасты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент өз сөзінде Қазақстанды экономикалық және рухани-мәдени тұрғыдан дамытуда өңірдің рөлі зор екенін атап өтті.
– 30 жылда бұл өлкеге 7 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Облыс өңірлік жалпы өнім деңгейі бойынша алдыңғы қатардағы бестікке кіреді. Тәуелсіздік кезеңінде облыста 11,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 78 мектеп, 334 балабақша салынды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өңірде өзекті мәселелер де бар
Сонымен қатар Президент аймақта жылдам шешуді қажет ететін бірқатар қордаланған мәселе бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы облыста еңбек даулары өршіп тұрғанын ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы облыста жұмыссыздық мәселесінің ушығып тұрғанына мән беріп, жергілікті жұрттың жұмыс таппай жүргенін, ал мердігерлердің басқа жақтан еңбек күшін тартатынын айтты.
Президент инфляция деңгейінің жоғары екенін және азық-түлік тауарларының бағасы тез қымбаттап бара жатқанын келесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтіп, аталған проблеманы шешу қажетін айтты.
– Азық-түліктің 80 пайызға жуығы импортталады. Осы ретте 50 мың тонна көкөніс сыятын қоймалардың тапшылығы байқалады. Бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Аталған мәселені маңызына қарай шешу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент банкрот жағдайында тұрған Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта қалпына келтіру қажеттігін жеткізді.
Ауызсу мәселесіне назар аударды
Президент облыстағы өзекті проблемалардың бірі – өңір тұрғындарының сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілмеуіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде қыруар қаржының түрлі қымбат ғимараттар салуға және басқа да мақсаттарға жұмсалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл да керек, бірақ ешқайсысы судан маңызды емес.
– Мен Жолдауымда Кендірлі елді мекенінде су тұшыту зауытын салуды тапсырған болатынмын. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 2024 жылдың соңына дейін зауытты іске қосуы керек. Ауылдық жерлер әлі күнге дейін сапалы ауызсуға мұқтаж. Облыстағы 12 елді мекенде, яғни ауылдардың 20 пайызында ауызсу жоқ. Биыл 4 ауылға ғана су жеткізу жоспарланған. Бұл жұмыстың қарқыны өте баяу. Әкімдікке келесі жылдың соңына дейін осы 12 ауылдың бәріне таза су беруді тапсырамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай суға деген сұраныс арта түсетініне тоқталды.
Қуаңшылық кезінде шенеуніктер сылбыр қимылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде жаппай мал шығынына алып келген қуаңшылық мәселесіне қатысты көзқарасын білдірді. Мемлекет басшысы мұқтаж фермерлерге көмек көрсету кезінде шенеуніктердің сылбырлығын сынға алды. Оның айтуынша, облыс әкімдігі мен құзырлы министрлік қайта-қайта қағазын түгендеп, құжатын реттеп отырғанда ахуалды тұрақтандыру үшін резервтен бөлінген тиісті қаражат қиналған шаруаларға мезгілінде жетпеген.
– Құдық қазуға бөлінетін субсидия 80-нен 50 пайызға дейін қысқарған болатын. Үкіметке бұл шешімді қайта қарауды тапсырамын. Маңғыстау және Қызылорда облыстары үшін өтемақы мөлшерін қайтадан 80 пайызға дейін көбейту қажет. – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздегі ең үздік он туристік аймақтың қатарына қосылатын Маңғыстау облысының туристік әлеуеті зор екенін атап өтті. Ол мұның дәлелі ретінде осы жылдың бірінші жартысында туристер саны үш есе артқанын алға тартты. Дегенмен, Президент курортты жерлердің туристік әлеуеті толық игерілмей отырғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау проблемаларына арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы облыста екпе салу жұмысы өте баяу жүріп жатқанын, еңбек ұжымдары екпеден жаппай бас тартып отырғанын, жергілікті жұрттың жартысына жуығы медициналық қызметтің сапасына риза емес екенін атап өтті. Президент дәрігерлердің жетіспеушілігін тағы бір өткір проблема ретінде көтерді.
– Өңірде 276 медицина маманы жетіспейді. Соның ішінде емханаларға 147 дәрігер қажет. Сөйте тұра, жолдамамен келген жас мамандардың 28 пайызы ғана әлеуметтік қолдауға ие болған. Бұл еш қисынға келмейді. Біз жас мамандарды жұмысқа белсенді тартып жатырмыз. Бірақ оларға уәде еткен көмекті бере алмай отырмыз. Аймаққа қажетті барлық медицина қызметкерлеріне толық әлеуметтік қолдау көрсетуді облыс әкімдігіне тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экологиялық мәселелер назардан тыс қалмайды
Бұдан бөлек, Президент жергілікті экологиялық проблемаларға, соның ішінде «Қошқар Ата» қалдықтар қоймасына қатысты мәселеге тоқталды. Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне үш жыл мерзім ішінде қалдық қоймасын қайта қалпына келтіруді және қалдық жиналатын толық инфрақұрылым қалыптастыруды, сондай-ақ қатты тұрмыс қалдықтарын нормативті талаптарға сай өңдеу жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі көлік-транзит әлеуетін дамытуды тағы бір маңызды міндет ретінде атады. Бұл ретте еліміздің теңіз порты арқылы өтетін транскаспий мультимодальді халықаралық жолының маңызы арта түседі. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке Ақтау және Құрық порттарының базасында контейнерлік хаб құруға және Қытайдан келетін экспорттық жүктердің бір бөлігін қайта бағыттауға тапсырма берді.
Спорт пен туризм салалары да дамуы керек
Кеңестен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау қаласындағы «Халық Арена» спорт кешенін аралап көрді. Президент кешенде жаттығып жүрген спортшылармен әңгімелесу барысында спорт саласы, бұқаралық спорт түрлерінің дамуы мемлекеттің ерекше назарында болатынын, барлық өңірде заманауи спорт нысандарының салынып жатқанын айтты. Мемлекет басшысы спортшылардан болашақта әлем және олимпиада чемпиондары шығатынына сенім білдірді.
Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі жағалауындағы туристік кластерді дамытуға арналған жобалармен танысты. Президент Rixos Water World Aktau қонақүй кешенінің инфрақұрылымын, соның ішінде жуырда ашылған ойын-сауық паркін аралап көрді. Ақтау қаласының оңтүстігіндегі туристік аймақты дамытуға арналған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылған инвестициялық жобаларға оң баға берді. Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды кеңейтіп, жетілдірудің және туристер тартудың маңызды екенін атап өтіп, құрылыс барысын өз бақылауына алатынын мәлімдеді.