Сәрсенбі күні Мәжіліс «ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесін құру туралы» келісімді ратификациялады. Сол-ақ екен, әскерилердің бұл қадамын айыптаушылар табыла кетті. Басты қауіп – армияның байланыс жүйесін Ресейдің қолына беріп қоймаймыз ба? Біз мәселенің астарына үңіліп көрдік.
Негізі, Мәжілісте ТМД елдерінің қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесі туралы келісім 2020 жылдың 29 мамырында Мәскеуде жасалған болатын. Бұл құжат ТМД-ға қатысушы елдер қарулы күштерін басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету және өзара үйлесімді әрекет ету үшін сапалы байланыспен қамтамасыз етуді көздеген еді. Сөйтіп, ТМД кеңістігіне қандай да бір қауіп төне қалса, тізе қоса қимылдауға қажет шаралар қабылданғандай көрінген. Дегенмен ТМД-ның біріккен қарулы күштері дейтін құрылым 1992-1932 жылдары ғана жұмыс істегенін ескерсек, ортақ байланыс жүйесін құру өзін-өзі ақтай ма дейтін сауал да туындайды. Өйткені қазір әр елдің армиясы өз бетінше әрекет етеді. Әрі қазір ТМД-да 9 мемлекет қана бар. Олардың екеуі– Әзербайжан мен Армения жуық арада бітісе қоятын мемлекеттер емес. Араларында жер дауы бар. Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан шекарашыларының да жиі-жиі шекісіп қалатынын көріп жүрміз. Дәл мұндай жағдайда ТМД қарулы күштері Бас штабтар комитеті тәрізді құрылым мен қандай да бір жүйе құру идеясы посткеңестік аймақты ықпалында ұстағысы келетін Мәскеудің саясаты ғана болар-ау деген күдік те туады. Біздің мұндай пайым жасауымызға ТМД елдерінің қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесіне қажет техниканы Ресей бермек болғаны себеп болды. Енді келісімнің ерекшеліктеріне тоқталсақ. Біздің пайымдауымызша, келісімнің кейбір ерекшелігін Мәжіліс депутаттары да дұрыс түсінбей қалғанға ұқсайды. Айталық, депутат Бақытбек Смағұл Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаевқа арнайы сұрақ қойып: «ТМД қатысушы елдерінің әскери байланыс жүйелері әртүрлі. Осыған байланысты белгілі бір жағдайларда олардың үйлесімділігі туралы мәселелер туындауы мүмкін. Келісімнің 7-бабына сәйкес, қатысушы елдерінің қару-жарағына кіретін ұлттық байланыс құралдарының үйлесімділігін қамтамасыз етеді. Қазір Қазақстан армиясының ТМД елдерінің армиясымен байланыс құралдарына үйлесімділігі қандай?» – деді. Ал генерал қазіргі жағдайда Қазақстан армиясында байланыстың әртүрлі құралы барын айта келе, келісімнің маңыздылығын атап өтті. «Бұл келісімнің өзегі – осы байланыс жүйелерінің өзара алмасуын және түйісуін қамтамасыз ету. Бұл жағдайда Ресей тарапы ТМД шеңберінде бізді техникалық тұрғыда байланыс құралдарымен қамтамасыз ету міндетін алады. Алайда бұл жағдай Қазақстан армиясын қазіргі басқару жүйесіне қалайда ықпал етеді дегенді білдірмейді. Осыған байланысты бізде өзімізді жабық және ашық сегменттегі байланыс құралдары бар. Яғни, олар өзара автономды түрде істеседі. Сол себепті бұл жағдай олардың жұмыс қабілетіне әсер етпейді. Ал осы келісімнің мағынасы – осы байланыс жүйелерінің осы байланыс жүйелерін өзара алмасу және түйісуін қамтамасыз ету», – деп қайталады Тимур Дәндібаев. Генералдың сөзінен ұққанымыз, бұл жүйе дербес болғалы тұр. Қарулы күштердің ішкі байланыс желілеріне қатысы болмайды. Алайда депутат айтқан 7-бапта:– осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің қару-жарағына кіретін ұлттық және шетелдік өндірістің байланыс кешендері мен құралдарының үйлесімділігін қамтамасыз ету; – байланыс кешендері мен құралдарын біріздендіру және стандарттау; – дейтін тармақтар бар. Бұл қос жүйені үйлестіру қажет дегенді білдіре ме, әлде түбегейлі интеграциялау керек пе деген сауалға жетелейді. Шамасы, депутат осы мәселені меңзесе керек, алайда генерал басқаша жауап берді. Ал біз Қорғаныс министрлігіне хабарласқанымызда, ондағы мамандар Қарулы Күштердің жеке байланыс жүйесі болатынын алға тартып, ТМД елдері қарулы күштерінің біріккен байланыс жүйесі бөлек екенін айтты. Бірақ келісім бойынша тараптар бәрібір бір-біріне ақпарат беріп отырады. Ол келісімнің 14-бабында көрсетілген. Онда былай делінген: – Ақпаратты беру және қорғау осы келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. – Мемлекетаралық құпиялармен жұмыс істеу және оларды қорғау Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде қолданылатын құпия ақпаратты қорғау туралы халықаралық шарттарға және осы келісімге қатысушы мемлекеттердің құпия ақпаратты (мемлекеттік құпияларды) өзара қорғау (сақтау) туралы екіжақты шарттарына сәйкес жүзеге асырылады. – Тараптар осы келісім шеңберінде алынған ақпаратты осы ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа бермейді. – Осы келісімді іске асыру барысында алынған ақпаратты тараптардың бірі екінші Тараптың мүдделеріне нұқсан келтіріп пайдалана алмайды.Қысқасы, әскерилер келісімнен сескенудің қажеті жоқ екенін айтады. Әрі мұндай үлгілер әлемде де бар.
Дәл мұндай жағдайда ТМД қарулы күштері Бас штабтар комитеті тәрізді құрылым мен қандай да бір жүйе құру идеясы посткеңестік аймақты ықпалында ұстағысы келетін Мәскеудің саясаты ғана болар-ау деген күдік те туады.
НАТО-ға ұқсау ма?
Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы Байланыс департаментінің мамандары мұндай жүйелер НАТО елдерінде де бар екенін алға тартты. Зерделеп көрсек, расында да әскери альянстарда мұндай тәртіп бұрыннан қолданылатын болса керек. Айталық, Түркия қарулы күштеріндегі байланыстар жүйесін Aselsan, TUBITAK тәрізді отандық компаниялары мен зерттеу орталықтары жасайды. Ал НАТО мен байланыс құралдары бөлек екен. Олардың да кодтары, байланыс желілері жеке-жеке жұмыс істейді. Тікелей интеграция жоқ.Тіпті, қару-жарақ үлгісіне қатысты да қайшылық бар. Мәселен, Анкара S-400 зениттік зымыран кешенін сатып алғанда бірқатар сарапшы оның байланыс, басқару қондырғылары натолық желімен үйлеспейтінін айтып, алаңдағаны бар. Ал НАТО-ның өзінде Түркия мен Грекия бір-біріне қырын қарайтыны белгілі. Сонымен бірге әр елдің жеке құпиясы да болары сөзсіз. Сондықтан батыстықтар мұны ескергенге ұқсайды. Ал ТМД-ға арналған жүйенің тура сондай болып шығарына кепілдік аз. Дегенмен әскерилер қос жүйе бір-біріне кірікпейді деп отыр.Сонда неге қауіптендік?
Отандық масс-медиа Мәжілісте ратификациядан өткен заң жобасына қатысты түрлі ақпарат таратып жатыр. Көбі бірден «Қазақстан армиясын байланыс құралдарымен Ресей қамтамасыз етпек» дегенді алға тартты. Әлеуметтік желілерде мұны Ресейден төнетін қауіп ретінде де бағалаушылар бар. Шамасы, теріскейдегі көршінің жаңа ғасырдың басында айналасындағы бірқатар елге жасаған қысастығы ұмытылмайтын тәрізді. Әрі Сирия мен Ливияда, Таулы Қарабақта «орыс қаруының» қирағанын да бұқара көрді. Бәлкім, содан да шығар, Мәскеу жақтан түскен ұсынысқа үрке қарайды. Бірақ бір анық дүние бар. Ол – отандық әскери байланыс құралдарының басым бөлігін өзіміздің кәсіпорындар жасап жатыр. «Қазақстан Инжиниринг» ҰҚ»АҚ-на қатысты зауыттарда байланыс құралдарының сан түрі әзірленеді. Сондықтан бірден қара аспанды төндірудің қажеті жоқ-ау деп пайымдаймыз. Дегенмен «қаупің қайдан болса, қатерің содан» дейтін аталы сөз тағы бар.МАМАН ПІКІРІ
Асан АКИШЕВ, Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы Байланыс департаменті бастығының орынбасары, полковник: – Негізі, азаматтар әскери байланыс жүйесіне қатысты мәселені түсінбей жүрген сыңайлы. Іс жүзінде оның бірнеше түрі бар. Біздің Қарулы Күштерімізде өзіміздің жеке байланыс жүйеміз бар. Оны өз қаржымызға, өз мүмкіндіктеріміз негізінде қалыптастырғанбыз. Ал Мәжілісте ратификациядан өткен «ТМД елдерінің қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесі туралы келісімде» қарастырылған жүйе бөлек. Оның біздің Қарулы Күштеріміздегі байланыс жүйелеріне қатысы болмайды. Аталған жүйе Ресеймен және ТМД-ның өзге елдерімен байланыс үшін қолданылады. Құрал-жабдықтары да бөлек орналасады. Қарапайым мысалмен айтсақ, сіздің қолыңызда екі телефон болғанмен бірдей. Сіз бен біз сөйлесіп отырған телефон бөлек те, ТМД елдерімен байланыс орнататын телефон басқа. Ал жүйенің құрылымына келсек, онда заманауи байланыстың барлық түрі болады. Телефон, радио байланысы, арнайы қорғалған байланыс жүйесі дегендей біршама түрі қолданылады. Осы тұста арнайы қорғалған байланыс жөнінде айта кеткім келіп отыр. Негізі, әр елдің қарулы күштерінде өзінің қорғалған байланыс жүйесі болады. Біз ТМД елдері қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесіне өзіміздің қорғалған байланыс жүйесін бермейміз. Ал ортақ жүйеге Ресейдің экспортқа арналған қорғалған байланыс құралдары беріледі. Бір сөзбен айтқанда, біз өзіміздің байланыс жүйелерімізді ешкімге бермейміз. Тіпті, ортақ жүйеге қандай да бір тетік те қосылмайды. Алаңдауға ешбір негіз жоқ. Ал келісімде көрсетілген жүйе ТМД елдері қарулы күштерінің өзара іс-қимылы үшін ғана қолданылады.Амангелді ҚҰРМЕТ