Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты ғұламалар кеңесі, сондай-ақ, "Форекс" нарығында сауда жасап, табыс табуға тыйым салды. Ғалымдар ұтыс ойындарында шариғат бекіткен шарттар толық орындалмайтынын айтып отыр, – деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Шариғат негіздеріне сүйенген ғалымдар соңғы кездері қоғамды толғандырған түйткілді мәселелерді талқылап, бірқатар жаңа пәтуа шығарды. Мысалы, көптеген жастарды "онлайн неке қию" мәселесі қызықтырған. Дін қызметкерлері күйеу жігіт пен қалыңдық және куәгерлер бір жерде отырмаса немесе сөйлеген сөздері естілмесе неке қиюға рұқсат жоқ деп шешкен. Бірақ белгілі бір себептермен неке қиятын имам басқа жерде ал, қалғандары бір шаңырақ астында болса рұқсат етіледі екен. Ал "Гив" ойнатқанда парақшаға тіркелушілер тарапынан кіру жарнасы алынса не бір затты сатып алу шарты қойылса, конкурсқа қатысуға болмайды. Яғни, тыйым салынып отыр. Егер тіркелушілерден жарна алынбай, ұтыс демеушілер тарапынан қойылса қатысуға рұқсат.
Әлеуметтік желіде бірнеше рет "Гив" ұйымдастырған Ақмарал Елшінбай көп жағдайда ойынға тігілген ұтыстар демеушілер жағынан болатынын айтады. Тиісінше, ғалымдар айтқан ереже де бұзылмайды екен.
"Қатысатын қарапайым халықтан ешқандай ақша алмаймыз. Олардан тек қана өзімізден және демеушілерден болатын қаражатқа сыйлығымызды аламыз да сол сыйлықты тегін таратып беретін боламыз", – дейді блогер Ақмарал Елшін.Кеңесте қаралған тағы бір мәселе – тұрмыс құрған әйелдің тегін ауыстыруы. Ғалымдар талқылай келе "әркім өз әкесінің атымен аталуы керек. Әкесінің атын өзгерту харам" деп үкім шығарыпты. Әрі тұрмысқа шыққан әйел де өз тегінде қалғаны дұрыс, ал жарының тегіне өту-өтпеуі өз еркінде. Бірақ, ер адамға зайыбын тегіне өтуге міндеттеуге болмайды. Сондай-ақ, заман талабына сай ғылым мен технологияны пайдалана отырып жаңбыр жаудыру – шариғатқа қайшы емес деп танылған.
"Бастысы қоршаған ортаға зияны келмесе болғаны", – дейді кеңес мүшелері.Дін қызметкерлері жерленген мәйітті ешбір себепсіз қайта қазып алып, екінші бір жерге көшіріп жерлеуге шариғат тыйым салады деді. Ал марқұмның зиратынан топырақ алып, басқа жерге апарып қабір жасау дұрыс емес. Себебі, ол қабір болып саналмайды. Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: