«Көбіне-көп қару-жарақ, әрине, Ресейден жөнелтіледі. Көршілес елде оқсыздандырылған қару-жарақ дайындайтын зауыттар жетіп-артылады. Мұндай қару оқу-жаттығу құралы немесе коллекциялық өнім не жай ғана макет деп танылады, яғни қару-жарақ ретінде бағаланбайды. Сондықтан да оны дайындау, сақтау, өткізу заңға қайшы емес. Алайда, админдердің де, топтың мүшелерінің де бүркеме атпен отыратыны түрлі ойға жетелейтінін жасырмаймын. Бірақ сосын өз басым мұны арам пиғылмен емес, киноөндірісте қолдану үшін сатып алатынымды айтып өз-өзіме басу айтамын».
Бұл өзі қару емес, жай ғана макет болса, интернет арқылы көршілес елден алдыртатын неғылған дүние дерсіз. Бұл сұрақ мені де мазаламай қоймады. Бас қала мен Алматыдағы қару-жарақ сататын дүкендерге хабарласып көрдім. Олардың ешқайсысында оқсыздандырылған қару сатылмайтын болып шықты. Ал аңшылыққа, өз-өзіңізді қорғау мақсатындағы немесе оқу-жаттығуға арналған макеттерді іздесеңіз, азаматтық қару-жарақтың барлығын дерлік таба аласыз. Бағасына келер болсақ, калибрі 4,5 мм Макаров пневматикалық тапаншасы 50 мың теңгеден, аңшылыққа арнап өзгертілген автоматтар 250 мың теңгеден басталады. Ал Арман Болатов тапсырыс беріп алдыртатын көлеңкелі нарықтағы бағалар мынадай екен.
«Макаров тапаншасы, мысалы 100 000 —130 000 теңге болады. АКС-74У деп аталып кеткен полицей автоматын 300 000— 500 000 теңгеге сатып алуға болады. Ал дәл осы қару-жараққа арналған оқ-дәрінің бір данасы 300—500 теңге тұрады», — дейді ол.
Арманның айтуынша, мұны көлеңкелі не қара нарық деуге де келмейді. Себебі оқсыздандырылған қару атыс қаруы болып есептелмейді. Ол жай макет саналады, макет ретінде рәсімделеді. Қазақстанға Ресеймен шектесетін қалалар арқылы келеді. Десе де тәуекел жоқ емес. Мәселен, егер жеке тұлға қару-жарақты өз көлігімен барып сатып алып, шекарадан өтетін болса, мәселесі майшаммен қаралуы мүмкін. Ал егер логистикалық компаниялар арқылы тапсырыс берсе, келеңсіз жайды айналып өтуі бек мүмкін. Демек, бұл — еліміздегі қару-жараққа қатысты заңда тиісті тетіктердің қарастырылмауына байланысты болып жатқан дүние.
«Менде Макаров тапаншасы мен Калашников автоматының бірнешеуі бар. Оның бәрі оқсыздандырылған. Кино өндірісінде қолдануға қажет болған соң сатып алдым. Қазақстанда оқсыздандырылған қару-жарақ шығармайтыны белгілі. Ресейде мұндай қару-жарақты шығару және сатуға заңмен тыйым салынбаған. Сондықтан онлайн қызмет түрлері арқылы іздестіріп, тапсырыс бердім. Негізі оқсыздандырылған қару атыстың дыбысын имитациялайтын және жарықпен белгі беретін ойын қаруы саналады. Алайда арам пиғылды адамдардың оны өзгертіп, атыс қаруына айналдырып алатын жағдайлар кездесіп жатқаны мәлім», — дейді Арман Болатов.