Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева спорттық мансабын аяқтады. Денис Теннен кейін ел тарихында аз уақыт ішінде мәнерлеп сырғанаудан тарихи жетістіктерге қол жеткізген 21 жастағы спортшының спорттағы ғұмыры қысқа болды.
Элизабет Instagram-дағы жеке парақшасында мансабын аяқтауға арқасынан алған жарақаты себеп болғанын айтып, алдағы мақсат-жоспарларымен бөлісті.– Құрметті жанкүйерлер, мен кәсіби спортшы ретіндегі карьерамды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл жаңалықты сіздермен бөлісу мен үшін оңайға түспеді. Біраз жылдан бері арқамның ауыратынын көпшілігіңіз жақсы білесіздер. Өкінішке қарай, бұл жарақат толыққанды жаттығу жасауыма кедергі келтіріп жүрді. Спорттағы мансабым аяқталғанымен, өмірімде жаңа кезең басталатын болады. Қазір Қазақстанда жүрмін. Жыл соңына дейін осында балаларға өз білген-түйгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлісемін. Оларға қолдау көрсетемін. Әрдайым еліміздегі мәнерлеп сырғанау спортын дамытуға үлес қосқым келетін. Енді сол мүмкіндікті жүзеге асыратын кез келді, – дейді Тұрсынбаева.Спортшы осы жылдар ішінде өзіне қолдау көрсеткен, материалдық және басқа да көмегін аямаған жандардың барлығына алғысын білдірді. Оның ішінде әкесінің Байтақ Тұрсынбаевтың туып-өскен жері Қызылорда облысының әкімдігіне, Ұлттық олимпиада комитетіне, Мәдениет және спорт министрлігіне рақмет айтты. Сонымен қатар бапкері Этери Тутберидзе мен оның штабындағы мамандардың еңбегін жоғары бағалады.
– Халықаралық аренадағы алғашқы жарысыма 2011 жылы қатыстым. Содан бері 10 жыл өтіпті. 50-ден астам әлемдік деңгейдегі бәсекелерде өнер көрсеттім. Оның ішінде қысқы Азия ойындары, Жасөспірімдер арасындағы олимпиада, Қысқы универсиада, Әлем біріншілігі, олимпиада және басқа да халықаралық турнирлер бар. Осы жарыстардан 39 медаль жеңіп алдым, – дейді қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы.Элизабет Тұрсынбаева бұл спорт түрімен 16 жылдан бері айналысып келді. Осы жылдардың ішінде өзі айтқандай 39 халықаралық доданың жүлдесіне қол жеткізді, оның 17-сі алтын. 2014, 2015 және 2016 жылдары ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды. 2015 жылы жаңа маусымды АҚШ-та бастап, сол елдегі U.S. Classic турниріне қатысып, екінші орын алды. Бұл спортшының ересектер арасындағы алғашқы халықаралық жарысы болатын. Содан кейін Тұрсынбаева түрлі Гран-при кезеңінде, челленджерлерде бақ сынап жүрді. Сәт сайын медаль да еншіледі. Сол жылы алғаш рет Әлем чемпионатына қатысып, 12-орын алды. Элизабет үшін алғашқы үлкен сынақ 2017 жылғы қысқы Азия ойындары болды. Ол бұл жарыста қола медальді қанағат тұтты. 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарында 18 жастағы отандасымыз 12-орыннан көрінді.
– Бізге қолдау білдірген Қызылорда облысы әкімдігіне, Ұлттық олимпиада комитетіне, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ Элизабеттің жоғары табыстарға қол жеткізуіне үлкен үлес қосқан азаматтарға алғысымызды айтқымыз келеді, – дейді спортшының әкесі.Ал спорт журналисі Руслан Меделбек әлеуметтік желідегі жазбасында «Енді Қазақстан біраз жыл мәнерлеп сырғанау жарыстарынан жүлде алмайды-ау. Лизаның орнын басатын спортшы тәрбиелеп үлгермедік. Қазақстанда қысқы спортта бір лидер кетсе, оның орнын басатын ізбасарлар жоқ» деп жазып, Элизабеттің ары қарай жаттықтырушылыққа бет бұрса деген тілегін жеткізді. 2011 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен, талай әлемдік сындарда үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, елдің мәртебесін асқақтатқан Элизабеттің есімі отандық спорт тарихында алтын әріппен жазылары анық. Біз де Төрт құрлық чемпионатында, Азия ойындарында, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында, Халықаралық универсиадада жүлдегерлер қатарынан көрінген спортшымыздың ендігі кезекте жаттықтырушы ретінде өз ізбасарын тәрбиелеп, шәкіртімен олимп шыңын бағындыруын тілейміз.
Абылайхан ЖҰМАШ