Кино қазақша сөйлемек...

Кино қазақша сөйлемек...

Енді «Кинематография туралы» заңға өзгеріс енгізілмек. Бұдан былай түпнұсқаны міндетті түрде қазақ тілінде дубляждау талабы қойылады. Мәдениет және спорт ми­нистрлігі «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол кар­тасын іске асыру мақсатында «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізуді жос­парлап отыр. Бұл түзетулер міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түп­нұсқасын талап етуге бағытталады. Дұрыс-ақ делік. Бұған дейін титрде қателіктер көп кететін еді. Дубляж саласында мұндай олқылықтар қайталанбай ма? Мәселе – осында.

Заң жобасына түзетулер сөз­дердің орфографиялық нормалары мен тәртібінің сақталуын, олардың дұрыс құрастырылуы мен айты­луын қамтамасыз ету үшін тиісті нормалар қабылданды. «Қазір мүд­делі органдар, қоғамдық ұйым­дар өкілдерінен және кинема­то­графия қайраткерлерінен жасақ­талған жұмыс тобы құрылды. Бү­гінде жұмыс тобы 10-нан астам оты­рыс өткізді. Онда кине­ма­то­графияның кинокомиссияларды құру тетігі, фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бөлігіндегі өзекті мә­селелер талқыланды. Орындалуы алдағы уақытта да жобалық кеңсе арқылы қадағаланады. Айта ке­тейік, бүгінде қазақ тіліндегі 35-тен астам фильм прокатқа шығып, демеушілер 1,4 миллиард теңге бөлді. Заң жобасы Үкіметте биыл қазан айында қаралады. Содан кейін ол желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына жіберіледі. «Жол картасына сәйкес, 2022 жылы заңды қабылдау жоспар­ланып отыр», – дейді Мәдениет министрлігі.
Міндетті дубляж немесе фильм­­нің қазақ тіліндегі түпнұс­қасын та­лап ету – дұрыс. Бұған дейін елі­мізде түсірілген фильм­дердің дені орыс тілінде дайын­далып, соңынан қазақшаға дубляж жасалатын. Өйткені кеңестік ке­зеңдегі талап сондай болды. Бер­тінге дейін бұл үрдіс жоғалған жоқ. Ал жаңа заң бұл олқылықтардың орнын толтырады деген ойымыз бар. Заңдағы өзгерістер мен то­лықтырулар 2022 жылы қабылда­нады деп жоспарланған. Демек, келешекте кинотеатрлар фильм­дерді қазақ тілінде көрсете бас­тайды деген сөз. Алайда бізді ой­ландыратын дүние – фильмдердің қазақ тіліне аударылуы мен дуб­ляждың сапасы. Рас, бұған дейін субтитрмен берілгенінің өзіне разы кейіп танытып келдік. Бірақ суб­титр дегеніміздің өзі – қазақ­тілді көрерменді алдарқату ғана болды. Оның үстіне, кинодағы суб­титр де сын көтермейді. Мұны тіл маман­дары ғана емес, қара­пайым көрер­меннің де өзі де жиі аңғаратын. Техникалық және грам­матикалық қателіктер көп болды.

 Аударма саласын дамыту қажет

Сондықтан дубляжды міндет­теу жайлы заң жобасы қазақ тілінде контентті көбейтуге үлес қосатыны анық. Әрине, сапасы жоғары болса ғана. Ол үшін аударма саласын да­мыту да қажет. Қазір бізде кәсіби аудармашыдан гөрі әуесқой аудар­машылар өте көп. Кейде тілдік нор­малардың бірізге түспей жа­туы­ның бір себебі осында жатса керек. Әр аудармашы фильмді өз «тілінде» аударады. Оның көр­кемдік деңгейі, сапасы, мағыналық жағынан ауытқымауы басты на­зарда болуы тиіс. Аударма демекші, осындайда көрнекті драматург, жазушы Қал­тай Мұхамеджановтың: «Аудар­маны суреткер жасаса, тілдің баюына, ал, халтурщик жасаса, тілді жұтаңдатуға барынша қатты ықпал етеді. Мен кейбір аудар­ма­ларды оқи алмаймын. Бұрын Тайшықовтың аудармасын жақсы оқитынмын. Ертеректе аударылған «Қазына аралы», «Құрыш қалай шынықты?» секілді кітаптарды жата-жастана оқыған кездерім есімде. Оларды аударушылардың, біріншіден, гимназиялық білімі бар болатын. Екіншіден, олар қазақтың тілінің иісі бұзылмаған кезінде аударылған. Кейінгі ау­дармалардың көбін оқи алмаймын. Өйткені оларды жаңағы өзің айт­қан халтурщик-журналистер, тілі жұтаңдар аударады» деген сөзі еске түседі еріксіз. Сол секілді фильм­дерді де білікті аудармашы аудар­ғаны дұрыс. Әйтпесе, тіл жұтаң­данып, сапасы кеми береді. Тағы бір проблема – балалар көп көретін хостингтер тілі. Қазір бала біткен Youtube платформа­сында отыр. Ондағы миллиондаған видеоны қазақша аударып отыру мүмкін емес. Ол үшін қызықты шағын видеоларды қазақ тілінде түсіріп үйренуіміз қажет. Өйткені бала видеоны қай тілде көрсе, сол тілде қабылдайды. Әрі тілі де сол тілде шығады.
Жазушы Смағұл Елубай: «Осы желтоқсан айында заң Парла­ментке барады. Жаңа заң қабыл­данады. Қазірдің өзінде бұл қолға алынып жатқан нәрсе. Мәдениет министрлігі түпнұсқаның бәрін қазақ тіліне аударып, дубляждау мәселесін айтып жатыр. Заң шық­сын-шықпасын, министрліктің қолында біраз билік бар. Фильм қазақ тілінде келмесе, лицензия бермейді. Сосын дистрибьютер­лердің өздері-ақ қазақша аударуға мүдделі болады. Бұған дейін суб­титрмен берілу мәселесі айтылып келді. Бірақ одан оң нәтиже шықпады. Субтитрлердің көбі сын көтерген жоқ. Бұл – дұрыс қадам. Кино қай тілде сөйлесе, халық сол тілде сөйлейді. Өйткені киноның көрермені өте көп. Тіпті, фильм неге қазақша берілмейді деп ай­тудың өзі ұят. Бүкіл жастарды, тіпті балаларды тәрбиелеп отырған – экран. 16 мен 25-тің арасындағы жастардың дені кинотеатрға ба­рады. Киноны қазақшаламай, тілді реттеу мүмкін емес. Кеңестік за­манда қазақтар түсірген фильм­дердің өзі дубляждалатын еді ғой. Оның шет жағасын өзіміз көзбен көрдік», – дейді.

Дубляждағы олқылықтар түзелсе…

Қаламгер дубляждағы кемші­ліктерді де түзету керек деп са­найды. Ол жаңа заң қабылданып, жолға қойылса, аударма саласы да түзеледі деп отыр. Яғни, барлық мәселе жауапкершілікте. Маман­дар дубляж саласына сүйіспен­шілікпен қараса, онда сынға ұшы­рамайды. «Қазақ тіліндегі фильм­дерге көрермен бармайды» деген пікір көп айтылады. «Ұсыныс жоқ» дейді. Бұл – дұрыс емес. Қазақша фильмге әрқашан сұраныс бар.
«Кино туралы заңға түзетулер енгізілгені дұрыс. Бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, сұ­ранысты көбейтеді», – дейді ре­жиссер Рүстем Әбдіраш.
Мамандар фильм мен бала­лар киносының қазақ тілінде сөй­леуі – олардың тілге деген көз­қа­расын өзгертетініне сенімді.
«Бұл заңды енгізу туралы ұсы­ныс өте жақсы деп есептеймін. Әр ел үлкен экранға шығатын ки­нотуындыларды өз тіліне аударып, дубляж жасайды. Мысалы, Ресей, Қытай, Франция, Жапония тағы басқа елдер, дубляждалған нұсқасы толық жоғары сапамен орын­дал­мағанша экранға бермейді, тіпті тұсаукесер датасын кешіктіру де мүмкін», – дейді Ұлттық арна­ның диструбиция және сатып алу бө­лімінің басшысы Жахина Сәнгерім.
Сонымен қатар ол бұған дейін кинотеатрларда өтіп жүрген фильм­дерге қазақ тілінде титр қосып беретінін, бірақ ол жұмыс мінсіз өтті деп айтуға болмай­тынын, жеткілікті қателер кетіп, көрермен жағынан наразылық тудырғанын да айтты.
«Дубляжға келетін болсақ, ол – үлкен жұмыс, бір фильмнің ар­тында кемінде 35 адамның еңбегі бар, ал алып студиялардың фильм­деріне келсек, бұл сан екі есе өседі, себебі олар сапаны бақылау мақ­сатында аударманы, актерлердің дауысын, музыканы, өлеңді қалай орындағандарын бекітеді. Сондықтан, бұл заңды жүзеге асыру және орындау барысында бірнеше мәселе туындауы мүмкін, яғни аудармашылар, театр ак­терлерінің, дыбыс режиссер­ле­рі­нің тапшылығы болуы мүмкін, бі­рақ бұл, даусыз, қазақ тіліне дуб­ляждау сапасын арттырады, білікті ма­мандарды біріктіреді және қазіргі түйткілерді шешу­дің жолы екені анық», – дейді Жа­хина Сәнгерім.
Кино тілі ретінде кенже қалып қойған қазақ тілінің мәртебесін арттыратын уақыт жетті. «Баламды Youtube тәрбиелеп жатыр» дейтін ата-аналар көбейді. Сондықтан бұл тұста экранның міндеті мен мазмұнын ерекшелей алсақ, бұған да жауап табар едік. Ендеше «ел боламыз десек, экранымызды түзейік!»

Айым БЕКТҰР