Этносаралық келісім саясаты: бірлігіміз әралуандықта
Этносаралық келісім саясаты: бірлігіміз әралуандықта
344
оқылды

Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институты және Қолданбалы этноcаяси зерттеулер институты «Этносаралық келісім саясаты: бірлігіміз әралуандықта» тақырыбында жалпыреспубликалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Басқосуға мемлекеттік органдар мен қазақстандық ғылыми-талдамалық қауымдастық мүшелері және шетел сарапшылары қатысты. Конференция барысында сарапшылар қауымдастығы ағымдағы үдерістерді, мәдени әралуандықты дамытудағы заманауи трендтерді, пандемияның қоғамдағы құбылыстарға әсерін және интеркультурализм саясатын кеңінен талқылап, ұлт бірлігін одан әрі нығайтуға бағытталған нақты ұсыныстар мен ұсынымдар берді. Шараның ашылу барысында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры, модератор Талғат Қалиев конференцияның «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Қазақстан халқына Жолдауының аясында өтіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ модератор іс-шараның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын ерекше атап өтті. Конференция жұмысын ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ерлан Абдақасов ашты. «Халқымыздың бірлігі – Тәуелсіздігіміздің ажырамас нышаны. Елбасы саясатының арқасында көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан халқы татулық пен келісімде өмір сүру моделін таңдады. Осы саясатты еліміздің Президенті үнемі сабақтастырып келеді», – деп атап өтті. ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин этносаралық қатынастар мәселелері біздің еліміз үшін ең өзекті тақырыптардың бірі екендігіне тоқталды. «Біз республиканың этникалық және мәдени әралуандығын мемлекетіміздің даму әлеуеті мен оның бірегейлігі орнатылған үлкен артықшылық ретінде қабылдауымыз керек. Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен тұрақтылықтың өзіндік моделін бүкіл әлемге табысты таратуда», - деді ол. Конференция барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазіргі қоғамдағы орын алып отырған құндылықтарды атап көрсетті. Оның пікірінше, «Негізгі принциптердің бірі – мемлекеттік тілді меңгеру. Мемлекет басшысы қазақ тілі болашақта ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек деп айтқан болатын. Яғни барлығын біріктіретін тілге айналуы керек. Тіл – қатынас құралы ғана емес, біздің негізгі құндылықтарымыздың бірі». ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, танымал саясаттанушы Айдос Сарым өз сөзінде еліміздегі этносаралық келісім саясатындағы заманауи міндеттерге тоқтала келе, «Бізге бүгін жаңа жауапкершілік қажет. Бастысы – қазақтың ішіндегі бірлік. Біздің, сөзсіз, болмысымызды аяқтайтын үдерістің бірі, ол - 2025 жылдан басталатын латын әрпіне көшу. Менің ойымша, 2025 жыл ішкі саясат үшін үлкен бір межелі, тарихи кезең болатын сияқты, ұлттық бағдарламалардың көбісі сол жылға байланып отыр», - деді. ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының Бас директоры Серік Сейдуманов 2021 жылға арналған қазақстандық қоғамның этносаралық қатынастарына жүргізілген мониторинг елімізде бұл саладағы процестердің конструктивті түрде жүріп жатқанын және этникалық топтар арасындағы толерантты көзқарастың сақталғанын көрсетіп отырғанын айтты. «Қазақстан қоғамының тұрақтылығына әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан теріс әсер ететін бірқатар факторлар бұрынғысынша бар. Этносаралық саладағы шиеленістер бірқатар мәселелерге байланысты көптеген жылдар бойы өзекті болып қалуда: әлеуметтік-экономикалық проблемалар, тіл мәселесі, этникалық репатрианттар мен ішкі көшіп-қонушылардың бейімделуі, билік құрылымдарындағы этникалық топтардың өкілдері». ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина өз баяндамасында Германия, Скандинав, Еуропа елдеріндегі тәжірибемен бөлісіп, жақсы жақтарын біздің елде жүзеге асыру мүмкіндігі бар екенін атап көрсетті. Креативті индустрияның маңыздылығына да тоқталды. Спикердің ойынша, «Қазақстандық тәжірибе өте мол, дегенмен, халықаралық тәсілдерге келетін болсақ, этносаралық келісімді сақтау аясындағы ең үлкен тетік, ол - мәдениет. Екіншісі, ол - әлеуметтік жобалар. Үшіншісі – бизнес тетік және ақпараттық кеңестік». Сонымен қатар конференция барысында шетелдік сарапшылар да аймақтағы және елдеріндегі этносаралық қатынастар мәселелерінің жағдайы туралы өз ойларымен бөлісті. Атап айтар болсақ, Еуразиялық коммуникациялық орталығының директоры Алексей Пилько қазіргі әлемдегі көпұлтты мемлекеттердің даму модельдеріне тоқталып өтті. Сонымен қатар қазіргі әлемдегі көпұлтты мемлекеттер дамудың қандай модельдерін қолданып отырғанын мысалға келтіріп, тілдің, мәдениеттің дамуына үлкен көңіл бөлу керектігін атады. Тілдік, этникалық қарама-қайшылығы жоқ, біртұтас қалыптасқан ұлттың болашағы зор болатынына сенім білдірді. «New Geopolitics Research Network» зерттеу орталығының директоры Михаило Самусь Украинадағы ұлттық тұрақтылық тұжырымдамасына негізделген көпэтносты мультимәдени саяси ұлттың қалыптасуы төңірегінде сөз қозғап, синергия маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, мемлекет пен халық бірдей ойлап, бір арнада болса – даму да болады. «Мен Қазақстанда болған кезде және жобаларға қатысқан кезде, шын мәнінде ұлттық және этносаралық қатар өмір сүру саласында өте тиімді әкімшілік ету жүйесі бар екеніне көз жеткіздім. Ұлттық тұрақтылық – ұлттың өзінің ұлттық мүдделерін іске асырудан бас тартпай, теріс қақтығыстар мен дағдарыстар жағдайында қалпына келе білуі, бейімделуі және оң даму қабілеті». «Қырғызстан – Астана» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов этномәдени бірлестіктердің қазіргі жағдайдағы әлеуметтік жауапкершілігі туралы сөз етті. Сонымен қатар ол 1999 жылы Қазақстан азаматтығын алған қырғыздар саны 10 мың болса, 2021 жылы 40 мыңнан асқанын, яғни 4 есеге өскені туралы дерек келтірді. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова «Қазіргі заманғы Қазақстандағы полимәдениеттілік және бірегейлік» тақырыбында баяндама жасады. – Біздің елде барлық топтар өздерінің этникалық ерекшеліктерін сақтай отырып, сонымен бірге олар мәдениетті, заңдар мен нормаларды, доминантты мәдениеттің ережелерін қабылдайды. Мысалы, біз көріп отырмыз, қазақ тілін меңгерген өзге этностар аз емес, - деді белгілі сарапшы. «Nur Otan» партиясының Қоғамдық саясат институты Саяси талдау бөлімінің жетекшісі Дәурен Базаров этносаралық қатынастар саласындағы қандастар мәселесіне тоқталды: «Қандастар қоныстанған жеріне қарамастан, тарихи отанына оралғаннан кейін институционалдық мәселелерге тап болады. Бұл қандастарды қолдау және тез бейімдеу бойынша жаңа іс-шараларды жүзеге асыруды талап етеді. Олар кешенді реттеліп, жетілдіріліп отыруы тиіс», - деді. Жалпыреспубликалық конференцияның жұмысын «Nur Otan» партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры, іс-шараның со-модераторы Мәдина Нұрғалиева қорытындылады. Бұл конференция алдағы кездесулердің үлкен циклын ашатынын тілге тиек етіп, елімізде ұлтаралық келісім саясатын құру және нығайту әрқашан маңызды құндылық болып қалатынына сенім білдірді.