Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру аясында, сондай-ақ Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы шеңберінде бүгін Jas Otan Жастар қанаты мен Street Workout федерациясы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Аталған меморандумға қол қою бұқаралық спортты дамытуға жаңа серпін береді. Құжат – шеберлік сабақтарын, оқыту жаттығуларын және воркаутерлер арасында жарыс өткізу мүмкіндігін қарастырады.
Айта кету керек, 2016 жылы «Саламатты ұрпақ» партиялық жобасы аясында Жастар қанаты мен федерация еліміздің бірқатар өңірлерінде Street workout спорт алаңдарын салу мәселесін шешкен болатын. Бүгінгі таңда 80-ге жуық спорт алаңдары салынды. Осының арқасында Қазақстан Street workout танымалдылығының ең жоғары өсу қарқыны бар елдердің үштігіне кірді.
Төрағаның орынбасары Асылжан Бүркіталин атап өткендей: «Осы меморандум нәтижелерінің бірі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Дені сау ұрпақ» жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, орынбасардың айтуынша, осы жоба аясында жастар арасында Street workout бағытында өңірлік турнирлер, фестивальдер мен мастер-класстар, сондай-ақ Jas Otan Жастар қанатының кубогына арналған республикалық турнир өткізу жоспарлануда.
Өз кезегінде Қазақстандық Street Workout федерациясының президенті Ғабдолла Дүйсенбаев жыл сайын олардың қатарын өз денсаулығына бей-жай қарамайтын мыңдаған адамдар толықтыратынын атап өтті. Жастардың көбі воркаут бағытын таңдай бастаған.
«Спортпен шұғылдану, әсіресе қазіргі қоғамда өзекті. Зиянды әдеттерден аулақ болуға, ауруды азайтуға септігін тигізеді. Қазіргі уақытта кез келген мемлекеттің бұқаралық спортты дамытудағы басты міндеттерінің бірі – оны халық арасында тарату, және оны барлық жастағы адамдар үшін қолжетімді ету», – деді Ғабдолла Дүйсенбаев.
Жалпы, Қазақстанда бұқаралық спорт түрлері жоспарлы түрде дамуда. Олардың арасында спорттың жаңа түрі — Street Workout ерекше танымалдылыққа ие болып отырғаны қуантады. Көше спорты салауатты өмір салтын ұнататын жүздеген жасты тартады. Өйткені бүгінде тұрғын үйлердің ауласында осы спорт түрімен айналысуға арналған спорттық жабдықтар мен алаңдар орнатылған.