Өңірлер көмір тасымалдау жұмысына салғырт қарап жүр – ҚТЖ алаңдаулы
Өңірлер көмір тасымалдау жұмысына салғырт қарап жүр – ҚТЖ алаңдаулы
© ҚТЖ баспасөз қызметі
270
оқылды

Биыл да көмір тапшылығы болуы мүмкін. Оған бірнеше облыстың көмір тасу жоспарын орындамауы себеп. «Қазақстан темір жолы» АҚ хабарлауынша, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстары көмір тиеу жоспарын орындамаған.

Әлеуметтік желі белсендісі Берік Ғабдулиннің болжамынша, биыл да көмір тапшылығынан баға өседі. «Жылда жылыту маусымы қарсаңында көмір тапшылығы байқалады. Сол үшін халық көмір алу үшін кезекте тұруға мәжбүр. Бұл уақытта кен орындарында не болып жатқанын бәрі біледі. Тіпті 2018 жылы сондай кезектердің бірінде дзюдодан Қазақстан чемпионы Жасұлан Әбиев қаза тапты. Қыркүйекте көмір кен орындарында 8,7 млн. тонна көмір тасымалданды. Алайда «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС ай сайын кем дегенде 9 млн. тонна жүк тиелуі керек екенін хабарлады. Сонда ғана күзде де, қыста да көмір тапшылығы мәселесін болдырмауға болады. Қыстың қамын жазда ойлау керек. Жоқ, бірақ бізде бәрі керісінше. Енді сол үшін Үкімет өңірлердің әкімдігін кінәлайды, жергілікті билік күн ерте суып кетті деп сылтау айтады. Екі ортада алыпсатарлар айласын асырып, көмірдің бағасын өсіреді», – деп жазды Берік Ғабдулин. Белсендінің айтуынша, ҚТЖ маусымнан бері өңірлерді көмірді мерзімінде тасуға шақырып келген. Тіпті, ол үшін жедел штаб та құрылған. Алайда, аймақтар билігі көмірді жеткілікті мөлшерде тасып алуға асығар емес екен. Айта кетейік, Қазақстан көмір қоры бойынша көшбасшы елдердің ондығына кіреді. Көмірдің 90%-дан астамы елдің солтүстігінде және орталық бөлігінде орналасқан. Сонымен бірге Жамбыл және Ақтөбе облыстарында шағын кен орындары бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның кен орындары жыл басынан бері шамамен 68 миллион тонна көмір өндірді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда миллион тоннаға аз. Алайда, ведомствоның мәліметінше, елде өндірілген көмір ішкі нарыққа молынан жетеді, тіпті экспортқа да шығаруға мүмкіндік бар. Биыл 19 миллион тонна көмір экспортталды. Оның жартысы Ресейге жіберілген. Ал Қырғызстанға, Өзбекстанға, Украинаға және Беларуське жарты миллион тоннадан сатылған. Еуропаға және басқа да алыс шетелдерге экспортталған көмір сомасы 3,3 миллион тоннадан асты. Еске сала кетейік, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жылда күзде болатын көмір тапшылығы мен бағаның өсуін болдырмау үшін алыпсатарлармен күрес шарасын әзірлеуді тапсырған еді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қыркүйектің басында елдегі көмір бағасы 19 мың теңгеге дейін жететінін хабарлады.