Оқу жылы басталысымен ата-аналар мен ұстаздар тарапынан түрлі шағым түсіп жатыр. Соның ішінде оқулықтағы қателер әлеуметтік желіде жиі талқыланып жүр. Өз кезегінде құзырлы орган жедел жауап беріп әлек. Бірақ оқулықты сараптамадан өткізетін орталықтың жауабына қанағаттанбайтындар да бар. Осы орайда екі жақтың да уәжін тыңдап, бірсыпырасын жариялауды жөн көрдік.
Кітапта қате көп пе?
Әлқисса, әңгіменің басы әлеуметтік желіде тарап кеткен 4-сыныптың «Орыс тілі», «Математика» оқулығындағы «қателерден» басталады. Қате сөзін тырнақшаға алуға бірнеше себеп бар. Өйткені алғашқы кітаптағы қате түзетілген болса, «Математика» оқулығындағы тапсырма форматын дұрыс дейтіндер кездеседі. Сонымен, «Алматыкітап» баспасы 2019 жылы басып шығарған 4 сыныптың «Орыс тілі» оқулығында «Мемлекеттік Ту авторын Шәкен Ниязбаев» деп көрсеткен. Білім министрлігіне қарасты ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы бұл қатенің әлдеқашан түзетілгенін ескертті. Бірақ кей өңірлердегі, тіпті Алматыдағы кейбір мектептерде аталған басылымның 2019 жылы шығарған оқулығы пайдаланылатыны тағы бар. «Алматыкітап» баспасы 4-сыныптың «Орыс тілі» оқулығындағы қатені бірден түзетуге тырысты. Иә, 2019 жылы басылған нұсқада Ту авторының аты-жөні қате жазылған. Кейіннен баспа кітапты қайта басып шығарып, мектептерге таратып берді. Соның ішінде мектептердің 20-25%-ы түзетілген оқулықты қолына алды. Қазір әлеуметтік желіде аталған қатені көрсетіп, жариялап -жүргендер бұл кітаптың ескі нұсқасы екенін ескерсе дейміз», – деп жауап берді сараптау орталығы. Осы тұста мектептерге оқулық дайындайтын баспалармен жақын танысқымыз келді. Себебі кейбір аймақтағы мектептердің ескі кітаппен оқып жүргеніне кім жауапты екені қызық. Бұл процесті Оқулық орталығы директорының орынбасары Мәншүк Мұқаметқалиқызы түсіндіріп берді. Оның айтуынша, министрлік жыл сайын сараптама қорытындысы негізінде білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынатын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесін әзірлейді. Ол министрліктің бұйрығымен бекітіледі. Бұл бұйрықты 16 өңірдегі Білім басқармалары өздерінің қажеттіліктеріне, контингенттеріне қарай оқулыққа тапсырыс береді. Мысалы, бастауыш сыныпқа арналған оқулықтарды көбінесе «Алматыкітап», «Атамұра», «АрманПВ» баспасы басып шығарады. Жоғары сыныпқа оқулық дайындайтын аталған баспалармен қатар «Мектеп», «Жазушы» және тағы басқа баспалар бар. Негізі, оқулық мәселесіне қатысты белсенді жұмыс істейтін 20 шақты баспа бар екен. Ал 4-сыныптың «Математика» оқулығындағы тапсырмаға келсек, есептің берілгені Ресей рублімен байланысты. Осыдан кейін ата-аналар мен желі қолданушылары «бастауыш сыныптың баласына өзге елдің ақшасы не керек?» немесе «құлдық сана әлі де бар» дейтін пікір жазды. Артынша жауапты орган мұның «Қаржылық сауаттылық» тақырыбына қатысты екенін, оқушыны функционалды сауатты болуға тәрбиелейтін тапсырма екенін мәлімдеді. Дегенмен мәлімдемеден кейін ұстаздар пікірінің екіге жарылғаны тағы бар. Бірі «оқушының өзге ел валюталарымен танысқаны дұрыс» деп уәж айтса, екіншісі «министрлік өкілінің оқулықты ақтауы әлсіз шыққанын» айтады. Мысалы, белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлы оқулықты қарап шыққанын, АҚШ доллары мен Ресей рублі бірнеше тапсырмада берілгенін, еуро тек бір есепте көрсетілгенін атап өтті. «Доллар мен еуро халықаралық дегенімізбен, Ресей рубліне неге басымдық берілген? Шекаралас көршілеріміз қырғыз, өзбек, түрікмен валюталары қайда? Оқушыларға бұл жақсы таныс емес пе?», – деді ол. Одан бөлек, Нұрлан Бектұрған есімді мұғалім 10-сыныптың «Қазақстан тарихы» (авт:Жандосова) оқулығында тас дәуірі кезеңдері хронологиясы дұрыс емесін алға тартты. «Мектеп» баспасынан жарық көрген 8-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығындағы Біріккен сөздер ережесінің 3 тармағын түсінбей дал болып жүрген ұстаздар бар екен. Бастауыш сынып мұғалімдері сөздердің жазылу қағидасының қайсыбіріне жүгінерін білмей жүр. Мәселен, Роза Бекбаева 2-сыныптың «Қазақ тілінде» аяқкиім сөзі мәтінде қосылып жазылғанына тоқталған. «Осыған дейін «аяқ киім» деп бөліп жазатынбыз. Одан кейін -ыншы, -інші орнына сызықша қоятын талаптың қашан өзгеріп кеткенін білмей аң-таңмын. «16 қыркүйек деп жазасыңдар» деп жүр. Дұрысын білетін мамандар болса, ғанибет еді», – дейді ол.Оқулықтар шетелде басылатыны рас па?
Иә, ендігі сұрақ сараптау жайында туары сөзсіз. Өйткені жоғарыдағыдай кереғар пікірлер көбейіп кеткені бар. Айталық, оқулықты сараптап, бекіту процесі бәрімізге қызық. Себебі бұл істің талдау мен талқылаудан тұратыны белгілі. Мәселен, қандай да бір оқулық 4 түрлі сараптаудан өтеді. Орталық өкілінің айтуынша, алдымен ғылыми-педагогикалық сараптамадан өтеді. Егер кітап жаңадан әзірленген болса, оны екінші кезекте сынақ кезеңі күтіп тұр. Нақтырақ айтқанда, Оқулық орталығы жанындағы пилоттық мектептерде жаңа оқулықты сынақтан өткізеді. Одан кейін сынақтан кейінгі сараптама жұмысы бар. Осы үш этаптан өткен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер пәндік сараптамалық комиссияның қаралуына жіберіледі. Нәтижесінде, комиссия сынынан өткен оқулықтарды ғана Білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылатын оқу әдебиеттерінің тізіміне қосады. Алайда орталық директоры орынбасарының айтуынша, кейінгі кезде контрафактілер көбейіп кеткен. «Көбі біле бермейтін мәселе бар: қазір контрафактілік өнімдер көбейіп кетті. Мысалы, өткенде Жезқазғаннан елордаға қатынайтын пойызда болған оқиғаны естідім. Таныстарымның айтуынша, пойызда сырты жасыл түсті «Әліппе» сатқан, бағасы – мың теңге. Соны сатып алған әжелер бар екен. Осы тұста айта кетейін, біз ұсынған «Әліппе» көк түсті, мұқабасы қатты әрі санитарлық нормадан өткен. Ал шағын ИП-лар мен типографиялар кітаптарды алып алады да, басып шығарады. Оның ішіндегі қателерге министрліктің жауап бермейтіні тағы бар. Айта кетерлігі, Қытай бояуымен басылған кітапта химиялық у болады. Министрлік бекіткеннен басқа баспаның өнімдерін сатып аларда сақ болған жөн», – дейді Мәншүк Мұқаметқалиқызы. Орталық өкілі «Қытай бояуы» дей бергенде көкейімізде біраздан бері сайрап жүрген сұрақты қойдық. Себебі біраз жылдан бері «еліміздегі баспалар оқулықты шетелде басып шығаратыны, сондықтан ондағы қатеге ешкімнің пысқырмайтыны» айтылып жүр. Осы тұста Мәншүк Мұқаметқалиқызының айтуынша, оқулықтар елімізде дайындалғанымен, басып шығару жұмысына келгенде шетелдің көмегіне жүгінетініміз рас. Өйткені елімізде үлкен, заманауи жабдығы бар типография «Атамұра» баспасында ғана бар. Қалған баспалар оқулығын Қазақстанда да, шетелде де басады. Мысалы, Ресей мен Түркияда басып шығаратындар бар. Себебі оқулықтар тізбесі бекітілгеннен кейін 16 өңір бірден тапсырыс беруді бастайды. Ал тапсырыс көлемі өте үлкен. Республикадағы оқушы санын ескерсек, 2-3 айда тапсырыс орындау өте үлкен жұмыс. Бірақ ол басып шығару ғана шетелдің құзыретіне кіретінін, оқулықтың мазмұны, дизайны, тағы басқаларына баспа тікелей жауапты екенін атап өтті.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ