Енді «Кинематография туралы» заңға өзгеріс енгізілмек. Бұдан былай түпнұсқаны міндетті түрде қазақ тілінде дубляждау талабы қойылады. Мәдениет және спорт министрлігі «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыру мақсатында «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Бұл түзетулер міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасын талап етуге бағытталады. Дұрыс-ақ делік. Бұған дейін титрде қателіктер көп кететін еді. Дубляж саласында мұндай олқылықтар қайталанбай ма? Мәселе – осында.
Заң жобасына түзетулер сөздердің орфографиялық нормалары мен тәртібінің сақталуын, олардың дұрыс құрастырылуы мен айтылуын қамтамасыз ету үшін тиісті нормалар қабылданды. «Қазір мүдделі органдар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен және кинематография қайраткерлерінен жасақталған жұмыс тобы құрылды. Бүгінде жұмыс тобы 10-нан астам отырыс өткізді. Онда кинематографияның кинокомиссияларды құру тетігі, фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бөлігіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Орындалуы алдағы уақытта да жобалық кеңсе арқылы қадағаланады. Айта кетейік, бүгінде қазақ тіліндегі 35-тен астам фильм прокатқа шығып, демеушілер 1,4 миллиард теңге бөлді. Заң жобасы Үкіметте биыл қазан айында қаралады. Содан кейін ол желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына жіберіледі. «Жол картасына сәйкес, 2022 жылы заңды қабылдау жоспарланып отыр», – дейді Мәдениет министрлігі.Міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасын талап ету – дұрыс. Бұған дейін елімізде түсірілген фильмдердің дені орыс тілінде дайындалып, соңынан қазақшаға дубляж жасалатын. Өйткені кеңестік кезеңдегі талап сондай болды. Бертінге дейін бұл үрдіс жоғалған жоқ. Ал жаңа заң бұл олқылықтардың орнын толтырады деген ойымыз бар. Заңдағы өзгерістер мен толықтырулар 2022 жылы қабылданады деп жоспарланған. Демек, келешекте кинотеатрлар фильмдерді қазақ тілінде көрсете бастайды деген сөз. Алайда бізді ойландыратын дүние – фильмдердің қазақ тіліне аударылуы мен дубляждың сапасы. Рас, бұған дейін субтитрмен берілгенінің өзіне разы кейіп танытып келдік. Бірақ субтитр дегеніміздің өзі – қазақтілді көрерменді алдарқату ғана болды. Оның үстіне, кинодағы субтитр де сын көтермейді. Мұны тіл мамандары ғана емес, қарапайым көрерменнің де өзі де жиі аңғаратын. Техникалық және грамматикалық қателіктер көп болды.
Аударма саласын дамыту қажет
Сондықтан дубляжды міндеттеу жайлы заң жобасы қазақ тілінде контентті көбейтуге үлес қосатыны анық. Әрине, сапасы жоғары болса ғана. Ол үшін аударма саласын дамыту да қажет. Қазір бізде кәсіби аудармашыдан гөрі әуесқой аудармашылар өте көп. Кейде тілдік нормалардың бірізге түспей жатуының бір себебі осында жатса керек. Әр аудармашы фильмді өз «тілінде» аударады. Оның көркемдік деңгейі, сапасы, мағыналық жағынан ауытқымауы басты назарда болуы тиіс. Аударма демекші, осындайда көрнекті драматург, жазушы Қалтай Мұхамеджановтың: «Аударманы суреткер жасаса, тілдің баюына, ал, халтурщик жасаса, тілді жұтаңдатуға барынша қатты ықпал етеді. Мен кейбір аудармаларды оқи алмаймын. Бұрын Тайшықовтың аудармасын жақсы оқитынмын. Ертеректе аударылған «Қазына аралы», «Құрыш қалай шынықты?» секілді кітаптарды жата-жастана оқыған кездерім есімде. Оларды аударушылардың, біріншіден, гимназиялық білімі бар болатын. Екіншіден, олар қазақтың тілінің иісі бұзылмаған кезінде аударылған. Кейінгі аудармалардың көбін оқи алмаймын. Өйткені оларды жаңағы өзің айтқан халтурщик-журналистер, тілі жұтаңдар аударады» деген сөзі еске түседі еріксіз. Сол секілді фильмдерді де білікті аудармашы аударғаны дұрыс. Әйтпесе, тіл жұтаңданып, сапасы кеми береді. Тағы бір проблема – балалар көп көретін хостингтер тілі. Қазір бала біткен Youtube платформасында отыр. Ондағы миллиондаған видеоны қазақша аударып отыру мүмкін емес. Ол үшін қызықты шағын видеоларды қазақ тілінде түсіріп үйренуіміз қажет. Өйткені бала видеоны қай тілде көрсе, сол тілде қабылдайды. Әрі тілі де сол тілде шығады.Жазушы Смағұл Елубай: «Осы желтоқсан айында заң Парламентке барады. Жаңа заң қабылданады. Қазірдің өзінде бұл қолға алынып жатқан нәрсе. Мәдениет министрлігі түпнұсқаның бәрін қазақ тіліне аударып, дубляждау мәселесін айтып жатыр. Заң шықсын-шықпасын, министрліктің қолында біраз билік бар. Фильм қазақ тілінде келмесе, лицензия бермейді. Сосын дистрибьютерлердің өздері-ақ қазақша аударуға мүдделі болады. Бұған дейін субтитрмен берілу мәселесі айтылып келді. Бірақ одан оң нәтиже шықпады. Субтитрлердің көбі сын көтерген жоқ. Бұл – дұрыс қадам. Кино қай тілде сөйлесе, халық сол тілде сөйлейді. Өйткені киноның көрермені өте көп. Тіпті, фильм неге қазақша берілмейді деп айтудың өзі ұят. Бүкіл жастарды, тіпті балаларды тәрбиелеп отырған – экран. 16 мен 25-тің арасындағы жастардың дені кинотеатрға барады. Киноны қазақшаламай, тілді реттеу мүмкін емес. Кеңестік заманда қазақтар түсірген фильмдердің өзі дубляждалатын еді ғой. Оның шет жағасын өзіміз көзбен көрдік», – дейді.
Дубляждағы олқылықтар түзелсе…
Қаламгер дубляждағы кемшіліктерді де түзету керек деп санайды. Ол жаңа заң қабылданып, жолға қойылса, аударма саласы да түзеледі деп отыр. Яғни, барлық мәселе жауапкершілікте. Мамандар дубляж саласына сүйіспеншілікпен қараса, онда сынға ұшырамайды. «Қазақ тіліндегі фильмдерге көрермен бармайды» деген пікір көп айтылады. «Ұсыныс жоқ» дейді. Бұл – дұрыс емес. Қазақша фильмге әрқашан сұраныс бар.«Кино туралы заңға түзетулер енгізілгені дұрыс. Бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, сұранысты көбейтеді», – дейді режиссер Рүстем Әбдіраш.Мамандар фильм мен балалар киносының қазақ тілінде сөйлеуі – олардың тілге деген көзқарасын өзгертетініне сенімді.
«Бұл заңды енгізу туралы ұсыныс өте жақсы деп есептеймін. Әр ел үлкен экранға шығатын кинотуындыларды өз тіліне аударып, дубляж жасайды. Мысалы, Ресей, Қытай, Франция, Жапония тағы басқа елдер, дубляждалған нұсқасы толық жоғары сапамен орындалмағанша экранға бермейді, тіпті тұсаукесер датасын кешіктіру де мүмкін», – дейді Ұлттық арнаның диструбиция және сатып алу бөлімінің басшысы Жахина Сәнгерім.Сонымен қатар ол бұған дейін кинотеатрларда өтіп жүрген фильмдерге қазақ тілінде титр қосып беретінін, бірақ ол жұмыс мінсіз өтті деп айтуға болмайтынын, жеткілікті қателер кетіп, көрермен жағынан наразылық тудырғанын да айтты.
«Дубляжға келетін болсақ, ол – үлкен жұмыс, бір фильмнің артында кемінде 35 адамның еңбегі бар, ал алып студиялардың фильмдеріне келсек, бұл сан екі есе өседі, себебі олар сапаны бақылау мақсатында аударманы, актерлердің дауысын, музыканы, өлеңді қалай орындағандарын бекітеді. Сондықтан, бұл заңды жүзеге асыру және орындау барысында бірнеше мәселе туындауы мүмкін, яғни аудармашылар, театр актерлерінің, дыбыс режиссерлерінің тапшылығы болуы мүмкін, бірақ бұл, даусыз, қазақ тіліне дубляждау сапасын арттырады, білікті мамандарды біріктіреді және қазіргі түйткілерді шешудің жолы екені анық», – дейді Жахина Сәнгерім.Кино тілі ретінде кенже қалып қойған қазақ тілінің мәртебесін арттыратын уақыт жетті. «Баламды Youtube тәрбиелеп жатыр» дейтін ата-аналар көбейді. Сондықтан бұл тұста экранның міндеті мен мазмұнын ерекшелей алсақ, бұған да жауап табар едік. Ендеше «ел боламыз десек, экранымызды түзейік!»
Айым БЕКТҰР