Ревакцинацияға дайынбыз ба?
Ревакцинацияға дайынбыз ба?
©А.Ахметқазы
306
оқылды

Елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын салу қарастырылып жатыр. Иммунологтар мен вирусологтар оны жасау­дың аса маңызды екенін айтады. Ревакцинация не үшін қажет? Оны кімдерге салады? Мемлекетке келетін шығын қанша болмақ?

Бүгінде коронавирусқа қарсы екпенің екі компонентін алғаш алғандарға жарты айдан асты. Ендігі жерде вакцинаны әр алты ай сайын және өмір бойы алу керектігі туралы айтыла бастады. Жоғары санатты инфекционист дәрігер, медицина ғылым­дарының кандидаты Сәуле Атығаеваның айтуынша, ревакцинация жас категория­сына қарай әртүрлі уақытта салынуы мүм­кін. Екіншіден, екпенің қайталап салды­ру­дың қажеттілігін ағзадағы антидене санына қарай белгілі болады. Мәселен, антидене саны бірден төмен адамдарға ревакцинация қажет болуы әбден мүмкін.

Ревакцинацияда екпе түрін өзгертуге болады

Вакцина алғаннан кейін алты ай сайын ревакцинация жүргізілуі керек. Бұл жаңа шыққан штамдарға иммунитетті әрдайым көтеріп отыруға мүмкіндік береді. Өйткені қазір коронавирус түсін өзгертіп жатыр, сол үшін жаңа штамдарға ағзаның иммунитетін қалыптастыру үшін ревакцинация жасау­дың маңызы зор. Тіпті, антиденелер болған күннің өзінде өмір бойы ревакцинация жүргізіп отыру қажет болады. Осылай деген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №3 көп­бейінді қалалық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Жа­зира Астаева, егер бірінші және екінші вак­цина «Спутник V» болса, бірақ ревак­ци­нацияны алты айдан асырып қайта сал­дырғанда екпе түрін өзгертуге болатынын айтады. Бірақ бірінші салдырған екпені басқамен ауыстыруға болмайды. Өйткені әр вакцинаның құрамы, жасалу жолы әртүрлі болғандықтан организмге әсер етуі де өзгеше болады. Ал вирусолог-дәрігерлер вакцинаны өмір бойы алу міндетті болатыны туралы тап басып ештеңе айта алмайды. Өйткені ек­пенің үшінші дозасын алу не алмау ту­ралы ортақ пікірге дүниежүзіндегі ғалым­дардың өзі келе алмай отыр. Жартысы екпе вакцинаның үшінші компоненті түрінде егілуі керек десе, тағы бір топ әр адамға ағзасындағы антидене санына қарай вакцина тағайындау керек деген ұстанымды алға тартады.

Антидене саны бес есе көбейген

Еске салсақ, вакцинаның үшінші доза­сын салу туралы мәселені Pfizer және BioNTech компаниялары көтерген еді. Қазір екпенің үшінші дозасын салдыруды қолға алып жатқан елдер де бар. Мәселен, Из­раиль­де 60 жастан асқандарға Pfizer-дің үшінші компоненті салына бастады. Осы елдің премьер-министрі Нафтали Бен­неттің айтуына қарағанда, соңғы бес айда вакцинаның екі компонентін алғандар да тамыздан бастап ревакцинацияға өтініш бере бастапты. Қазірдің өзінде үшінші дозаны салдыруға өз беттерінше келіп жатқандар жетерлік. Pfizer және BioNTech компанияларының өкілдері ревакцинация адам ағзасындағы антидене санын көбейту үшін қажет екенін айтып келеді. Олардың айтуынша,18-55 жастағы адамдарды сынаққа қатыстыру барысында ғалымдар антидене саны бес есе көбейген. Екпені жасап шыққан мамандар үшінші дозаны 6-8 айдың көлемінде салу керегін кеңес етеді. Қазір компания өкілде­рі мен ғалымдар екпенің жаңартылған түрімен жұмыс істеп жатыр.

Үшінші дозаны салдырудың қажеті жоқ

Ал АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы және тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық қадағалау басқармасы COVID-19-ға қарсы вакцинаны толық салдырған адамдарға үшінші дозаны салдырудың қажеті жоғын айтады. Олардың ойынша, алдыңғы сал­дыр­ған екпелер аурудың асқынуы мен өлім жағдайларынан онсыз да қорғай алады. Бірақ басқарма өкілдері алдыңғы екі доза­ның күшін арттыру үшін салдырамын де­гендерге ешқандай қарсылық жоғын жет­кізген. Егер ревакцинацияның қажеттілігі, яғни антидене санын арттыруға көмектесіп жатқаны ғылыми түрде дәлелденсе, үшінші компонентті ойланбай салу мәселесін қарастыратындарын атап өтті. Вакцинаның бустерлік түріне де ға­лымдар сынақ жасап жатыр. Тіпті, бүгіннің өзінде Moderna компаниясы тәжірибе жүргізіп, қатысушыларда иммундық жүйе­нің әлдеқайда жақсарғаны анықталыпты. Бұл туралы компанияның өкілдері жаһанға жар салып та қойған болатын. Тәжірибеге қатысушылар бустерлік компонентті коро­навирусқа қарсы вакцинаның екінші доза­сынан кейін 6-8 ай аралығында салдырып, сынаққа өз еріктерімен қатысқан. Маман­дардың сөзіне сенсек, вакцинаның тағы бір компонентін салғаннан кейін антидене көбейіп, иммундық жауап қалыптасқаннан бөлек, Pfizer және BioNTech-тің үшінші дозасы коронавирус штамдарынан қорғауы мүмкін. Әйтсе де, бұл ақпаратты ғалымдар ғылыми негізде жарияламай отыр.

Аллергиялық реакция болғандар жоқ

Америкалық ғалымдардың мәлімде­уінше, ревакцинация иммунитеті төмен адамдарға, оның ішінде, қандай да бір ағза­сын ауыстырғаннан кейін иммуно­супрес­сорларды қабылдайтындар үшін аса қажет. Джонс Хопкинс атындағы университет мамандары жүргізген тәжірибеге Johnson & Johnson, Moderna немесе Pfizer/BioNTech вакциналарының екі дозасын сал­дырған 30 адам иммуносупрессорларды қабылдаған. Олардың орташа жасы – 57. Зерттеу нәти­жесі көрсеткендей, антидене аз және жет­кілікті болған қатысушылардың иммундық жауабы артыпты. Сондай-ақ қатысушылар арасында вакцинаның үшінші дозасын алғаннан кейін бір апта­дан соң кері әсері туралы айтқандар да болыпты. Дегенмен қарсы реакция жеңіл өткен. Әдеттегідей бірі қолы ауырсын­ғанын, тағы бірі басы ауырғанын айтқан. Бірақ дене қызуы көте­ріліп, аллергиялық реакция болғандар жоқ. Жақында көрші Ресейде де корона­ви­русты қайта вакцинациялау бойынша Ден­саулық сақтау министрі ұсыныс тастаған еді. Министрдің сөзінше, аурудың жоға­рылауы кезінде мұны алты айда бір рет, ты­ныш уақытта – жылына бір рет жасап тұр­са артығы жоқ. «Үндістанның корона­ви­рус штамы жұқпалы. Сол үшін андиде­нелерді көбейту үшін алты ай сайын екпе алу керек. Өйткені статистикалық тұрғыдан адамдардың антиденелерін күн сайын тек­серудің қажеті жоқ. Сол үшін ревак­ци­нация бойынша белгіленген мерзімде әр адам өздері келіп екпе алғаны дұрыс. Ал біздің Денсаулық сақтау министрлігі елімізде қазан айынан бастап ревакцинация жоспарланғанын айтты. Қазір Үкімет бұл процедураның тәсілдерін анықтап жатыр. Ревакцинацияның екі түрі болады. Шұғыл, ұжымдық иммунитетті алу үшін, халықтың 60-70%-ы вакцинациялануы қажет. Екін­шісі, жылына бір рет жасалатын жоспарлы вакцинация. Біздің елде екпе ақпан айынан бастап егіле бастаған болатын. Сондықтан вакцинацияланғандардың негізгі бөлігінде антиденелер әлі де жоғары. Сондықтан ревакцинация екінші дозаны алғаннан бері 9 айдан кейін жоспарланған. Келесі айдан бастап халық жаппай ревакцинация салдыруға келісім берсе, мемлекетке келетін шығын қандай болатынын сұрап білген едік. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл туралы әлі де нақты шешім қарастырылмағанын жеткізді.  

Жадыра МҮСІЛІМ