Қазақстанда вакцина алған 482 адам коронавирустан қайтыс болды
Қазақстанда вакцина алған 482 адам коронавирустан қайтыс болды
pnp.ru
Елімізде 1 ақпаннан бері COVID-19-ға қарсы екпе алған 482 адам коронавирустан көз жұмды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкіметте өткен брифингте мәлім етті, — деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ақпан айының 1-нен тамыздың соңына дейінгі жағдай бойынша коронавирусқа қарсы вакцина алған 482 адам қайтыс болды. Бұл коронавирустан көз жұмғандар үлесінің шамамен бес пайызын құрайды. Инфекциядан қайтыс болғандардың басым бөлігі – вакцина алмағандар», — деді Цой үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетерлігі осыған дейін вице-министр Ажар Ғиният 1 ақпаннан 31 шілдеге дейінгі аралықта 115 вакциналанған адам қайтыс болғанын мәлімдеген еді. БАҚ өкілдері бір ай ішінде 367 адам көз жұмғаны туралы сұрағанда, министр бұл мәлімет ақпаннан тамыз айын қоса алғандағы статистика екенін атап өтті.
«482 адамның бәрі – толық екпе алғандар. Сіздер білесіздер, шілде-тамыз аралығында науқастар қатары күрт өсіп, қайтыс болғандар саны артты. Сондықтан айырмашылық бар. Дегенмен коронавирустан қайтыс болғандардың басым бөлігі екпе алмағандар екенін байқап отырмыз», — деді Цой.